Елбасының тапсырмасымен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Онда агроөнеркәсіптік кешеннің қандай салалары мемлекеттік қолдауға ие болатындығы, алдағы бес жылда оның қандай түрлеріне басымдық берілетіндігі, осыған дейін қолданыста болған мемлекеттік қолдаудың қандай шаралары күшін жоятындығы, сонымен қатар, ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдері және азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында нендей жоспарлар әзірленіп жатқандығы нақты айтылған. Бұл жоба бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының мамандары мен кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен алқалы жиындарда кеңінен талқылануда. Осы мақсатпен Алматы мен Астана қалаларынан бір топ ғалым өңірімізге ат басын бұрып, солтүстікқазақстандық аграршыларға өз қызметтерін ұсынса, екінші тарап тұжырымдамаға қосатын ұсыныстарын білдірді.
Ауыл шаруашылығы саласының алқа жиынының тақырыбы “Ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығының жаңа тетігі” деп аталды. Кездесуде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының төрағасы Батыржан Байжұмановтың, агротехнологияны трансферттеу және коммерциялау орталығының менеджері Азамат Садықовтың, Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Ғайни Сарбасованың баяндамалары тыңдалды.
Агробизнесті дамытудың негізі ғылымның өндіріспен сабақтастығы деген тұжырымды ұстанған ғалымдар сала қызметкерлеріне өздерінің ғылыми орталықтары мен институттары, ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша ғылымның қолға алған зерттеу бағыттары жайында кеңейтілген ақпараттар берді. Бұл күнгі айтылған әңгімелерге қызығушылық танытқан агроқұрылым басшылары ғалымдармен байланысқа шығып, өз бағыттары бойынша ақыл-кеңестер алуға, институттар немесе орталықтарда зерттелген тақырыптарды қолдануға мүмкіндіктері бар. Жиынға қатысушылар өндіріс пен ғылым біріге отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыта түсуі керек деген тоқтамға келді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.