Есіл ауданындағы Николаевка ауылының ірге көтергеніне 120 жыл толды. Қазір аталмыш елді мекенде 500-ге жуық бала білім алатын мектеп, үлкен кітапхана, 2 ірі серіктестік, балабақша сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар үздіксіз жұмыс істеуде.
Ауылдың мерейтойын атап өтуге еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналды. Олардың қуанышына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров та ортақтасты. Ол бір ғасырдан астам тарихы бар ауылдың тұрғындарын қызу құттықтады.
Айдарбек Сапаров жергілікті мектепке облыс әкімінің атынан “ГАЗель” автокөлігінің кілтін тапсырды. Ал ауылды көтеруге ат салысқан еңбеккерлер бұл күні өңір басшысының Алғыс хаттарына ие болды.
Николаевка ауылынан шыққан дара тұлғалар баршылық. Олардың қатарында қазақ елінің биікке шарықтауына үлес қосып жүрген Социалистік Еңбек Ері де, композитор да, суретшілер де бар. Солардың бірі – Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов. Ол да жерлестерін құттықтап, ауылдың ақсақалдарына төсбелгілер тапсырды, мектепке жаңа кітаптар сыйлады.
Николаевка тұрғындарын құттықтаған аудан әкімі Мұратбек Әбішев теледидарлар мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Мерекеге орай спорттық ойындар да ұйымдастырылды. Үлкен алаңда күрестен жарыс өткізілді. Әсіресе, атжарыс жұртшылықтың делебесін қоздырды.
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.