«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫР БІТІМІ Болашақта әлі де талай бітімгершіліктер болар, бірақ әзірге ең мықтысы осы

ХХІ ғасыр әлемдік көшбасшылардың алдына тұрақсыздыққа бет түзеген геосаяси кикілжіңдерді еселей ұсынған заман болып келеді. Прогресшіл адамзат барлық жамандық ХХ ғасырмен кетіп, енді бейбіт заман орнайтын шығар деп күткен еді, бірақ замананың реалийі оған жібермей, керісінше болып барады.

Алдымен, бұрын болып көрмеген ауқымдағы террористік соғыс орын алып, 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ қалаларындағы алып үйлерге жолаушылар ұшағымен жасалған шабуылдан мыңдаған адам қырылды. Жалына қол апартпайтын, дүниежүзіндегі ең қуатты, ең бақуатты елдің өзіне осындай шабуыл болған соң басқа әлем үрпиісіп қалды. Содан әрі «кіші» Буштың бұйрығымен «терроризмге қарсы жаһандық соғыс» жарияланып, қару-жарағы сай дамыған Батыс елдерінің бәрі бірігіп, ширек ғасырдан бері соғыстан көз ашпаған Ауғанстанды терроризмнің ордасы деп жариялап, бомбаның астына алды… Террористерді құрту үшін тұтас бір елді осылай қанға бөктіру бұрын-соңды тарихта болмаған оқиға еді.

Одан осы біріккен күш МАГАТЭ-нің талабын орындамады деген желеумен 2003 жылы Иракқа басып кіріп, миллиондаған жазықсыз адамдар опат болды, мыңдаған жылдар бойы қордаланған исламның асыл жәдігерлері аяққа басылды, жүздеген қалалар бұзылып, өркениеттің орны толмас ескерткіштері талқандалды.

2004 жылдың 16 қыркүйегінде БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан АҚШ пен оның одақтастарының Иракқа басып кіргені заңсыз болды, бұл ұйымның жарғысына кереғар деп мәлімдеді. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ, одақтастарды айыптағаны болмаса, ешкім олардан соғыс шығынын талап еткен жоқ.

2008 жылы болған Ресей мен Грузия соғысы ТМД аумағының да соғыс деген аждаһадан сырт қалмасын көрсетіп, қауіп-қатердің аяқ астында екенін танытты. Кеше ғана бір тудың астында өмір сүріп, бір табақтан ас ішіп отырған екі халық бір сәттің ішінде іштеріне қан қатқан жаулар болып шыға келді.

2010 жылы басталған «Араб көктемі» жүздеген мың адамның қырылуына әкеліп соқтырды, миллиондаған адамдар жылы орнынан қашып, босқын болды. Алдымен Тунисте, одан Мысыр мен Йеменде төңкерістер жасалды. Қанды қырғынмен жүргізілген азамат соғысы Ливия мен Сирияны шарпыды. Соңғысындағы соғыс әлі күнге жалғасып келеді. Одан… кезек Украинаға келді. Бұл елде 2004 жылы президент сайлауы болып, оның қорытындысымен халықтың көпшілігі келіспей, қайта дауыс беру болған. Шын мәнінде, бұл демократияның жеңісі болған үлкен табыс еді. Содан бері украиндықтар арасында демократияның жеңісіне мастанған саяси сана күрт көтеріліп кетті. Экономикалық табыс айтарлықтай болмаса да, халықтың саяси белсенділігінің дәрежесі шамадан артық болды. 2013 жылы Украина президенті В.Януковичтің Еуроодақпен ассоциациялану туралы келісімге қол қоймауы оған деген соңғы сенімді жойып, халық қайтадан Майданға шықты.

Бірақ бұл майданның соңы Украина үшін трагедиялық ахуалмен аяқталды. В.Януковичті тақтан тайдырып жатқан қозғалысқа елдің батысынан келген ультра ұлтшыл топтар араласып, өздерінің орысқа қарсы ұрандарын көтерді. Тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласқаны және аумақтық тұтастығына қол сұққаны үшін Еуроодақ, Америка және басқа да Батыс елдері Ресейге экономикалық санкция жариялап, сауда-саттықты тежеді, экономикаға құйылғалы тұрған инвестицияларын тоқтатты, жаңа жобаларды жапты.

Онымен тығыз байланысқан біз де ешқандай экономикалық негізі болмаған дағдарыстың сорын тартып отырмыз. Теңгенің құнсызданып, долларға қатысты екі рет девальвацияға ұшырауы соның кесірі. Импорттың бағасы күрт өсті, халықтың нақты табысы төмендеп кетті.

«Жұт жеті ағайынды» деген емес пе? Сирия мен Ирак та бас көтеріп, өздерін мемлекетпіз деп жариялаған ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) атты террористік ұйым пайда болып, әлемдегі мазасыздықты тереңдете түсті. Қолдарына бұрынғы Ирак армиясының озық қаруларын түсірген оларды жөргегінде тұншықтыруға Сирия мен Ирак биліктерінің шамасы келмеді. АҚШ Б.Обаманың тұсында белсенді әрекеттерден біршама тиылып, кикілжіңнің бәрін келіссөзбен реттеу саясатын ұстанып кеткен. ЕО нақты шешім қабылдай алмай, бір жағы АҚШ-қа алаңдап ырғалып жүргенде террористер күшейе берді. Осыны пайдаланған Ресей билігі ИГИЛ-ді бомбалауға АҚШ-тың келісімін алып, шұғыл кірісіп кетті. Алайда, оның әрекеттеріне батыс елдерінің бәрі, соның ішінде Түркия да бар, «қандықол диктатор» деп жариялаған Башар Асадтың режімін сақтап қалу үшін оған қарсы шыққан демократиялық оппозицияны құртып жатыр деген айып тағылды. Сондықтан Ресей бұл істен де абырой таппады. Абырой түгіл, басына жаңа пәле сатып алды. Былтырғы қараша айында аумағына өтіп кеткен «Су-24» ұшағын атып түсіргені үшін Түркиямен барынша дамып тұрған сауда-саттық қатынастарын аяқастынан үзіп шыға келді. Көптеген ауыл шаруашылығы өнімдеріне, азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидектерге, барлық чартерлік авиарейстерге, екі елдің арасындағы визасыз режімге тыйым салынды. Жаңа қолға алынған бірлескен жобалардың басы қайырылды. Сөйтіп, бүкіл батыс елдері жариялаған экономикалық санкцияға қосылмай, сауда-экономикалық байланысты үзбей тұрған әлеуеті зор, алып әріптесін Ресей бір-ақ сәтте жау қатарына шығарып жіберді. Соның салдарынан 2016 жылдың жеті айында 2014 жылы 45 млрд. АҚШ долларына жеткен тауар айналымының сәйкес мерзімдегі үлесі екі еседен артық төмендеді. Бұл екі жақтың экономикасына да ауыр тиді. Ресейде азық-түлік қымбаттады, соның кесірінен инфляция деңгейі арта түсті. Жыл сайын Түркияға баратын 5 миллиондай ресейлік туристердің жолы кесілді. Оның түрік экономикасына тиген зардабы да орасан болды. Ресейлік туроператор компаниялар қатты зардап шегіп, банкроттыққа ұшырап жатты. Екі жақта да осы саланың жүздеген мың адамы жұмыссыз қалды.

Асығыстық, болжалсыздық, қызуқандылық, популистік шешімдер – қолына шексіз билік тиген адамның тек өзіне ғана емес, еліне қатты зардап шектіретінін бүкіл әлем біледі. Сол іс адамзаттың әбден жетілген кезеңі деген ХХІ ғасырда да көрініс берді. Түрік жағы да ымырашылдық таныта алмады, ежелден империя болып, сағы сынып көрмеген, оның үстіне НАТО-дай блоктың 51 жылдан бергі белді мүшесі болып отырған ол Ресейден ыққысы келмеді. Сөйтіп, шалқайған екі жақ өз халықтарына ғана емес, жақын одақтастарына да зиянын тигізіп, алыстай түсті. ХХІ ғасырдағы қым-қуыттар осылай жалғасып кете берер ме еді, әлде?..

Қазіргі заманда бүкіл дүниежүзінің болашағын ойлайтын және сол іске белсене кірісе алатын кезіндегі У.Черчилль сияқты алып тұлғалы қайраткер Еуропада жоқ. Әркім өз тыныштығын күйттеп күй кешуде. Атқа мініп жүрген тұлғалардың бәрі сайланған мерзімімді дұрыс атқарып шықсам болды деген меркантильдік көзқараста ғана сияқты. Әйпесе, тым болмаса Еуропаның ортасындағы, Украинада болып жатқан тұрақсыздық отын өшіруге бел шешіп кірісер еді ғой. Рас, бір кезде Саркози-Меркель тандемі Еуроодақ шеңберінде біршама белсенді болды, қазір ол да жоқ.

Украинадағы дағдарыс Минск келісімі аясында шешілуге тиісті еді, барлық «Норманд төрттігі» елдерінің басшылары қол қойған сол құжат «алдымен біздің талап орындалсын, сосын біз…» принципімен жүзеге аспай жатыр. Артында миллиондаған жандардың тағдыры тұрған алып елдің басшыларының осындай, баланың ойыны сияқты, тайталастыққа барып тұрғанының өзі күлкілі сияқты. Бірақ күлкі болмай түрпі болып, қаншама адамның тағдырымен ойнап, атыстың әлі күнге жалғасып жатқаны бұлардың жауапкершілігінде қаларын тарих айтатын болар, әлі…

Батыс шекарасындағы елдермен тегіс қырғиқабақ жағдайға жеткен Кремль Түркиямен арасындағы тартыс жалғаса берсе екі жаққа да тиімсіз екенін біліп отырды. Бірақ ымыраға қарай жарты қадам жасауға зор амбициясы жібермеді. Сол сияқты, мінез түрік тарапында да бар, ондағы әпербақандық та ресейліктерден кем емес. Батыс басылымдарының екі жақты да авторитарлық режім дейтіні содан ғой.

Осының бәрін көріп отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік тыныштық пен келісім үшін араағайындық әрекетке бел буып кірісті. Әрине, «қай жеңгенің менікі» деген қағидатты ұстанып, өзара келіссөздерде екі алыптың арасындағы тартысты өзіне «көзір картасы» ретінде тиімді пайдалануға да болушы еді. Соны ойлап тыныш жатқандар да бар. «Түрт шайтан түрт» деп екі елдің арасын аша түсіп, шағыстырғандар да жеткілікті.

Біреудің басына іс түскенді өзіне тиімді пайдалану сияқты пасық айладан биік тұра білген Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық тұрғыдан әріптес болып табылатын екі елді жақындастыруға батыл кіріскені белгілі болды.

Н.Назарбаев екі елдің арасындағы бітімгершілік миссиясын бірден бастағанын атап өту керек. 2015 жылдың 29 қарашасында «Су-24» атып түсірілгеннен кейін Н.Назарбаев Түркия Президенті Р.Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен. Осы жолы Ердоғанды Путинмен кездесуге көндіргенімен, соңғысы бас тартқаны да біршама ақпарат құралдарында жазылды. 2015 жылдың 30 қарашасында Елбасы өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Сонда Ресей мен Түркияның жақындасуына өзінің көп күш салғанын атай келіп, енді соның талқан болғанына өкінішін білдірген. Осы кикілжіңге байланысты Қазақстанның ресми ұстанымын жариялаған СІМ екі жақты да трагедиялық инцидентке ұстамдылық көрсетіп, жағдайды ушықтырмаудың жолын іздеуге шақырды. Алайда, мұны жөн деген ешкім жоқ, Ресей БАҚ-тары керісінше, барлық ушықтыру амалдарын жасап жатты. Олардың түрік жағын жау қылып көрсетуіне қозданған жастар арасында түрік өкілдеріне қарсылық, өшпенділік оты лаулай түсті. Оқу орындарында да түрлі акциялар мен текетірестер болып жатты…

Кейбір саясаткерлер мұндайда тек бейтараптық позиция ұстанудың қол екенін көрсетіп бақты. Шынында, екі жақтың бірін дұрыс деп тану тек кикілжіңге бастайтын тар соқпақ болар еді. Сондықтан Н.Назарбаевтың өзіне тән шебер дипломатиялық әдісі қылаң берді. Ол келістірушілер жіберу арқылы жасалатын, өзге елдердің бәрі қолданатын дипломатиялық ашық әдіс емес, екі жақтың да мүддесін қорғай отырып, қиыннан қиыстырып, майдан қыл суырғандай шеберлікпен жүргізілетін шығыстық бұлтартпас әдіс еді.

Қай халықтың болса да қалыптасқан ортақ мінезі болады. Орыстың ондай мінезі – бірінші болып ешқашан ешкімге иілмеу. Осыны жақсы білетін біздің Президент қандай да болса бойында шығыстық икемділігі бар түрік халқының басшысын алдымен «алуды» көздеген сияқты.

Түркия бізден кешірім сұрасын, атып түсірілген ұшақтың құнын төлесін деген үндер Ресей үкіметінің тарапынан жиі естіліп тұрды. Демек, ілгек кешірімде… Бірақ біздікі дұрыс, аумағымызға өткен барлық ұшақты да осылай атып түсіреміз деп сіресіп тұрған түрік тоңын қалай жібітерсің? Ұлы Абай айтқан «қиыннан қиыстырар ер данасы» деген сөздер өлеңге ғана емес, дипломатияға да оралымды екені көрініп тұр. Әрине, Елбасының түрік басшысына нақты қандай сөздер айтқанын білмейміз, бірақ: сіз кешірім сұрамаңыз, тек ұшқыштың өлгеніне өкініш білдіріп, отбасынан ғана кешірім өтініңізші деген болуы керек. Осы сөздердің өзіне көндіру оңай болмасы хақ, бірақ Назарбаев соған көндірген. Көндірмесе Ердоғанның хатын ШЫҰ-ға мүше елдердің Ташкенттегі саммитінде Путинге өз қолымен тапсырар ма еді? Ақпарат алуға бізден гөрі қолы ұзындау түрік басылымы «Хьюриетт» нақ осылай деп жазды.

Неге Президент хатты өз қолымен тапсырған деген сұрақ туады. Егер Анкара осы хатты дипломатиялық каналдармен ресми түрде жіберген болса оның оң нәтиже бере қоюы екіталай еді. Өйткені, онда Кремль талап еткен кешірім жоқ, ұшақтың құны туралы да сөз айтылмаған. Сондықтан хаттың оң нәтижелі болып қабылдануы үшін бұл араға біздің Президентіміздің өзінің саяси салмағын салғаны да көрініп тұр. Тек соның арқасында ғана мазмұны сан-саққа шашыраған «кешірім» сөзсіз қабылданды.

Сол сол-ақ екен, бүкіл Ресейдің ақпарат құралдары «Түркия кешірім» сұрады деп жарты әлемге жар салды. Арада сегіз-ақ күн өткенде екі елдің басшылары телефон арқылы сөйлесті… Түркия мемлекетінің барлық қайраткерлері, соның ішінде, ең алдымен, Премьер-Министр Б.Йылдырым, Президент Р.Ердоғанның өзі, Ресей Президенті В.Путин бәр-бәрі екі елдің арасындағы татулықты қалпына келтіруге қосқан зор үлесі үшін Н.Назарбаевқа алғыс айтты. Түркиядағы «Milliet», «Once Vatan», т.б. сияқты беделді басылымдардың бәрі «түркі әлемінің ақсақалы» Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын жаудырды. Орыстың ойлы басылымдары да Н.Назарбаевтың дипломатиялық шеберлігіне жоғары бағаларын берді. Алайда, өзінің ғана мүддесін көздейтін меркантильдік санадан биіктей алмаған кейбір батыстық басылымдардың арасында Түркия мен Ресейдің татуласуын ЕО-ға қарсы бірігу деп қабылдап жатқандары да бар. Мәселен, Францияның «La Croix», Германияның «Der Spiegel», т.б. басылымдар осы бағытта үн шығарды. “Біреудің татулығы біреуге батулы” деген сөз осындайда айтылған ғой.

Екі елдің татулығы орнағаннан кейінгі оқиғалардың бәрі екінші кезектегі дүниелер ғой. Дегенмен, Түркияда төңкеріс бола жаздаған оқиғадан кейін оған шетелдік мемлекет басшыларынан алғашқы болып Қазақстан Президентінің барғанының да маңызы зор болды.

Міне, сөйтіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы ең үлкен бітімгершілік қадамды жасады. Оның маңызы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болған А.Косыгиннің 1966 жылы Ташкентте Үндістан мен Пәкістанді татуластырғанынан бір де кем емес. Тарих оның әділ бағасын әлі беретін болады. Келесі кезекте Украина дағдарысы тұрғаны да қылаң беріп қалды. Іске сәт!

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp