«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАР ЖАС ӨРЕН

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында үздік нәтиже көрсеткен оқушылармен кездесті. Іс-шара жастардың әлеуетін ашуға бағытталған инновациялық алаң – Креативті индустрия орталығында өтті.

Кездесуге 30 дарынды оқушы қатысты. Олардың 17-сі – республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ал 13-і – ғылыми жобалар байқауларында топ жарған үздіктер. Оқушылар өз жобаларын таныстырып, өмірлік мақсаттары және армандарымен бөлісті.

«Мектеп олимпиадалары мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездестім. Олар біздің зияткерлік мақтанышымыз. Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 2,5 мыңға жуық оқушы олимпиадаларға қатысады. Бұл оқушылардың ғылымға деген жоғары қызығушылығы мен білімге ұмтылысын көрсетеді. Биыл ауыл оқушыларының республикалық олимпиадасында 23 бала жүлделі орындарға ие болды. Облыс командасы екінші жыл қатарынан еліміздегі үздік үштікке еніп отыр.

Оқушылар ғылыми жобалар байқауларында да белсенділік танытуда. Бұл – оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың жүйелі және тынымсыз еңбегінің нәтижесі», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Іс-шара аясында оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Балалардың бірі зияткерлік ойын ойлап тапса, енді бірі өз өнер табысымен маңызды әлеуметтік немесе ғылыми мәселелерді шешуге үлес қоспақ. Жобалар экологиядан бастап, тарих, медицина, тіпті ғарышты игеруге дейін қамтыған. Бұл – жай ғана оқушының жұмысы емес, болашақтағы нақты ғылыми жетістіктердің бастауы.

Кездесу барысында жас зияткерлер аймақ басшысына түрлі тақырыптар бойынша сұрақтар қойды. Оқушылар өңірдің даму барысы, табысқа жетудің жолы, көшбасшыға тән қасиеттер жайлы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ғауез Торсанұлы әр сауалға жеке тоқталып, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол білімнің өмір бойы жалғасатын маңызды құндылық екенін атап өтіп, жастарға табандылық пен үздіксіз даму жолын ұстануға кеңес берді.

Облыс әкімі дарынды оқушыларға 50-100 мың теңгенің ақшалай сертификаттарын табыстады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp