«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Жастар және ғылым – 2025: заманауи сын-қатерлерді болдырмаудың ғылыми тәсілдері» атты халықаралық конференция өтті. Академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына орай өткен шарада ғалым мұрасын дәріптеу, отандық ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау жайы сөз болды. Жиынға қатысқан отандық және шетелдік зерттеушілер, білім алушылар өз ойларын ортаға салды.

– Сіздерді ғылым күніне орай өтіп отырған маңызды кездесуде көріп тұрғаныма қуаныштымын. Бүгінгі шараның Евней Бөкетовтің мерейтойына орайластырылғаны бекер емес. Академик өзінің табандылығы мен қайтпас қажыр-қайратының арқасында ғылымда атын қалдырды. Оның өмірінің сынаққа толы тұстары аз болған жоқ. Алайда оның есімі қайта жаңғырып, ұлықталып жатыр. Бүгінгі конференция – ғылыми тәжірибе алмасып, халықаралық серіктестікті нығайтып, жас ғалымдарды қолдауға серпін беретін алаң. Шараға АҚШ, Италия, Түркиядан зерттеушілер қатысып отыр. Біздің алдымызда оқу орнын зерттеу университетіне трансформациялау міндеті тұр. Сондықтан да шетелдік серіктестер және жергілікті билікпен тығыз жұмыс істеп келеміз, – деді жиынды ашқан университеттің басқарма төрағасы Ербол Исақаев.

Конференцияға Қазақстан мен алыс-жақын шет елдерден 200-ден астам ғылыми жұмыс келіп түскен. Бұл күні Евней Бөкетовтің өмірі мен шығармашылығына арналған дәрісхана ашылып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Елде жас ғалымдарды қолдау мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ғылым және технологиялық саясат жөніндегі заң қабылданды. Оның аясында өңірлік университеттерді зерттеу орталықтарына айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыстық әкімдіктердің жанынан ғылыми кеңестер құрылды. Мұны өңір басшысының құттықтау хатын жеткізген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов та атап өтті. Ол бірқатар зерттеушіні облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Жиынға Евней Бөкетовтің қарындасы Нұрсұлу Бөкетова да қатысып, өз естеліктерімен бөлісті. Ғалымның туысы академик мұрасын зерттеп жүрген университет студенті Аяжан Ілиясқа ақшалай сыйлық табыстады. Химия пәнінен студенттік олимпиада жүлдегерлері де құрметке бөленді.

– Мен Қарағандыдағы академиктің музейін Нью- Йорктен келген ғалымға көрсеткенде ол жылап жіберді. Ол: «Адам қысқа ғана ғұмырында мұнша дүние істеп үлгеруі мүмкін бе?», – деп қайран қалды. Біз қазақтың қандай тұлғадан айырылғанын сонда ғана түсіндік. Ғалымның тұлғасы алыстаған сайын айқындала түседі. Евней Бөкетовтің еңбектері жаңа қырынан ашылып, лайықты бағасын алып жатыр. Осындағы барлық зерттеушілер мен студенттерді Евней Бөкетовтің рухы желеп-жебеп жүрсін деп тілеймін. Академик өз жазбаларында ғылыми идеялардың іс жүзінде жүзеге асуы керектігін айтты. Бүгінде ғалымдардың алдында коммерциянализация деңгейіне шы-ғу міндеті тұр, – деді Нұрсұлу Бөкетова.

Шараға Аризона университетінің флора және фауна геномикасы мәселелері жөніндегі ғалымы Род Винг, АҚШ профессоры Тони Спаркс қатысып, жергілікті университетпен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Олар агрономия, инклюзивті оқыту салаларында жергілікті мамандармен бірлесіп зерттеу жүргізуде.

– Мен өзімді тарих деп аталатын үлкен кеңістіктің студенті санаймын және осынау тарихтың куәгері болып отырғаныма ризамын. Біз осындағы мамандармен бірлесіп инклюзивті білім беру бағытында көп жұмыс атқардық. Мұның бәрі алдағы уақытта да жалғасады. Қазақстанға жасаған төртінші сапарымда өзімнің 2-курста оқитын ұлымды ала келдім. Баламның алдағы уақытта осында тәжірибе жинақтағанын қалаймын, – дейді профессор Тони Спаркс.

Шара соңында «Ғылымдағы серпіліс: жас көшбасшылар» аталымы бойынша 9 оқытушы мен «Ғылымның болашағы: жас дарындар» аталымында 13 студент марапатталды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp