«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТТЫ

Ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңына өшпес із қалдырған жандар. Демек, олардың оқ пен от ортасындағы ерліктері әрдайым ел жадында. Сындарлы жылдарда қазақ пен орыс, украин мен өзбек, грузин мен беларусь, латыш пен әзірбайжан, татар мен башқұрт, тағы да басқа көпұлтты жауынгерлердің тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір екендігімен жұдырықтай жұмылды, жауды жеңді. Сол кездегі тылда еңбек еткендер “Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!” деген ұранмен іске жұмылып, майдан даласындағы ерлік пен тылдағы жанқиярлық Жеңіс туын Берлин үстінде желбіретті. Сол жылдарда жанын шүберекке түйгендер қатарында біздің уәлихановтық ардагерлер де баршылық. Осыған орай Кішкенекөл ауылының тұрғыны Арын Исақаев ақсақалды әңгімеге тартқан едік.

1927 жылдың 15 шілдесінде бұрынғы Қызылту ауданының 5 декабрь атындағы колхозда дүниеге келген Арын Сәкенұлының балалық шағы ауылда өтеді. Өмір есігін ашқан ауылда бастауыш мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, 5-9-сыныпты Бестөбедегі мектепте оқиды. Он жылдық мектепті Қызылту ауылындағы Кішкенекөл орта мектебінде тамамдайды. Арын ақсақал өз сөзінде: “Жастық шағым Ұлы Отан соғысы жылдарымен қатар келгендіктен, колхоз жұмысына ерте араластық. Әсіресе, шөп шабуға жәрдемдесіп, егін орағы науқанында өгіз айдадық”, – деп еске алды.  

“Бәрі де Жеңіс үшін!” деген ұран Арын ақсақалды да бейжай қалдырмай, 17-ге енді толған шағында майдан қатарына шақырылған ақсақал Саратов маңайындағы далалық штабта 3 айлық арнайы оқудан өтеді. Сонан соң Мәскеу түбінде бір ай шамасында арнайы жаттығудан өткен Арекеңе кіші сержант шені беріліп, 1944 жылдың тамыз айының аяғында Румынияның Яссы қаласындағы 2-ші Украин майданында ұрысқа кіреді.

Кезекті бір шайқаста ерлік көрсеткен Арын ақсақал аяғынан ауыр жарақат алуына байланысты Николаев қаласындағы госпитальға жөнелтіледі. Ем-дом алған оны госпиталь басшысы қатардағы ең жас жауынгер екенсің деп, 1944 жылдың қараша айында 10 күндік демалыс беріп, ауылға қайтарады.

Ауданға қайтып оралған жауынгер әскери комиссариатқа есепке тұрған уақытында: “Әлі де болса майданға қатысуға жарайсың”, – деп, он шақты жігітті жасақтап, қайта аттандырады.

Майдан даласына қайта аттануға Көкшетау қаласынан арнайы медициналық байқаудан өткен А. Исақаевты Теміртау қаласында құрылыс жүріп жатқан металлургия комбинатының қарулы вахталық күзеттің қарауыл басшысы етіп тағайындайды. Бұл қызметті 1945 жылдың желтоқсан айына дейін атқарған Арын Сәкенұлын мемлекеттік қауіпсіздік саласына қызметке шақырады.

1950 жылдың қыркүйек айына дейін қатарда қызмет еткен Арын Исақаев белгілі бір себептерге байланысты 1951 жылдың сәуір айында аудандық қаржы бөлімінің салық жинау жөніндегі аға есепшісі қызметіне ауысады. Ал 1962 жылдың сәуір айында аудандық атқару комитетінің аудандық жоспар бөлімінің төрағасы қызметіне ауысады. Бар саналы ғұмырын еңбекке арнап, адалдықты жанына серік еткен ақсақал 1971-1987 жылдар аралығында ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарады. Еңбек еткен жылдар ішінде ардагер ата 1963-1985 жылдары аралығында аудандық кеңес депутаты, аудандық кеңес атқару комитетінің мүшесі де болды.

Болашақ үшін, жарқын келешек үшін жанын аямаған Арын ақсақал майдан жылдарында ерлігі үшін орденмен де, медальдармен де марапатталды.

Құдай қосқан қосағы, жан жары екеуі 3 қыз 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі күні 13 немере, жиен сүйіп, 10 шөбере көріп отыр.

Көпті көрген Арын қарт әңгімесін: “Егемен Қазақстанымыз өркендей берсін! Байлығымыз игеріле берсін! Заманауи технологияларды меңгерген жастарымыз өсе берсін! Көпұлтты елімізде тыныштық болсын!” – деген ақ тілекпен түйіндеді.

Сарман АЯЗБЕКОВ.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp