М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Наталья Белецкаяның ата-анасы Көкшетау баурайына келіп қоныс тепкенде ол екі жаста ғана екен. Содан бері қазақтың осынау бір көркіне көз тоймайтын, шұрайлы өлкесінде ержетіп, білім алған орыс қызы бүкіл өмірін табиғатпен байланыстырған.
Наталья Белецкая орта мектепті тамамдағаннан кейін Көкшетау облысының Щучье қаласында бастауыш мектепте мұғалім болған. 1959 жылы К.Д. Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтына география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, кейін сонда зертханашы болып жұмысқа орналасады. Оның ұзақ та жемісті ұстаздық, зерттеушілік ғылым жолы осылай басталған ол содан бері аты өзгерсе де, заты өзгермеген география және экология кафедрасында жұмыс істеп келеді.
Наталья Петровнаның бүкіл саналы өмірі өлкемізде география ғылымын дамытуға арналды. Ол Мәскеу университетінде диссертация қорғап, геоморфология бойынша классикалық оқулықтар жазған, есімі әлемге танымал профессор С.С. Воскресенскийдің ілімін біздің өңірмен байланыстыра зерттеді. Бір шеті Батыс Сібір ойпатымен ұштасқан таңғажайып батпақты жазық түрінде көсілген Солтүстік Қазақстан аумағы жер бедерінің өзіне ғана тән ерекшелігін ерте байқап, ғылыми зерттеулерге арқау етті. Наталья Белецкая: “Есілдің өне бойын жағалай қарасаңыз, сырт көзге білінбейтін білем-білем жалдарды байқайсыз. Мұндай өзгешелік тек Батыс Сібірде ғана кездеседі. Мәскеу ғалымдарына жал сипатты жер бедерінің пайда болуы туралы айтқанымда, олар: “Профессор И.А. Волковтың теориясы қайда қалады?” – деп менімен келіспеді. Бірақ осынау таңғажайып жер бедерінің жаратылысын өзімше байыптап, дәлелдеген соң ғана, біреулерге тосын көрінген болжамым “Петропавл тұсындағы Есіл бойының жер бедері және оның кайнозой дәуіріндегі даму тарихы” дербес ғылыми мәселе ретінде өмірге келіп, зерттеушілерін тапты”, – дейді.
Наталья Белецкаяның табанды түрде қызыға қаузаған тағы бір өзекті тақырыбы – Батыс Сібірдің көлдеріне тән құпия құбылыстар. Сырт көзге байқала қоймаса да, бұл көлдерге тән қасиет – қайтымдылық. Яғни, белгілі бір жылдар аралығында көлдердің суы көбейіп немесе азайып отыратыны. Табиғаттың бұл жұмбағын шешу жолында Наталья Белецкая мәскеулік тағы бір ірі ғалым академик Г.Д.Овчиниковпен әріптес болды. Петропавл педагогикалық институтының географиялық ғылыми зерттеулерін басқарған Наталья Петровна Георгий Дмитриевичтің еңбегін әрі қарай жалғастырды. Осылайша, облыстағы жүзден аса көл зерттеліп, картаға түсірілді. Мұндай көлемдегі жұмысты тындыру үшін ол жүздеген шақырым жолсызбен сапар шекті. Күнге күйіп, суыққа тоңып, шатырларда түнеді. Бұл жұмысқа студенттер, мұғалімдер және кафедра қызметкерлері де жұмылдырылды.
Новосібір геология және геофизика институты докторантурасында оқи жүріп, Наталья Петровна Батыс Сібір ойпаты бедерінің геологиялық құрылымын зерттейтін үлкен экспедиция ұйымдастырды. Әріптесіміздің әр жылдардағы еңбегі түйінді мақала түрінде: “Батыс Сібірдің жер бедері”, “Солтүстік Азия жер бедері дамуының заңдылықтары”, “Өзен аңғарларының даму тарихы”, “Батыс Сібір және Орта Азия жерлерін мелиорациялау мәселелері”, тағы басқа ұжымдық ғылыми жинақтарға арқау болды.
Соңғы жылдары ол “Солтүстік Қазақстан облысы көлдерін балық шаруашылығына және басқа қажеттерге пайдалану мүмкіндіктерін, бағыттарын ғылыми тұрғыда зерттеді. Бүгінде көлдерді тауарлық балық көзі ретінде қарастырып, оларды зерттеу және қорғау, облыстың табиғи-қорықтық қоры және оны ғылыми негіздеу мәселелерімен айналысып, халықты ауызсумен қамтамасыз етудің негізі ретінде Солтүстік Қазақстан су экожүйесінің қалыптасу заңдылықтарын зерттейді.
“Сумен жабдықтау технологиясы және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығы” жобасын басқаратын Наталья Петровна “Экосфера” қоғамдық бірлестігі кеңесінің жетекшісі. Ол облыс аумағының экологиясын зерттеу ісіне әр саланың мамандарын, биологтарды, зоологтар мен химиктерді, тағы басқа мекемелер мен ұйымдардың зерттеушілерін тартты. Алматы, Өскемен, Семей, Мәскеу, Новосібір, Барнаул сияқты қалалармен байланысып, білікті мамандарды жұмылдыра білді.
Ғалымның осындай табанды ізденістерінің нәтижесінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде экологиялық зерттеулердің ғылым-білім орталығы құрылды. Бұл орталықтың ғылыми жұмысының бір саласы, қоршаған ортаның адам денсаулығына тигізетін әсерін зерттеу болып табылады. Наталья Петровнаның тікелей жетекшілігімен осы тақырыпта диссертация дайындалып, қорғауға ұсынылды.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры.