«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Облыс орталығында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с). туған күні – Мәуліт мерекесі аталып өтті. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында ұйымдастырылған “Ғибратқа толы ғұмыр” атты рухани шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, Алматыдағы “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлы, көрші Ақмола және Қостанай облыстарының, қала және аудан мешіттерінің имамдары мен өңір жұртшылығы қатысты.

Рухани шара Құран аяттарын оқудан басталды. Бұдан соң сөз алған өңір басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет жамағатты адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған күнімен құттықтап, игі тілегін айтты.

Құрметті мұсылман қауым! Сіздерді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан Мәуліт мерекесімен құттықтаймын. Бұл – шарапаты мол мейрам. Бүгінгі таңда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері бірлік пен татулықта өмір сүруде.

Елімізде конфессияаралық және этносаралық келісім орнаған. Бүгінде облыс аумағында 63 мешіт бар, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

“Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлы пайғамбардың өмірі, бүкіл адамдарға үлгі-өнеге болып саналатын көркем мінезі туралы айтып берді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы да екі дүниенің сұлтаны, Алла елшісінің ғибратқа толы ғұмыры, мінезінің сабырлылығы, Раббымыздан оған жіберілген сынақтар жайында сөз қозғады.

Шара барысында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері қоғамның өзекті мәселелерін арқау еткен бірнеше қойылымды көрерменнің назарына ұсынды.

Рухани жиын соңында “Қызылжар” орталық мешітінің шәкірттері пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбарға салауат айтты.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp