Елу бес жасында өмірден озған күнге дейін еліміздің ғылыми әлеміне танылған, облысымыздағы жоғары техникалық білім берудің іргетасын қалаған, Петропавлдағы политехника университетінің тұңғыш ректоры қызметін атқарған Қайырбек Оразовтың туғанына 70 жыл толуына арналып, 28 сәуір күні М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 5-ші корпусының қасбетіне орнатылған мемориалдық тақта салтанатты жағдайда ашылды.
Оқу ғимаратының алдына қала жұртшылығының өкілдері, СҚМУ ұстаздары мен студенттері, ғалымның сыныптас достары, қызметтес болған жора-жолдастары, туған-туысқандары, отбасы мүшелері жиналды.
Шараға қатысқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов Қ. Оразовтың техника ғылымына сіңірген еңбегін айта келіп, өзінің онымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кездерінде тіпті жақын араласқанын алға тартты.
– Қайырбек Оразұлы нағыз адал дос, ғылымға жан-тәнімен берілген, еліне, өзінің туған жеріне жанашыр азамат еді. Оның мүддесі мен мұраты тек өңірімізде техника ғылымын өрге бастыруға арналғанды. Ол осы жолда аянбай еңбек етіп, артына өшпейтін із, зор істер қалдырып кетті, – деді ол.
Қ. Оразовтың студенттік күндерінің досы, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Бақытжан Бәкенов, қызметтес әріптесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының мүше-корреспонденті Александр Тукачев, туысқаны, зейнеткер Қайрат Есқожин жұртшылықты естеліктерге қанықтырды.
Ал салтанат соңында ғалымның зайыбы Сапура Сұлтанқызы сөз алып, Қайырбек Оразұлының кейінгі жас ұрпаққа ғибрат боларлық игі істеріне, ғылым жолындағы ізденістеріне ой салдырды, осы мақсаттарға жетуде туындаған қиындықтарды жеңе білген қайсарлығы мен жігеріне көз жеткізді.
Ғимараттың қасбетіндегі мемориалдық тақтаны облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен ғалымның зайыбы Сапура Сұлтанқызы ашқаннан кейін гүл шоқтары қойылып, жұртшылық ғалымды үнсіздікпен еске алды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.