«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫРЛАР ЖАСАЙТЫН ҒИБРАТНАМА

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.

Абай. 1895 жыл.

 

Ұлы Абайды “Данышпан”, “Кемеңгер” деп бағалайтынымыздың түп-тамыры – оның ойшылдығында, пайымының тереңдігінде және оны жеткізе білудегі батылдығында. Ақынның балдырған жасынан әкесі Құнанбайдың қасына ере жүріп, бойына дарытқан танымы есейе келе көргендері мен тоқығандарын ой сарабына салып, айналасындағы жақсы менен жаманды салмақтағанда өмірді қалайша ғибратты сүрудің сабағын ұсынады.

Әдебиет зерттеушілері, олардың ішінде абайтанушылар оның өлеңді он жасынан бастап, 1855-1881 жылдардың аралығында сегіз жыр жазғанын айғақтаған. Осы орайда “Кім екен деп келіп ем түйе қуған” деген тұңғыш өлеңінен былайғы “Сап, сап, көңілім, сап, көңілім” жыры мазмұны жағынан да, ой түйіндеуінен де бастапқыларынан мүлде бөлек десем, ағаттық емес. Соңғы өлеңде Абай өзінің ойшылдық арнасын ерте тапқандай әсерде боласың.

Бұл өлеңде ақынның жігіттік жалынды дәуренінен сыр шертіледі. Отқа ұмтылған көбелектей жастық шақ ақын басынан да өткен. Бірақ ойшылдық ізі осы жырынан-ақ аңғарылады.

Қарсақ жортпас қара адыр,

Қарамай неге шабасың?

Сонда тәуір бола ма,

Ұстап ап біреу сабасын.

Киіміңді тонасын,

Елге де күлкі боласың!

Ал 1881-1886 жылдарда Абайдың ойшылдығына қанықтырған өлеңдері жарқ етіп нұрын шашқан Күндей әсерге бөлейді. “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ”, “Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да” және бұлардан басқа он шақты өлеңінің мазмұнынан ақыл, парасат, ұлағат пайымдары жүрекке ұялайды.

Абай замандастарына танымдық, имандылық, инабаттылық, ағартушылық, сауаттылық, еңбекқорлық, адал мал табу, кәсіпкерлік жөніндегі ойларын таратуды мақсат еткені анық. Ол бұл ойларды болашаққа да бағдарлайды.

Ақын бұл ретте көптеген міндерді жараның аузын тырнағандай аяусыз, ашына айтады. Бұл сынауы үстірт, жөнсіз, жалаң айтылған кемшілік емес. Абай атын атап, түсін түстеп, жанына тигізіп жазады. Ол бұл орайда өзінің бір атадан, анадан туған туыстарын, өзінің бауыр еті баласын аямай, ақиқатты жазады. Мысалы, туған ағасы Тәңірбердіні “Тәңірбердіге” деген өлеңінде мұның дүйім жұртқа да тарап кететінінен сескенбей:

… Байеке десе, елігіп,

Қайырсыз малға желігіп,

Кеудесінен буынып,

Пыс-пыс етіп демігіп,

Өтірік жала жабады,

Біреуге көр қазады.

Отырғанда үйінде

Ылдидың төрін алады.

Өтірік, өсек, дау десе,

Бәйге атындай шабады.

Қолыңнан келер түк те жоқ,

Осының маған болды кек,

– деп ашық сынайды. Өйтпеске амалы жоқ. Тәңірбердінің бұл сипатын қалың Тобықты мен Найман тегіс біледі. Сондықтан шыншыл ақын оны “Ағам!” деп мақтай алмайды.

Мұндай екінші өлеңі – “Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі”. Бұл өзінің тұңғыш ұлы Ақылбайға арнаған, ескерту, сынау мақсатында жазған жыры. Өйткені, Ақылбайды атасы Құнанбай бауырына салып, осының салдарынан ол Абайдың баласы емес, інісі іспетті, ақылын жүре тыңдап, шолжың өскен.

Оқытарсың молдаға оны,

Үйретерсің әр нені.

Медеу етіп ойы соны,

Жаны тыныштық көрмеді.

Жасында күтті,

Дәме етті,

Босқа өтті.

Ақын өзінің ортасында надандықты да, арамзалықты да, еріншектікті де, есерлікті де көп көріп, өмірден түңілгендей шақтарында:

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, – деп жазса, “Сегіз аяғында”:

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным, – деуі надандарға кеткен есесіне қынжылуы емес пе?

Абай өлеңдері оның көзі тірісінде оқылмай қалған жоқ. Алайда, ақынның ақыл-ойынан өзі жазғандай, “Надандар бәһра алмады”.

Ақын жырмен жазған налуын “Қарасөздер” деген ғылыми-философиялық мазмұндағы әфсаналарға арқау етті. Өз заманынан әлдеқайда озық тұрған данышпан ғаламдық парасат ұғымдарын ұлы ойшылдардан оқып, білгендіктен, қазақ халқына ұсынды. Бұл ғақлия-ғибрат, ақылнама ойларын ақын 45 қарасөзге арқау ете отырып, 1890-1898 жылдардың аралығында қағазға түсірді. Тереңнен толғап, ой көзін жібергенде данышпанның бұл пайымдары өзінің өмір сүрген кезін былай қойғанда, мына біз кешіп отырған бүгінгі күні де мәні мен маңызын жоймағанын білеміз. Абайтанушы ғалымдардың, зерттеушілердің еңбектерінде данышпанның Белинскийдің, Герценнің дүниетанымдық шығармаларын (айталық, Герценнің “Былое и думы” мемуарын) талдап оқығанын айғақтайды. Ол неміс ойшылы Иоганн Гётенің де шығармаларымен жақсы таныс болғанын білеміз.

Сондықтан Абай от басы, ошақ қасындағы күлді-бадам көріністерге көңіл бөлмей, қайткен күнде ел-жұртты ұшпаққа шығару қамы жанын толғандырған ойшылдықпен замандастар санасына сәуле түсіруді көздеген. Өзін ұқпаған, жанына ой жібермеген ағайын-туғанынан да безінбек болғанын ақын қарасөздерінде жасырмай, ашық және ашына айтады. Оны “Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық: қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай, өзім де қайранмын”, – дей келіп, ел бағу ма, мал бағу ма, ғылым бағу ма – ешбіріне көңілі дауаламайды. “Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?”

Міне, данышпан осылайша ой толғай келіп, осы қарасөздерге ықылас қойғанын жазады. Бұл – дананың бірінші сөзі. Бастауы – заңды.

Екінші сөзі осымен жалғасып, бала кезінен көзі көрген өмір суретін салып береді де, бұдан кейінгі ғибратнамасында ойды ширата отырып, қазақтың аяқтан шалып жүретін жамандықтарын тура баяндайды. Мысалы, екінші сөзінде біздің қазақ өзгеден озық деп жүрсек, біз олардың ширегіне де татымайды екенбіз дегенін айтса, үшінші сөзінде: “Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?” – деп сауал тастап, өзі жауабын тарқатып береді. Содан бері ғасырдан аса уақыт, анығында 125 жыл өтіпті, ал қазаққа осы кесел әлі де ілесіп келеді.

Біз “Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік” деген мәтелді ежелден естігенбіз. Бірақ бұған Абай басқаша көзбен, тамырына терең үңіле қарайды. Абай айтқандықтан емес, анығында солай екен деп лажсыз көнесің ақын ойына. “Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес”, – дейді. Анық! Ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ… Бұл мәңгілік қадірлейтін бірлік емес. “Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады”. Кемеңгердің бірлік жайындағы толғамымен келіспеу – ағаттық. Бірлік алым-берім, сауда-саттық емес. Ол – елдікті діттейтін ұғым. Көксегені кемелдік болмаса, мұндай бірлік құрысын!

Жоғарыда айтып өткенімдей, Абай ғақлиялары өміршең. Содан бері жүз жиырма бес жыл өтіпті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Мәңгілік Ел” мәні қайта жаңғырып тұрғандай көремін. Мәселен, Абай тоғызыншы сөзін: “Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді”, – деп бастап, ойын: “Қайратты күнімде қазақты қиып, бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық жалын сөніп те қалған екен”, – деп қамығады.

Ғаламдағы қандай да бір халық өзінің ғұмырының бастауларынан болашағына дейінгі жолды өзі салады. Бұл жол қай халық үшін де даңғыл болмағаны тарихтан белгілі. Біз бүгінгі тәуелсіз тірлігімізге аталардың ақыл-пайымымен, ел билеген хандардың кемелдігімен, кемеңгерлігімен, айбарымен, батырлардың білек күшімен, данышпан билердің көрегендігімен жеттік. Осы ретте Абай сынды данамыз өзінің қолынан келгенінше шамшырақтай сәуле түсіріп, санамызды жаңғыртты. Оны қазақ зиялылары, Алаш көсемдері үлгі тұтты, ұлы Мағжан “Алтын хакім – Абай” деп құрметтеді. Абайдың ақылмандық мектебінен оқитынымыз әлі де жетерлік.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp