
Қазақ мектеп-гимназиясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы» тақырыбында өткен шарада ұстаздар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қозғалған мәселелер төңірегінде пікір алмасып, жас буынға ұлы ойшылдың мұрасы негізінде тәрбие беру тақырыбын талқылады.
Облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің зертхана жетекшісі Айнагүл Есқалиева мақалада айтылған негізгі міндеттерге тоқталған соң, қала мектептерінің ұстаздары мен оқушыларының атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Бүгінде қазақ мектеп-гимназиясында балалардың хакімнің шығармашылығымен жақынырақ танысуына мүмкіндік беретін «Абай» орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері оқушылар Абай оқуларына жаппай қатысып, білім сайыстарын өткізген.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Жанбай Қадыров қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретінде Абайдан қалған мұраны халқымыздың баға жетпес құндылығына балады. «Абайдай ғұлама мың жылда бір-ақ рет туады. Оның қозғамаған тақырыбы жоқ. Замандастарының сауатын ашу, халқын надандықтан, ескі көзқарастан арылту жолында аянбай тер төкті. Мемлекет басшысының өз мақаласында: «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады», деген тұжырымы өте орынды айтылған», – деді Жанбай Тұрарұлы.
«Дөңгелек үстел» отырысына қатысқан өзге тәлімгерлер де ұлы ойшылымыздың айтқанын істеп, ақылына ерсек, биік белестерге жетеміз десті. Ақын шығармашылығын жан-жақты талқылаған соң ұстаздар қауымы білім саласындағы соңғы жаңашылдықтарға да тоқталды. Облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Есенайқызы мен Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың ұстазы Раушан Темірболатқызы қазақ тілінің бүгінгі жағдайы және педагог мамандығының мәртебесін арттыру мәселелері төңірегінде ой қозғады.
Баяндамашылар айтып өткендей, Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын 25-ші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып, «өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор» деген болатын. Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Тәлімгерлер ұлттық ерекшелігімізді жоғалтпау жолында осындай жайттарға ерекше ден қою қажеттігін атап өтті.
Шара барысында Абай өлеңдерін жатқа айтудан мектепішілік челленджге қатысқан бір топ оқушы ақынның өлеңдерін оқыды.