«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАРЫШКЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектептің алдында әлемдегі тұңғыш ғарышкердің ескерткіші ашылды. Салтанатты шараға ғарышкер-ұшқыш, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев, экономика ғылымдарының докторы Анатолий Башмаков, облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.

Юрий Гагарин 1961 жылы 12 сәуірде “Байқоңыр” айлағынан “Восток” ғарыш кемесімен алғаш рет аспанға көтерілген болатын. Зымыранның барынша жылдам іске қосылуы талап етілгендіктен, ол толық жабдықталып үлгермепті. Яғни, зымыранда жұмсақ қондыру және апаттық-құтқару жүйелері болмаған.
Тұңғыш ғарышкердің мүсінін мектепке меценат Михаил Сундюков тарту етті. Ескерткіш облыс орталығына Ресейдегі Краснодар өңірінің Крапоткин қаласынан жеткізілген.
Шарада сөз алған Талғат Мұсабаев Кеңес Одағының Батырлары, ғарышкер-ұшқыш Владимир Шаталов пен Александр Викторенко туған өңірге келіп, жерлестерімен кездесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Бұған дейін мұндай ескерткіштер Нью-Йорк, Лондон, Мәскеу қалаларында, сондай-ақ, елордамызда Ұлттық ғарыш агенттігінде ашылған болатын, – деді ғарышкер.
Талғат Мұсабаев – ғарыш әлемін бағындырған үш қазақтың бірі. Ғарыш кеңістігінде жалпы бір жылдай жұмыс істеген. Ашық ғарыш кеңістігіне сегіз рет шыққаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді. Анатолий Афанасьевич жиналғандарға Талғат Амангелдіұлының ғарышты бағындыруы жайлы баяндап, адамгершілік қасиеттеріне тоқталды.
Осыдан кейін елордалық меймандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Баспасөз мәслихатында қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берілді.
Ісшара Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде жалғасын тауып, үздік оқытушылар мен студенттерге Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз, ұшқыш-ғарышкер Александр Викторенко атындағы сыйлықтар табысталды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp