Республика бойынша қыркүйек айының басында жарақаттың алдын алу онкүндігі ұйымдастырылады.
Кездейсоқ оқиғалар талай адамның өмірін қияды. Осындай кезде “Сақтық ережелерін неге сақтамадық екен?” деген өкініштің орын алатыны да сөзсіз. Сондықтан үлкен де, кіші де бірқатар ережелер мен талаптарды саналарына сіңіріп алғандары жөн. Олар мыналар: көшеде жол жүру ережесін қатаң сақтап, жолдың белгілерін жатқа білу; балаларға көлік жүретін көше бойына жақын ойнауға тыйым салу; қоғамдық көлікте ұстанып тұру; жеңіл көлікте жол жүру ережесін сақтап, қауіпсіздік белбеуін тағу. Сақтанғанда ғана адам өміріне төнетін қауіп азаяды. Сондай-ақ, жас жеткіншектерге су жағасына үлкен адамдардың қарауынсыз баруға болмайды. Ағашқа міну, құрылыс жүріп жатқан жерлерде ойнау да қауіпті. Велосипедті, роликті конькиді, скейтборларды дұрыс қолдана білмесең, олардан да жарақат алуыңыз мүмкін. Өсімдіктерді, жемістерді, саңырауқұлақтарды жақсы танымасаңыз, тамаққа пайдаланбаған абзал. Тұрмыстық газ және электр құралдарды қолдануда сақтық ережесін ұмытпаған жөн. Кесетін заттардан абай болыңыз. Сіріңкемен ойнау, отқа жақындау да қауіпті.
Ақжайық ӘЛІМЖАНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша саламатты өмір салтын қалыптастыру
орталығының валеологы.