Ғалым ағамен көзі тірісінде бірге қызмет істеп, жиі араласпасам да бір ауданның, арасында ел жоқ, ерке Есілдің қос қабағында орналасқан көрші ауылдың тумасы, оның үстіне бір мектептің түлегі болғандықтан, інілік ізетпен анда-санда қызмет орнына сәлем бере барып, амандығын біліп тұратынмын. Барған сайын ағалық мейіріммен: “О, інім келді”, – деп құшақ жайып қуана қарсы алатын. Үлкенмен де, кішімен де “Сіз” деп сөйлесетін Ғалым аға сол сыпайылығымен біраз әңгіменің тиегін ағытушы еді. Малы қоралас, ауылы аралас болғандықтан, алдымен ауылдың өзі танитын үлкен ақсақалдарын сұрап, амандығын білетін.
– Біз оқыған Ленин орта мектебі кезінде республикаға аты шыққан қасиетті білім ордасы болды ғой. Асылдай іріктелген ұстаздар, зейінді түлектер ғой мектептің атын шығарған. Дипломат, қоғам қайраткері, лауазымды қызметкер түлектерді айтпағанда, Герольд Бельгер, Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев сынды белгілі ақын-жазушыларымыз – мектебіміздің мақтанышы. Мен де мектептен кейін математикаға бармай, әдебиетті оқығанда, кім біледі, танымал жазушылардың бірі болар ма едім, – дейтін әңгіме арасында. Ғалым Қадірәліұлының осы сөзінен өзін әсте дәріптемейтін, қол жеткізгеніне тоқмейілсімейтін сабырлы мінезін аңғарғандай болатынмын. Әйтпесе, зейнеткерлікке шыққалы он шақты кітап жазғанын, әлі де бірталай еңбек дайындап жатқанын жақсы білетінбіз. Оның үстіне қырық жылдай ұстаз, мектеп басшысы, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де түрлі қоғамдық мекемелерге жетекшілік жасаған Ғалым ағаның елі үшін, жүрген-тұрған ортасы үшін атқарған қызметі, қол жеткізген жетістіктері аз емес. Өңірімізге дарынды педагог, іскер басшы, білікті өлкетанушы ретінде мақтан тұтар тұлға болып танылды. Оның мұндай құрметке лайықтығын өмірдерегін оқысақ, анық көз жеткізуге болады.
Ғалым Қадірәліұлы қазіргі Шал ақын ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Ы.Ыбыраев есімімен аталатын ауылда (бұрынғы Ленин) 1936 жылдың 23 сәуірінде дүниеге келген. 1954 жылы жергілікті Ленин орта мектебін тамамдайды. Әкесі Қадірәлінің рұқсатымен мектеп бітірген бір топ түлекке қосылып Қарағандыға аттанады. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде өзіне дәріс берген сүйікті ұстаздарына еліктеп, мұғалім болуды алдына мақсат етіп қойған ол Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетіне құжаттарын тапсырады. Сол жылы бұл факультетте бір орынға тоғыз адам үміткерлік танытып, конкурс күшті болады. Ғалым өзінің мектепте алған тағанды біліміне сеніп, барлық сынақты жақсы беріп, оқуға түседі. Өзімен бірге барған ауылдастары түсе алмай, біразы елге қайтады, біразы қалада қалады.
Ғалым бұл оқу орнын 1959 жылы үздік бітіріп, студент кезінде тәжірибеден өткен, ұстаздар қауымына көзі үйренген Қарағандыдағы №32 аралас мектепке физика, математика пәндерінің мұғалімі болып орналасады. Мектеп директоры студент орындығынан енді ғана босаған жас маманға үлкен сенім артып, өзінің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса жүктейді. Ғалым бұл қызметті бес жыл мінсіз атқарады. Сол мектепте жүріп Роза жеңгемізге үйленіп, пәтер алып, үй болады. Жағдайы жақсара бастаған соң, ендігі жерде іні-қарындасын оқыту үшін ауылдан әке-шешесін көшіріп алады. Бірақ ерке Есілдің жағасында табиғаттың жұпар ауасын жұтып өскен әкесі Қарағандыға көндіге алмай, сырқатқа шалдыға бастайды.
– Балам, мына жердің ауасы тынысымды тарылтып жүргені. Ел жаққа көшсек қайтеді, – дейді. Сөйтіп, ол 1964 жылы отбасымен Қызылжарға көшіп келеді. Бұл жерде №2 облыстық қазақ мектеп-интернатына математика пәнінің мұғалімі әрі директордың оқу iсi жөніндегі орынбасары болып орналасады. Осы оқу орнында сегіз жыл ұстаздық жасап, үлкен сыннан, шынығу мектебінен өтеді. Сол кезде есімдері өңірге танымал Ғалым Хамзин, Бәрменбай Темірболатов, Ғиззат Ғаббасов, Василий Курилов, Шәміл Құсайынов, Мәриям Мырзатаева, Күлбарам Қасымова, Алма Сәдуақасова сынды тарлан ұстаздармен бірге еңбек етіп, олардың үлгі-өнегелерін бойына сіңіреді. Ғалым институт қабырғасында алған білімімен шектелмей Макаренко, Сухомлинский, Бабанский, Алтынсарин сияқты ұлы педагогтердің еңбектерін де көп оқиды. Олардың озық ойларын, ғибратты түйіндерін көңіліне тоқиды, өз тәжірибесінде қолданады. Мектепте Макаренко жүйесін оқу-тәрбие ісіне енгізуге ұйытқы болады.
Ғалымның бойындағы дарыны мен іскерлігін байқаған облыстық оқу бөлімі 1972 жылы оны инспекторлық қызметке шақырады. Мұнда инспектор болып бес жыл қызмет істеген Ғалым өзін білімді де білікті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жауапкершілік сезімі мол маман ретінде көрсете біледі. Ғалым бірқатар аудандық оқу бөлімдерінде, мектептерде іссапармен болып, олардың жұмысын мұқият зерттеп, кемшіліктері болса түзетуге көмектесіп, көңілге қонымды істерді құптап, өзгелерге үлгі ретінде таратады. Өнеге тұтар ұстаздық іс-тәжірибелерді жас мамандарға үйретуден жалықпайды.
1977 жылы облыстық оқу бөлімі Ғалым Қадірәліұлын қазақ мектеп-интернатына директор етіп жібереді. Бұл қызметті ол он жылға жуық атқарады. Осы уақыт ішінде мектеп-интернаттың жұмысын биік сатыға көтереді. Әсіресе, жаңадан салынған қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың үйін қабылдап алған Ғалым Қадірәліұлы оның заман талабына сай жабдықталуы үшін аянбай тер төгіп, көп еңбек сіңірді. Пән кабинеттері, спорт залы жайнап шыға келді. Интернатта тұрып оқитын оқушыларға да барлық жағдай жасалды. Соның нәтижесінде мектеп-интернаттардың жұмысы жөнінде өткен республикалық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанды. Пән бойынша олимпиадалық көрсеткіштер де жоғары болды.
Ғалым аға көпжылдық еңбегі үшін “КСРО ағарту ісінің үздігі”, “Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі” төсбелгілерімен, “Ерен еңбегі үшін”, “Ұлы Жеңістің 60 жылдығы” медальдарымен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Ғалым Қадірәліұлы 1994 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ зейнеткермін деп үйінде қол қусырып отырған жоқ. Қоғамдық іс-шараларға белсене араласты. Оның тікелей бастауымен Петропавл қаласында даңқты жерлесіміз, академик Евней Букетовтің мұражайы ашылды. Қаладағы ғылыми-техникалық кітапханаға, бұрынғы Красноармейск көшесіне академиктің аты берілді. Бұл істің бәрінің басықасында Ғалым Қадірәліұлы жүрді. Букетовтің мұражайын құнды деректермен толтыруда көп еңбек сіңірді.
Ғалым Қадірәліұлының ұйымдастыруымен 2001 жылдың 1 ақпанында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанынан “Асыл мұра” орталығы ашылды. Бұл игі істі өңіріміздің зиялы азаматтары қолдады. Орталық өңіріміздің тарихын, атақты тұлғалардың өмір жолдарын зерттеп, біраз қомақты жұмыстар тындырды. С.Мұқановқа, Ғ.Мүсіреповке, М.Жұмабаевқа, Б.Ізтөлинге, Қожаберген жырауға, Сегіз серіге, Е.Букетовке, Қ.Базарбаеваға арналған жинақтар құрастырылып, жарық көрді. Ғалым Қадірәліұлының тікелей жетекшілігімен ақын У.Темірбеков туралы “Бір өліп, бір тірілдім”, атақты гидротехник Қ.Кеншінбаев хақында “Асыл азамат” және қазақтың бір топ марқасқалары жайында “Шал ақын”, “Қалдырған ізің мәңгілік”, “Ер есімі ел есінде” жинақтарын құрастырды.
Ғалым Қадірәліұлының өз авторлығымен шығарған кітаптары да жеткілікті. Ол өзі туып-өскен өңірдің тарихы мен танымал адамдары туралы “Қасиеттi Ақ Орда”, “Аңсаған менiң ауылым”, “Ұлылар туралы ойлар” атты көлемді кiтаптар шығарды. Осы туындыларды жазуда көп ізденіп, қаншама уақытын мұрағаттарда өткізді. Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық мұрағатынан қажетті құжаттарды іздеп отырып бір кезде Көкшетау дуанындағы аға сұлтан болған, патша өкіметінен дворян атағын алған жерлесіміз Жылғара Байтоқин туралы мағлұмат тауып алады. Кейін “Жылғара Байтоқин” атты кітап жазып, оны Алматыдағы “Арыс” баспасынан шығарады. Ол тарихи танымдылығы мол құнды туынды еді. Ғалымның “Тарлан ақын” атты кітабы да осы баспадан жарық көрді. 1930-1940-жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған “Көкарал” кітабын да қалың қауым құнды шығарма ретінде қабылдады. Бұдан басқа “Ойна да күл, жеткіншек”, “Математиканың даму заңдылықтары” шығармаларына оқырмандар жоғары бағаларын берген.
Осындай дарынды педагог, қарымды қаламгер, белгілі өлкетанушы, ақжарқын, бауырмал, байсалды асыл азамат арамызда түрі жүрсе 23 сәуірде сексенге толғанын дүрілдетіп тойлап жатар едік. Амал нешік, ажалға қарсы тұрар пенде жоқ. 2007 жылдың 21 қарашасында бір ай ғана ауырып, дүниеден өтті. Оның танымал тұлғасы, ақжарқын бейнесі барша білетіндердің көз алдында тұрады, есімі есімізден ұмыт қалмайды.
Жоламан ШАХАНОВ,
“Асыл мұра” орталығының қызметкері.
