– Өмірбаяныңызға көз жүгіртсек, сіздің бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан екендігіңізді аңғарамыз. Әр баланың тұлға болып қалыптасуы үшін олардың бойына алдымен қандай қасиеттерді сіңірген абзал?
– Адамдық борыш деген тіркес бар. Ол – адам бойынан табылатын рухани байлық, адами құндылық. Адамның адам болып қалыптасуы отбасында алған тәрбиесі мен жақсы ұстазынан. Сондықтан отбасын тәрбиенің алтын кілті дер едім.
Жақсы ұстаз ғана болашағы баянды ұрпақ қалыптастырады. Осындай ұстаздан тәлім алған өреннен әкім, ғалым, дарын бәрі-бәрі тарайды. Адамзат баласы ұстазы салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басады. Сол үшін де дана халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаса керек.
Ұстаз – білім беруші ғана емес, сонымен бірге оқушыны болашақ өмірге бағыттаушы. Әрбір жасөспірімнің тұлға болып қалыптасуы үшін біліммен қоса жақсы тәрбие қажет. Қоғамның дамуында білімді және тәрбиелі ұрпақтың алар орны бөлек. Өйткені жастар – қоғам дамуының локомативі, қозғаушы күші. Елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы білімді де тәрбиелі жастарға тікелей байланысты. Жаңа технологияны тізгіндеу үшін де білім керек. Ал сол білімді дұрыс бағытқа жұмылдыру үшін тәрбие қажет.
– Ұстаз ең қадірлі адам еді. Қазіргі балалар мұғалімдерін сыйламайтын сыңайлы. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ұстаз болу – жүрек қалауы. Біреудің баласына өз сәбиіңдей жанашыр болу нағыз ұстаздың қолынан келетін шаруа. Менің тәлімімді көрген шәкірттерім бүгінде еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етуде. Бұдан асқан бақыт бар ма? Ғылым докторы атанған Жансая Темірболатова есімді оқушыммен мақтанамын.
Мен 1972 жылы аудандық мәслихаттың депутаты болдым. Халық қалаулысы бола жүріп тілімізге, ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелерді батыл көтеруге тырыстым. Бес бала тәрбиелеп өсірдім. Қазақтың қызы болу жауапкершілік дер едім. Мен бұл жауапкершіліктің қаншалықты ауыр болғанын жұбайым дүниеден озып, шиеттей бала-шағаны асырау міндеті жалғыз өзіме жүктелген шақта сезінгендей болдым. Қандай қиын сәтте де абыройлы ана, намысты әйел, елжанды тұлға қалпыңды сақтап қалуың керек.
2020 жылы «Ұстаз бақыты» деп аталатын кітабым жарық көрді. Сол туындымда: «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» деген сөз бар. Озық ойлы шәкірттерім жиі хабарласып, хал-жағдайымды біліп тұрады. Көшеде сол балалардың ата-аналары жолыға қалса иіліп сәлем беріп, «Баламның табысы – сіздің еңбегіңіздің нәтижесі» деп алғысын жаудырып жатады.
«Кешірімді кісі ғана ірі адамға айналады», – дейді халық мақалында. Менің өмірлік ұстанымым осы. Өз басым ешкімге ренжімеймін, өкпелеген жерім болса «назданғаным деп ұқ» деймін. Саламатты өмір салтын нық ұстанамын. Таңмен таласып фитнес залына барып, суда жүзіп, жаттығулар жасаймын.
– «Ел аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының белді өкілі ретінде қыз-келіншектерге өнеге болатын істердің басы-қасынан табылып жүрсіз. Ұйымның жұмысы туралы айтып беріңізші.
– «Ел аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі қазақ аналарына отбасы, бала тәрбиесінде тілімізді, ділімізді, ұстанған дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыздың озығын насихаттап, үйрету, тәлім-тәрбиенің өзегі ету мақсатында құрылған. Жобаның негізін қалаушы – белгілі продюсер, көпбалалы ана Айнұр Жүгінісова. Ұйым 3 жылдан астам уақыттан бері жұмысын табысты атқарып келеді.
Еліміздің әр өңірінде өз жұмысын ерекше қарқынмен жүргізіп келе жатқан ұйымның қатарында 16 жастағы бойжеткеннен бастап, 85 жасқа келген абыз әжелерімізге дейін бар. Республика бойынша 21 өңірлік филиал жұмыс істеп тұр, ал бір мен аудандарын қоса алғанда 130-дан астам филиал бар.
Қоғамдық бірлестіктің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалындағы 35 ана «Жасөспірім қыздар», «Келіндер мектебі», «Енелер мектебі», «Жас отбасылар мен ата-ана мектебі», «Әжелер мектебі» деп аталатын 5 бағыт бойынша жұмыс істейді.
Ұйымның ашылғанына бір жылдан асты, атқарған жұмысымыз аз емес. Біз Әлихан Бөкейхан, Әл-Фараби, Сафуан Шаймерденов атындағы білім ошақтарымен тығыз байланыс орнаттық. Түрлі жобаларды ақылдасып, кеңесіп жүзеге асыратын кеңсеміз бар. «Аяулы әже», «Ақ орамал – аналарға аманат» тақырыбындағы шараларымызға қатысқандар саны қалың болды. Қазақ аналарының ұлттық сана деңгейін көтеру арқылы отбасы институтының сақталуына және тұрақтануына ықпал ете алсақ біздің мақсатымыздың орындалғаны.
– Нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін алғаш еститін әуені – бесік жыры. Бала бойынан табылатын ізгі қасиеттерді осы әуенмен байланыстыратындар бар. Алайда қазір әжелеріміз киелі әуен – бесік жырынан алшақтап кетті, тіпті ұмытқандары бар. Бесік – бесік жырынсыз тербелмеуі керек емес пе?
– Бесіктің пайдасы бүгінге дейін талай кітаптарға арқау болған. Әйгілі жазушы, білгір этнограф Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бесік тәрбиесін бүкіл елдік деңгейге бір-ақ көтергені мәлім.
Қазақ әжелері «Бесік жыры – баланың көкірек көзін ашып, жан-дүниесін тербейді, сезімін сергітіп, көңіл күйін де көтереді» дегенді жиі айтады. Осы бір ауыз сөзден әже мен ана әлдиінің айрықша қасиетін аңғаруға болады. Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда бесік жырын айтпақ түгілі оның не екенін білмейтіндер көп. Қазақ халқы сәбидің алғашқы өнер мектебіне санайтын әлди әуен жастар санасынан жырақтап, ұмытылуға айналғаны салт-дәстүрге бейжай қарамайтын кез келген адамды қынжылтуы тиіс. Өйткені бесік жыры кішкентай нәрестенің құлағында өмір бойы сақталады. Тәрбиелік мәні зор халық әндерін тыңдап өскен баланың бойында ұлтына адал, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына берік қасиеттер қалыптасады.
Қазіргі жас буынның домбыра әуеніне әуестенбей, өлең- жырға назар аудармауының бір себебі – осы бесік жырының ұмыт қалуында болса керек. Расында, бесік – бесік жырынсыз тербелмеуі тиіс. Балалары есейген кейбір отбасылардың бесіктерін қораға, далаға, тіпті қоқысқа тастағанын көріп жүрміз.
– Жуырда «Ақ орамал – аналар аманаты» тақырыбында семинар өткіздіңіздер. Ертеде орамал әйелдiң абыройы мен беделiн білдіретін болса, қазір қоғамда орамалға қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Сіз қандай ойдасыз?
– Қыздарының орамал таққанынан шошып, «Елдің қызындай болып шашыңды жайып, әдемі болып жүрші» дейтін аналарды да көрдік. Ал ертеде қыздарымыз ешқашан шашын жаймаған, қос бұрым қылып өріп жүрген. Осы орайда қыздарымызды жинақылыққа, шашын өріп жүруге баулу мақсатында орта мектептерде бұрымды қыздарға арналған іс-шаралар, сайыстарды жиі ұйымдастыруды әдетке айналдырдық. Шараға қатысқан қыздардың әрқайсысына бағалы сыйлықтар, кітаптар сыйлаймыз. Көру мен есту – екі бөлек дүние. Біздің негізгі мақсат – жастарға көрсете отырып, олардың саналарына сәуле түсіру. Орамалдың пайдасы орасан. Бұл жөнінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева өзінің бір еңбегінде: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы магнит тәрізді, ауадағы кір, лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Менің өз тәжірибемде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», өзге де дерті жазылып кететіндер аз емес», – депті.
Орамал тағу мен тұмшалануды ажырата алмайтындар бар. Орамалды қазақы нақышта тағуды дұрыс деп білемін. Тұмшаланып, қымтанбай-ақ жабық, ашық түсті, ұзын киіммен де көптеген сән стилін жасауға болады. Бұған ертедегі кимешек киіп, ақ жаулық таққан апа- әжелеріміз дәлел емес пе?!
– Қоғамда «табысты адам» деген ұғым бар. Сіздіңше табысты адам қандай болады?
– Қандай жағдай болмасын адамдық қалыбынан шықпаған адамды табысты дер едім. Сонымен қатар өз жетістігіне маңдай терімен, күш-білегімен, білімімен жеткен адамды табысты деуге болады. Табысты адам алға қойған мақсатына қалай да жету үшін құлдыраудан қорықпайды, өйткені ол құласа да қайтадан көтерілу үшін барлығын жасай алатынына сенімді. Мұндай адам халықтың қамын ойлап, қоғамға көмегін тигізуге, үлкеннің батасын алуға асығып тұрады.
Табыс – адамның рухани байлығы. Ал рухани байлық дегенің – артыңда қалған ізің. Егер саналы ғұмырыңда атқарған ісің ұрпағыңның, болашақтың кәдесіне жарап жатса, міне, табысты адам сол.
Табысқа жету үшін адам мақсатты, талапшыл, өзіне сын көзбен қарай алатын болуы керек. Өйткені сын түзелсе, мін түзеледі. Тек талмайтын еңбектің арқасында ғана адам табысқа жетеді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Бике ауылы.
Туған жылы: 1953 жылғы 13 ақпан.
Марапаты: Есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енген, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері.
Қызметі: «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрайымының орынбасары.