Астанада ұстаздар қауымына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосқан, жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше еңбегімен танылған педагогтарға мемлекеттік наградалар тапсырды.
Марапат иелерінің қатарында мектеп мұғалімдерімен бірге колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандар да бар.
Солтүстік Қазақстан облысының қос бірдей ұстазы Мемлекет басшысының қолынан жоғары марапатқа ие болды. Солардың бірі Уәлиханов ауданындағы Мортық орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сеитоваға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Өз өмірін білім беру саласына арнаған ұстаз 1967 жылы Мортық ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын тамамдап, содан бері 35 жылдан астам уақыт бойы мектеп қабырғасында жас буынға сапалы білім беріп келеді. Ол – педагог-зерттеуші, геометрия мен математикалық сауаттылыққа арналған әдістемелік еңбектердің авторы. Гүлжан Кәпезқызының шәкірттері талай мәрте облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда оза шауып, абырой биігінен көрінген.
«Бұл марапатты Мемлекет басшысының қолынан алғаныма қуанамын. Ерекше әсерге бөлендім. Ғұмырларын шәкірт тәрбиесіне арнаған барлық ұстаздың еңбектері жана берсін», – деді ұстаз.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған екінші ұстаз – Петропавл қаласындағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледждің арнаулы пәндер оқытушысы Саруар Базарбаева.
1966 жылы Мағжан Жұмабаев ауданы Ворошилово ауылында дүниеге келген ол 1997 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін бітіріп, содан бері 20 жылдан аса уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп келеді. Саруар Оразқызы – оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы, республика мен халықаралық деңгейдегі педагогикалық байқаулардың жүлдегері. Оның шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда, соның ішінде WorldSkills Kazakhstan чемпионатында жүлделі орындарға ие болған. Ұстаз тәжірибесі мен білімін ұдайы жетілдіріп, оқу бағдарламаларын әзірлеу ісіне де белсенді араласып жүр.
Мемлекеттік наградаға ие болған ұстаздарды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те құттықтады.
«Құрметті ұстаздарды шын жүректен құттықтаймын. Бұл марапат – олардың кәсіби шеберлігінің, табанды еңбегінің және білім беру ісіне қосқан өлшеусіз үлесінің айқын дәлелі», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасына.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім
басқармасының
баспасөз хатшысы.