Экономика – мемлекеттің, қоғамның, түптеп келгенде, әрбір адам өмірінің негізі. Өйткені, кез келген қоғамдағы мәселенің түйінін тарқатуға қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылығымыз саналатын еркіндік пен демократия, халық игілігі деген құбылыстың өзі бос сөзге айналары анық. Бодандық қамытынан құтылып, егемендікке қол жеткізген тұста мемлекеттің басқа салаларымен қатар, экономикасы да талай сынға ұшырап, жаңа қарқынмен ілгері қадам басты.
Тәуелсіз ел экономикасы қалыптасу жолында еңбек еткен ғалымдардың еңбегі зор.
Солардың арасында қиын-қыстау кезеңде Экономика институтын басқарған экономист ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру және Еуразияның халықаралық экономикалық академияларының академигі Марат Кенжеғозинді ерекше атап өткен жөн. Институт жұмысын күрделі мәселелерді шешуге бағыттап, экономистерді аталған саланы басқарудың нарықтық тетіктерін құруға жұмылдырған ғалымның биыл 80 жылдығы атап өтіліп, қатарластарының ол жайлы жазған еңбектері мен естелік мақалалары, ел экономикасының даму кезеңдері топтастырылған кітап жарық көрген болатын.
Экономист ғалым жерлесіміз Аманжол Қошанов өзінің естелігінде Марат Балғожаұлының озық ойлы, заман талабын ескере білетін азамат екенін айтқан екен. Ол ел игілігі үшін елеулі істер атқаруға жастайынан дайын болды десек, қателеспейміз. Оның әкесі Балғожа Кенжеғозин халық арасында өндіріс ұйымдастырушысы, ұжымшар төрағасы, ұрпағына жақсы тәрбие берген дарынды азамат ретінде танымал.
Жамбыл ауданындағы Благовещенка орта мектебін үздік тамамдаған Марат Кенжеғозиннің мықты ғалым болып қалыптасуына Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтындағы ресейлік оқымыстылардың әсері зор болды. Соның арқасында кандидаттық, докторлық диссертацияларын табысты қорғаған ғалым 1960 жылдардың орта тұсында Алматы қаласындағы ғылыми орталықтарда жұмыс істей бастады. Алған білімін тәжірибе жүзінде пысықтау оның өресін өсіріп, ғылыми мүмкіндігін молайта түсті.
Агроөнеркәсіптік кешен республикалық жоғары мектебін басқарған жылдары Марат Кенжеғозин өзін математикалық әдістерді пайдалана отырып, экономикалық үрдістерді оңтайландыру саласында белсенді жұмыс істейтін ғалым ретінде танытты. Экономика институтының директоры Аманжол Қошановпен жақын таныстығы да осы кезде басталды. “Ғылыми бағыттың жаңашылдығын ескере отырып, біз оны институттағы докторлық кеңестің мүшесі ретінде академиялық жобаларға белсенді қатыстырдық. Оның академияның оқымысты ғалымдарымен тығыз қарым-қатынасы да осы кезеңде басталды”, – деп көрсеткен Аманжол Қошанов бір жазбасында.
1995-2006 жылдар ғалым өміріндегі ерекше кезең деуге болады. Бұл оның ғылыми әлеуеті артып, ұйымдастырушылық қабілеті толық ашылған уақыт. Сол жылдары экономика институтының директорлығына тағайындалып, өмірінің соңына дейін осы ғылым ошағының игілігі үшін қызмет етті. Жаһандық қаржы дағдарысы реформаларға деген қажеттілікті күшейтті. Академиялық ұжымды сақтап қалу, құрылымды және ғылыми зерттеулердің бағытын жетілдіру, туындаған нарықтық жағдайларға байланысты тақырыптарды жаңарту үлкен еңбекті талап етті. Соған қарамастан, Марат Балғожаұлы институт жұмысын дұрыс жолға бағыттап, министрліктермен және ғылыми қоғаммен байланыс орната білді. Алда тұрған мақсат-міндеттерді дер кезінде әрі табысты жүзеге асыруға әріптестерін баулыды. Нарықтық қайта құрудағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқата жүріп, макроэкономика бойынша жетекші экономистердің бірі болып қалыптасқанын да айта кеткен жөн.
Марат Кенжеғозиннің басшылығымен экономика институты “Қазақстан Республикасы ұлттық инновациялық жүйесінің қалыптасуы” мәселесін көтерді. Бұл бастаманың негізінде 2003-2012 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарлама қабылданып, шешімі табылмай жүрген өзекті мәселелердің түйіні тарқады. Сонымен қатар макроэкономикалық тұрақтылықты, экономиканың тұрақты дамуының және ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтар аясында ұлттық өндіруші күштер жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздерін де тұңғыш рет экономика институты қалағанын айта кеткеніміз жөн. Марат Балғожаұлы өңірлік экономика, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың және әлемдік экономиканың ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне айрықша назар аударды.
Жоғарыда айтылған бастамаларды жүзеге асыруда нарықтық қайта құруды одан әрі тереңдету және жаһандану үрдісіне енгізу жайы ескерілді. Осы орайда Марат Балғожаұлы дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, ұжымдық монографиялық еңбектер мен жоғары басқару құрылымдары үшін ұсыныстар жариялау арқылы осы маңызды бағыттардың жүйелі дамуын қамтамасыз етуге үлес қосты. Институт осы жылдар аралығында республикадағы экономика ғылымдарының теориялық және әдістемелік орталығының жұмысын нығайтты. 1990-шы жылдардағы дағдарыс, қиындықтар кез келген адамның өмірінде өзіндік із қалдырғаны мәлім. Оған қоса, сол кездегі ғылымға деген бюрократиялық көзқараспен де күресуге тура келді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ, осы салаға бет бұрған болашақ ғалымдар ауыр кезеңде ел экономикасын дамыту мен нығайтуға үлес қосқан аға буынның еңбегінен хабардар болып, үлгі алуы тиіс.
Марат Кенжеғозиннің педагогикалық еңбегі жөнінде айтпауға болмайды. Ол бірнеше рет диссертациялық кеңестердің мүшесі және төрағасы болды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің Төралқа мүшесі ретінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының экономикалық кафедраларының жұмысына араласты. Оның жетекшілігімен 17 докторлық және 45 кандидаттық диссертация қорғалды.
Ғалымның Қазақстандағы экономиканы дамыту бағытындағы 400-ден астам еңбегі, соның ішінде отызға жуық монографиясы жарық көрді. 1999 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін “Экономика және статистика”, “Транзитная экономика”, “Аналитик”, “Труд в Казахстане”, “Реформа” журналдарының редакциялық алқасына және “Қазақ энциклопедиясы” журналының бас редакциясына мүше, он томдық “Экономика. Әлемдік классика” басылымының бас редакторы болды.
Экономист ғалым қолға алған ауқымды жұмыс жоғары бағаланып, “Қазақстан ғылымының дамуына қосқан еңбегі үшін” төсбелгісімен, экономикалық реформалардың теориясы мен тәжірибесінің дамуына қосқан үлесі үшін Кембридж халықаралық биографиялық орталығының орденімен және дипломымен, “Құрмет” орденімен, “Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталып, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.