Журналистердің төл мерекесі қарсаңында 105 жылдық тарихы бар «Soltüstık Qazaqstan» газетінің музейі ашылды. Осы бір маңызды шараны тамашалау үшін редакцияға жиналғандардың қарасы қалың болды. Олардың арасында өңірдегі бірден-бір ұлттық басылымда көп жыл бойы басшылық еткен, шығармашылық қарым-қабілетін танытқан, оқырман қауымның көбеюіне ұйытқы болған, былайша айтқанда «отымен кіріп, күлімен шыққан» қалам иелері, дүниеден өткен қаламгерлердің жан жарлары, басылымды сырласындай көретін оқырмандар болды.
Музейдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантайұлы мұнда қойылған әр жәдігердің өзіндік айтар сыры мен тарихы барына тоқталды.
Музейдің лентасын газетіміздің байырғы оқырманы Тілек Әбдірахманов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов, басылым бетінде өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген ақын Зейнолла Әкімжановтың зайыбы Ғалия Әкімжанова қиды.
«Soltüstık Qazaqstan» газетінің бұрынғы қызметкері, өңір руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген, бүгінде Алматы облысының Қаскелең қаласында тұ ратын Шашубай Малдыбаев өңір бойынша кезінде жалғыз ғана қазақ газеті шығып тұрғанын, осында 20 жыл қызмет еткенін жеткізді.
Музей ішіндегі құнды жәдігерлерден көз тұнады. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәбит Мұқановтан бастап, Рәшид Бәдірленов, Мұхаметқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейітов, Есілбай Қазбеков, Қаби Махметов, Иван Лукиннің есімдері көзге жылы ұшырайды. Ғалым Малдыбаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Абай Қазиев, Мырзахмет Әкімжанов, тағы басқаларының күнделікті ұстаған заттары да өте ыстық. «Дәуір-дастан», «Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі», «Қарашаңырақ» жинақтарының айтары көп. 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен басылымға «Құрмет белгісі» ордені, бұдан бөлек түрлі дәрежедегі грамоталар мен дипломдар берілгені жайлы ақпаратпен танысуға болады. Пошташы сөмкесі, баспа машинкасы сияқты таңсық дүниелер де қойылған.
Сонымен қатар музейдің бір қабырғасына редакцияның кітапханасы орналастырылды. Көптің көмегімен жиналған кітаптардың арасында сөздік-анықтамалықтар, ғылыми әдебиеттер, қазақтың классик ақын-жазушыларының шығармалары бар. Кітаптар мен жәдігерлер журналистер үшін таптырмас құрал болары анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.