
2018 жылдың аяғында өңірімізде тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау орталығы ашылды. Осы орталық мамандарының мәліметінше, облыста 107 тарихи ескерткіш бар, соның төртеуі республикалық маңызға ие. Оған қоса «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның сакралды картасы жасалып, тарихи орындар соның құрамына ене бастады. Бүгіyгі таңда аймақта 25 сакралды жер мен ескерткіштер бар. Солардың бірі Жамбыл ауданына қарасты Пресноредуть селосының маңында орналасқан ғибадатхана 1921 жылға дейін діндар әйелдерге пана болған.
Аумағы 100 шаршы метрді құрайтын ғимарат дін қызметкерлерінің жатын орны болған деседі. Ғибадатхананың қасбетіне қарап ерекше архитектуралық стильмен салынғанын аңғарасың. Биіктігі шамамен төрт метр. Екі қабаттан тұрады. Тіпті жертөлесі де бар. Мұнда діндар әйелдер тігіншілікпен, сондай-ақ басқада тұрмысқа қажет заттар жасаумен де айналысқан.
Владимир Хамазин осы ауданда туып-өскен. Есін білгелі Пресноредуть селосында тұрып келеді. Ғибадатхананың тарихын одан артық ешкім білмейді дейді ауыл тұрғындары. «Ғибадатхана 1896 жылы Пресноредуть селосында тұрған казак офицері Михаил Казиннің зайыбы Анна Васильевна Казинаның бастамасымен тұрғызылды. Ғимарат құрылысына жақын маңда орналасқан ауылдардың тұрғындары да көмектесті. Алғашында 13 діндар әйел қызмет етті, уақыт өте келе олардың саны жүзге жуықтаған», — дейді Владимир Хамазин.
— Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қараусыз қалған ғимараттың бүгінде әбден тозығы жеткен. Ішіне де ағаштар өсіп толықтай сыйқы қашқан. Дегенмен ауыл тұрғындарының айтуынша оны қалпына келтіруге болады. Тек қомақты қаражат қажет.