«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫРЛЫҚ МҰРА – ТӨЛ МҰРАЖАЙДА

Журналистердің төл мерекесі қарсаңында 105 жылдық тарихы бар «Soltüstık Qazaqstan» газетінің музейі ашылды. Осы бір маңызды шараны тамашалау үшін редакцияға жиналғандардың қарасы қалың болды. Олардың арасында өңірдегі бірден-бір ұлттық басылымда көп жыл бойы басшылық еткен, шығармашылық қарым-қабілетін танытқан, оқырман қауымның көбеюіне ұйытқы болған, былайша айтқанда «отымен кіріп, күлімен шыққан» қалам иелері, дүниеден өткен қаламгерлердің жан жарлары, басылымды сырласындай көретін оқырмандар болды.

Музейдің ашылу салтанатында сөй­леген сөзінде «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Аман­тайұлы мұнда қойылған әр жәдігердің өзіндік айтар сыры мен тарихы барына тоқталды.

Музейдің лентасын газетіміздің ба­йырғы оқырманы Тілек Әбдірахманов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстың құр­метті азаматы Жарасбай Сүлейменов, ба­сылым бетінде өзіндік қолтаңбасын қал­дыра білген ақын Зейнолла Әкімжанов­тың зайыбы Ғалия Әкімжанова қиды.

«Soltüstık Qazaqstan» газетінің бұ­рынғы қызметкері, өңір руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген, бүгінде Алма­ты облысының Қаскелең қаласында тұ ратын Шашубай Малдыбаев өңір бо­йынша кезінде жалғыз ғана қазақ газеті шығып тұрғанын, осында 20 жыл қыз­мет еткенін жеткізді.

Музей ішіндегі құнды жәдігерлерден көз тұнады. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәбит Мұқановтан бас­тап, Рәшид Бәдірленов, Мұхаметқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейітов, Есілбай Қазбеков, Қаби Махметов, Иван Лу­киннің есімдері көзге жылы ұшырайды. Ғалым Малдыбаев, Зейнел-Ғаби Иман­баев, Абай Қазиев, Мырзахмет Әкімжа­нов, тағы басқаларының күнделікті ұс­таған заттары да өте ыстық. «Дәуір-дас­тан», «Қызылжар өңірінің өшпес шежі­ресі», «Қарашаңырақ» жинақтарының айтары көп. 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен ба­сылымға «Құрмет белгісі» ордені, бұдан бөлек түрлі дәрежедегі грамоталар мен дипломдар берілгені жайлы ақпаратпен танысуға болады. Пошташы сөмкесі, баспа машинкасы сияқты таңсық дү­ниелер де қойылған.

Сонымен қатар музейдің бір қа­бырғасына редакцияның кітапханасы орналастырылды. Көптің көмегімен жиналған кітаптардың арасында сөздік-анықтамалықтар, ғылыми әде­биеттер, қазақтың классик ақын-жа­зушыларының шығармалары бар. Кі­таптар мен жәдігерлер журналистер үшін таптырмас құрал болары анық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp