
Өңірімізде ізгілік пен жақсылыққа көп мән беріп, өскелең ұрпақтың келешегі кемел болуына зор еңбек сіңіріп жүрген талай ұстаздар бар. Солардың бірі – облысқа, республикаға танымал ұстаз Алма Мырзалинова. Ол Петропавл қаласындағы К.Ушинский атындағы педагогикалық институтты 1981 жылы үздік тамамдап, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгерген.
Ұстаздықты ауылдық мектепте бастаған Алма Жәкімқызы кейін еңбек жолын Петропавл қаласындағы теміржол мектеп-интернаты, қалалық классикалық гимназия, жалпы білім беретін лицей, Петропавл педагогикалық училищесі сияқты білім ошақтарында жалғастырады. Білім берудің түрлі деңгейдегі сатыларынан біртіндеп көтерілген ұстаз мол тәжірибе жинақтайды.
Өзгенің жақсылығынан тағылым алып, жаманын сабақ ете білген Алма Мырзалинова ұстаздықтың қыр-сырын шеберлікпен меңгере жүріп, ғылыммен айналысуға да бел буады. Ғылымның теңізіне терең бойлаған ұстаз 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде – кандидаттық, араға он жыл салып “Орыс тілін оқытуда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру” тақырыбында докторлық диссертацияларын қорғаған.
Жиырма жыл бойы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қызмет істеп, оқытушы, доцент, профессор атанып, ғылыми педагогикалық бағытта еңбек етеді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында қызмет атқарған.
Ғалым 400-ден астам басылымның, оның ішінде монография, оқу-әдістемелік және әдістемелік құралдардың, диссертациялық зерттеулердің нәтижелері бойынша шыққан жарияланымдардың, жақын және алыс шетел басылымдарының авторы.
Алма Жәкімқызы кәсіби шеберлікті шыңдау үшін мол тәжірибенің аз екендігін, бұған қоса оны өзіңнің дамуың үшін белсенді түрде іс жүзінде қолдануың білім берудің басты құндылығы екендігін әрдайым ұстаздарға айтып отырады.
Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың: “Өзің лаулап тұрсаң ғана, өзгеге от бере аласың” – деген сөздері Алма Мырзалинова туралы айтылғандай. Шынында да, ол жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беруден еш жалыққан емес. Оның кәсібилігі мен табысының сыры ізденімпаздығы мен жұмысқа деген ерекше ықыласында екені баршаға аян. Мектептегі білім беру ісінде инновациялық дамуды алдыңғы орынға қойып, жетістікке жету жолын үнемі тілге тиек етіп отырады.
Алма Жәкімқызы біздің қоғамда мұғалімнің рөлін биіктету үшін, алдымен, педагогтің өзі аянбай еңбек етуі керек деп есептейді. Бұл ұстаздың негізгі ұстанымы болғанын оның өнегелі, үлгілі еңбек жолынан тануға әбден болады. Бүгінгі күні өзі басқарып отырған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты республика көлеміндегі үздіктер қатарында. Бұл да білімді де білікті басшының ұжыммен бірлесіп жұмыс істей білу іскерлігін танытады.
Әріптестері өз уақытын аямай, біреудің бақытын аялау жолында ұстаздық ұлағатымен танылған Алма Жәкімқызының білім беру жүйесіне әлі де талай жаңашылдықтар енгізіп, биік белестерді бағындыратынына сенеді.
Светлана ШӘУКЕРОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ
“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының маманы.