
Газет – бүгінгі күннің айнасы, ертеңгі күннің шежіресі. Салқар тарихты қағаз бетінде таңбалаған кестелі сөз – баға жетпес құндылық. Сондықтан да қай кезеңде де газеттің қадір-қасиеті кемімейді. Керісінше, жыл өткен сайын оның абыройы асқақтайды. Өйткені, газеттің сөзі мыңжылдық.
Қызылжар өңірінің айнасы “Soltústik Qazaqstan” газетінің оқырманмен қауышқанына санаулы күндерден кейін бір ғасыр толғалы отыр. Аз уақыт емес, бірақ тарих парақтары үшін бұл қас-қағым сәт екені анық. Осы жылдардың тереңіне үңілу – бүгінгі ұрпақтың асыл парызы. Сондықтан тарихы бай, тамыры тереңге жайылған газеттің бір ғасырлық мерейтойына орай Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университeтінде “Soltústik Qazaqstan” – бір ғасырлық шежіре” атты халықаралық конференция өтті.
Жүзжылдық жолды еңсерген газет жайлы сөз қозғағанда біз Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Бекмұхамед Серкебаев, Сәбит Мұқанов, тағы басқа асылдардың есімін атамай кете алмаймыз. Өйткені, қазақ зиялылары іргесін қалаған бұл басылым қай кезеңде де ұлттың ұлы мұратын үкілеп, бабалар аманатын арқалап келеді. Сондықтан газет мерейтойына арналған конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар ат терлетіп арнайы келді. Олардың арасында біздің басылымда қолтаңбасы қалған тұлғалардың ұрпақтары да болғанын айтып өту ләзім.
Ғылыми шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев ашып, жиналғандарды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан “Soltústik Qazaqstan” газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
“Бұл – өңіріміздің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Сондай-ақ, бір ұжымның ғана емес, бүкіл облысымызға ортақ қуаныш. “Soltústik Qazaqstan” газетін біз өңіріміздің жүзжылдық жылнамасы деп орынды мақтаныш етеміз. Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілде шығып келе жатқан жалғыз облыстық басылымның ана тіліміз бен ұлттық санамызды сақтауға, төл мәдениетіміз бен тарихымызды насихаттауға, елдігімізді нығайтуға қосқан үлесі өлшеусіз”, – деді Руслан Қанатханұлы өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол ақпараттық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамыған қазіргі заманда газеттің дәуірі өтті дейтін адамдар қатты қателесетінін айтты. “Электронды ақпарат құралының, әлеуметтік желілердің газеттің орнын баса алмайтынын әр адам түсінуі керек. Өйткені, онда тасқа басылған таңбалардай құнды дүниелер, тарих тереңінен сыр шертетін, ұрпақ санасын оятуға ықпал ететін жауһар материалдар бар”, – деді ол.
Конференцияны Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры Ақмарал Ибраева жүргізіп отырды. Газет мерейтойына арналған шараға жиналғандарға алаштанушы ғалым, профессор Қайрат Сақ, “Soltústik Qazaqstan” “Ленин туы” деген атаумен шыққанда газеттің бас редакторы қызметін атқарып, қуғын-сүргінге ұшыраған Сейілбек Үсеновтің ұрпағы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек және халықтың сөзін сөйлеуден, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудан жаңылмаған Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгеровтің шөбересі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, ғалым Қайырбек Кемеңгер өз баяндамаларында жас ұрпақ зердесіне түйер құнды мағлұмат, қажетті ақпараттар бере білді.
Ресейдегі “Мирас” қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және сақтау қорының директоры Асқар Раисов та өз сөзінде ұлт зиялылары қызмет еткен “Soltústik Qazaqstan” газетінің алғаш Омбыда басылғаны жүрегінде мақтаныш сезімін оятатынын айтты.
“Мен өлермін, кім көрер,
Бір өлген соң кім білер.
Жақсы-жаман болса да,
Кейінгі жас бір елер”, – деп ұрпағына отты жырларын аманаттаған оның атасы, респрессия құрбаны Ғабдолла Жұманұлы қазақ газеттерінің бастауында тұрған “Дала уәлаятында” қызмет атқарған екен. Сондықтан Қызылжар жұртшылығы үшін қадірлі “Soltústik Qazaqstan” газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға қатысу ол үшін үлкен мәртебе екенін тілге тиек етті.
Бұдан кейін де мінбеге көтерілгендер газеттің арғы-бергі тарихынан сыр шертті. “Egemen Qazaqstan” газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат ұшқыр қалам иелерін қалыптастырған басылымдағы көз көрген әріптестері туралы сөз сабақтаса, Солтүстік Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров газеттің өз өміріне оң ықпалы туралы әңгімеледі. Ол басылымның тарихын зерттеп, зерделеп жүрген ардагерлеріміздің бірі екенін көпшілік жақсы біледі. “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі” атты кітабында газеттің тарихы сараланған. Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова мен Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай да қазақ баспасөзінің тарихына терең үңіліп жүрген ғалымдар. Шаң басқан мұрағат құжаттарын ақтарып, “Soltústik Qazaqstan” газетінің 1920 жылғы алғашқы санын тауып, көпшілікке сүйіншілеген де осы кісілер.
“Газет-журнал оқысаң,
Көзіңді, қазақ, ашасың.
Дүние халін білмесең,
Ілгері қалай басасың?
Игілік жолдан тартынба,
Бекерге де шашасың.
Өнер-білім тістей ме,
Шегініп неге қашасың?” – деп Алаштың асыл перзенті Міржақып Дулатов жырлағандай, газет халық игілігі, сондықтан алдағы уақытта да өз мақсат-мүддесінен айнымайды. Көпшілік “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, жазушы, елімізге белгілі журналист Жарасбай Сүлейменовтің сөзінен осылайша ой түйді. Ол өз кезегінде халықаралық деңгейде конференция ұйымдастырған жергілікті университет ұжымына және бүгінгі шараға атсалысқан ғалымдарға ризашылығын білдірді.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Игорь ВАХИТОВ,
дизайнер, сәулет ескерткіштері бойынша сарапшы, Ресей Федерациясы, Омбы қаласы:
– Ресейдің Омбы қаласына Қызылжар жұртшылығы, сол секілді көрші елге біз жиі келіп, ежелден ағайын-бауырдай өте жақын араласамыз. Бұл екі елдің бірнеше ғасырларға ұласқан татулығын айғақтайды. Ғалым, зерттеуші Шоқан Уәлиханов және Алаштың көптеген зиялы қауым өкілдері Омбыда білім алғанын жақсы білеміз. Сондықтан Қызылжар халқы үшін өте қадірлі “Soltústik Qazaqstan” газетінің 100 жылдық мерейтойына арнайы келдік. Өйткені, бір ғасырлық жолдан өткен басылымның алғашқы сандары Омбыда басылғанын тарих парақтары айғақтайды.
Бүгінгі конференциядан жақсы әсер алғанымызды айтып өткім келеді. Мен қазақ елінде тілшілерді өте құрметтейтініне тәнті болдым. Бүгінгі қоғамда журналистердің беделі төмендеп кетті деп ойлаушы едім. Қателескен екенмін. Жергілікті университеттің ұйымдастыруымен халықаралық конференцияның өтуі біраз жайды аңғартады. Қаламгерлердің алаңсыз қызмет атқаруына жергілікті билік тарапынан да жағдай жасалған екен. Тағы бір көңілге түйгенім, жастардың білім алуына ерекше көңіл бөлініп отырғанына көзім жетті. Заманауи білім ордалары озық техникалармен жабдықталғанын байқадым. Қазақстанның жастары бақытты. Газеттің бір ғасырлық мерейтойы құтты болсын!

Айсұлу ШАЙКЕНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің журналистика кафедрасының меңгерушісі, доцент:
– Қызылжардағы исі қазақ жұрты “қарашаңырақ” деп құрметтейтін “Soltústik Qazaqstan” газеті бүгінгі күні 100 жылдық белеске жетіп отыр. Осыған орай Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген алаштанушы ғалымдар ұлттық басылымның терең тарихына тоқталып, зерделі ой, салиқалы сөз айтты. Олар өз сөздерінде облыстық газет жұртшылыққа жаңалықты жеткізумен ғана айналысып қоймай, қай кезде де ұлттың мүддесін көздегенін, қазақтың шын жанашыры болғанын дәттеді. Қазақтың небір асыл азаматтары іргесін қалаған “Soltústik Qazaqstan” газетіне университеттің журналистика кафедрасы 14 жылдан бері мамандар даярлауда. Бүгінгі күні біздің түлектеріміз ұлттық басылымда табысты қызмет атқарып жатқанын мақтан тұтамыз. Атап айтар болсақ, газеттің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы, жауапты хатшы Жадыра Есенгелді, бөлім басшылары Арайлым Бейсенбаева, Қанат Атаманов, Гүлбике Кубенова журналистика мамандығын университет ұстаздарынан меңгеріп, басылымның белді қызметкерлеріне айналды. Алдағы уақытта да біздің түлектеріміз облыстағы жалғыз қазақ басылымының шашбауын көтереріне сенімдіміз.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
“Астана Ақшамы” республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары:
– “Soltústik Qazaqstan” газеті – еліміздегі қазақ баспасөздерінің арасында шоқтығы биік басылым. Өйткені, мұнда қазақтың ардақты азаматтарының айшықты қолтаңбасы бар. Заман көшіне ілесіп, уақытпен үндесіп жарық көріп отырған газеттің орнын ақпараттық технология баса алмайтыны анық. Бірақ бүгінгі күннің талабын да ескерген жөн. Статистикалық деректерге сүйенсек, жер бетіндегі 7 млрд.-тан астам адамның тең жартысы әлеуметтік желілерге тіркелген екен. Газеттің ютуб каналы болса, оқиға орнынан жедел сұхбат, материалдар оқырманға ақпараттық парақшалар арқылы хабар таратса, басылымның танымалдылығы арта түсер еді. Осылайша оқырмандар санын еселеуге болады.
Мен Қызылжардағы әріптестерімнің қуанышына ортақтасып келіп отырмын. Басылымның жүзжылдық белесі – барша қазақтың тойы. Өйткені, Алаштың асыл азаматтары іргесін қалаған басылым дәуір болмысын қарасөзбен кескіндеп, өңір шежіресін айшықтап келеді. Әріптестерімнің жұмысына жеміс тілеймін.