Соңғы жылы әлемдік экономикадағы ахуалдың едәуір төмендегенінен-ақ инфляциялық өзгерістердің болатынын іскер азаматтар, кәсіпкерлер білмей қалған жоқ. Бұрнағы күні экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын теледидардан ынта қоя тыңдадым. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, Үкімет пен Ұлттық банктің бұл шешімі сарапшылардың, «Атамекен» ұлттық палатасының, еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің ұсынысымен қабылданды. Шынында да, Елбасымыз дәл айқындағанындай, бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы мыңдаған адам еңбек ететін кәсіпорындардағы, ауылдардағы жұмыс орындарын сақтай аламыз.
Инфляциялық таргеттеуге көшу өңір өндірісшілерінің бизнесін, диқандардың, малсақ жандардың маңдай тер еңбектерін қорғаудағы ықпалды шара болып табылады. Өйткені, теңгенің ресейлік рубльге бұрынғы бағамы кезінде олардың елеулі зиян шеккені жасырын емес. Әсіресе, бұл соңғы айларда сату көлемінің азаюына өкініш білдірген азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарына қатысты болды дер едім. Тіпті, ауылдағы, ағайындар қолындағы санаулы малдарын саудагерлерге өткізе алмай отырған жоқ па еді. Көрші елдің өнімдері арзан болған соң біздікін нарықтан шығара бастады. Біздің өңір Ресейдің экономикалық жақсы дамыған үш облысымен шекаралас болғандықтан, олардың арзан тауарлары, көліктері мен тағамдары бізге ағылып жатты.
Әрине, алғашқы күні көпшілік абыржып қалды. Ақша айырбастау пункттерінде, әлеуметтік желілер мен ғаламторда әбігерлену болмай қалған жоқ. Қазір жағдай тұрақтанып, адамдар тынышталып келеді. Ең бастысы, олар ең бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғайтын Президент пен Үкіметтің аталған қадамының дұрыстығын түсінеді.
Құдайберген ҚАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.