«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ҒҰМЫР

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде еңбек ететін Виталий Савинкин – 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы, өнертабыстарына оннан астам патент алған ғалым. Техника ғылымдарының докторы «Көлік және машина жасау» кафедрасында 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Оқытушының жетекшілігімен 20-ға жуық магистр мен PhD доктор даярланды. Ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстарымен белсенді айналысады, көлік техникасы мен технологиялары саласындағы өзінің кәсіби дағдысын үнемі арттырып отырады.

Виталий Савинкиннің бұл саланы таңдауына арнайы мақсаттағы техникаға, автомобильдерге және ерекше машиналарға деген қызығушылығы әсер еткен екен. Бірақ ол кезде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысамын деген ой болмаған. Көпшілік сияқты өндірісте жұмыс істегісі келген.

– Дипломдық жобаны жазған кезде аға оқытушы Андрей Львович Дерманның жетекшілігімен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын арнайы мақсаттағы КамАЗ автокөлігінің гидравликалық жүйесін жуу бойынша жаңа стенд әзірледік. Кейін зияткерлік меншікке патент ресімдедік. Дипломымды алған кезде «Автомобиль көлігі» кафедрасынан жұмыс ұсынылды. Өз идеяларымды «Технопарк» өткізетін конференцияларда айтып, конкурстарға жібердім. Бөлшектерді жоғары концентрацияланған плазмалық энергия көздерімен қалпына келтіру технологиясын әзірлеу бойынша алғашқы қанатқақты жобам 3 орынға ие болды. Қазылар алқасында отырған инженерлер мен өндіріс өкілдері менің техникалық шешімдерімді мақұлдап, оларды өміршең деп таныды. Бұл ғылыммен айналысуға серпін берді, – дейді Виталий Савинкин.

Бүгінде Виталий Савинкиннің ғылыми қызметі халықаралық деңгейде де көпке танымал. Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық конгреске, Болгария, Швейцарияда ұйымдастырылған машина жасаудың ғылыми-техникалық семинарына, Украинаның Днепропетровск, Беларусь мемлекетінің Минск қалаларында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты.

– Менің кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауым, қауымдастырылған профессор ғылыми атағын алуым, көлік және машина жасау мамандықтары бойынша докторантура мен диссертациялық кеңестер ашу – өмірімдегі маңызды қадамдар. Профессорлық-оқытушылар құрамы қатарынан команда құрып, «Машина жасаудағы робототехника және инновациялық технологиялар», «Инжиниринг және инновациялық-өлшеу технологиялары», «Вагондарды жөндеу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету» жаңа мамандықтарын ашуға ұйытқы болдым. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі атану да ең маңызды оқиға, – деген Виталий Савинкин қазір «Темір жол құрамының доңғалақ жұптарын лазерлік қалпына келтірудің ресурс үнемдейтін технологиясы бар жаңа жоғары өнімді мобильді темір жол кешені» деген тақырып бойынша жұмыс істеп жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, темір жол құрамының, вагонның дөңгелек жұбы айдалада істен шықты делік. Жолдағы жөндеу пункттері мен депо алыс. Ғалымның әзірлемесі оқиға орнына келеді де доңғалақ жұбын лазерлік технологиямен жөндейді. Алдағы он жылда көлік технологиясы мен машина жасаудың болашағын айтарлықтай өзгертеді. Қазірдің өзінде бұл салада таңғалдыратын инновациялар жетерлік.

– Тұрмыстық роботтардың инженер-конструкторы, 3D басып шығарудың материалтанушысы, цифрлық инженер- конструктор, виртуалды 3D прототиптеу жөніндегі инженер, бұйымдардың цифрлық сынаушысы және тағы да басқа мамандықтар 2030 жылға қарай сұранысқа ие болады. Ал біз «Көлік және машина жасау» кафедрасында бұл мамандарды бүгіннен бастап даярлай бастадық, оның қазір Қазақстанда бәсекелестері жоқ, – деген университет оқытушысы дарынды мамандар шетелге кетіп жатқанына қынжылды.

Біліктілігі жоғары мамандар Қазақстаннан кетіп, өз әлеуетін басқа елдерде іске асырады. Ал келгендер министрлік төлейтін грант бойынша қысқа мерзімге ғана қалады да, шаруасын аяқтаған соң кері қайтады екен. Елдің технологиялық және зияткерлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізіп, түлектерді жұмысқа орналастыратын өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп, олардың базасында жоғары білікті кадрлар даярлауға басымдық беру керек.

– Жас ғалымдарға қолдау көрсету үшін өндірісте қолданылмайтын, іске асырылмайтын керексіз жобаларды қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұдан бөлек, мамандар мен жоғары технологиялық жабдықтардың жоқтығын мойындау қажет. Тағылымдамадан өтіп жатқан жас ғалымдардан ағылшын тілін білуді емес, өз саласындағы нақты нәтижелерді талап ету керек. Ғылыми дәрежелер беру бойынша сараптамалық комиссияны құруға жауапкершілікпен қараған жөн. Көбінің зерттеу тәжірибесі жоқ, гранттарға қатыспаған, осы саланың мамандары емес, мақаланы басып шығарумен ғана айналысады, – дейді Виталий Савинкин.

Ғалым ізін басқан жастарға қорықпауға, ғылым мен техниканың жаңа жетістіктеріне қызығушылық танытуға, ғылыми жобалар конкурстарына қатысуға кеңес береді. Ғылыми зерттеулердің алғашқы кезеңінде тез ақша табуды мақсат етпей, зерттеушінің дағдыларын жетілдірген жөн. Сондай-ақ жалған ғылымды, жалған ғалымды өз ісінің нағыз кәсіпқойынан ажырата білудің де маңызы зор.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp