Еліміздің көк аспанында Тәуелсіздік туы желбіреп, ата-баба аңсаған егемендікке қол жеткізгенімізге биыл – 25 жыл. Осы ширек ғасыр ішінде қазақ елі дамудың жаңа белестеріне көтерілді. Елді мекендерде әлеуметтік ахуал жылдан-жылға жақсара түсті. Мен мұны өзіміздің Қарасу ауылдық округіне қарайтын елді мекендердің даму үдерісінен байқаймын.
Тұрғындардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы айналымында 231782 гектар жері болса, соның 215 гектарына ғана дәнді дақылдар егіліп, 196198 гектары жайылым үшін пайдаланылады. Мал басын көбейтіп, өздерін жұмысбасты әрі табысты ету ауыл тұрғындарының басты мақсаттарының бірі. Оның үстіне олардың мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіптен нәсіп табуға болатынына көздері жетті.
Тұрғындар ірі қараны асылдандырумен айналысуда. Бүгінде округтің бес кәсіпкері осы бағытта жұмыс істейді. “Сағындықов”, “Құмдыкөл” шаруа қожалықтары, “Дружба”, “Керей – 2014”, “Көксеңгір” фермерлік шаруашылықтары “Сыбаға”, “Құлан” бағдарламалары арқылы мемлекеттік несие қаржысы тетіктерін пайдаланып, мал шаруашылығының дамуына үлестерін қосуда. Мемлекеттік бағдарламалар елдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған. Көптеген жылдар бойы таза ауызсудан қиындық көріп келген Золотая Нива және Аққұдық ауылдарына құбыр тартылып, мәселе толықтай шешілді.
Биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында округтегі елді мекендерді абаттандыру үшін 3,4 миллион теңге қаржы бөлініп, ол Аққұдық пен Золотая Нива ауылдарының арасындағы жолды жөндеуге, балаларға арналған ойын алаңын салуға, Аққұдық ауылын абаттандыруға жұмсалды.
Қарасу ауылдық округінде халыққа сауда-саттық қызметтерін көрсететін үш дүкен бар. Округ тұрғындары үшін 1 ауыл кітапханасы, 2 пошта бөлімі, 2 медициналық және 1 ветеринарлық қосын жұмыс істейді. Өткен жылы Аққұдық ауылында хоккей қорапшасы салынды.
Білім жүйесіне тән оң өзгерістер біздің округте де сезіледі. 2010 жылы Аққұдық негізгі мектебінде “Ақбота” шағын орталығы ашылды. Мектеп ұжымы округтегі түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысады. Сондай-ақ, аталмыш білім ошағында жерлестері мақтан ететін шебер қызмет етеді. Аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, технология пәнінің мұғалімі Бауыржан Төлеубиевтің қолынан шыққан бұйымдар кімді болсын тамсандырады. Бауыржан Зикенұлы осыдан үш жыл бұрын Абайдың мүсінін жасап, ол Аққұдық ауылының ортасына қойылды. 2015 жылы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында майдангерлерге арналған мемориалдық ескерткішті де сәулетті етіп жасады.
Ауданда жыл басынан бері Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тарту ретінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Жақында “Сегiз қырлы – бiр сырлы” атты үлкен мерекелiк жиын өтіп, онда тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз айтылып, елімізді одан әрі дамытуға деген сенімділікті ұялататын жылы лебіздер естілді. Сол салтанатты басқосуда аудан басшысы Аман Төрегелдин сөз сөйледі. “Тәуелсiздiк жылдары еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Халықаралық аренаға шығып, елдің елдігін танытты. Тәуелсіздік жылдары бағындырған белестерді саусақпен санап көрсету мүмкін емес. Елдің өркендегенін өз ауылдарыңыздан да байқап отырсыздар. Осы кішкентай елді мекеннің өзі көптеген қуанышты сәттерге куә болды. Тұрғындардың әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді. Ауданымызда ауыл шаруашылығы бойынша көп жұмыстар атқарылуда”, – деді аудан әкімі.
Рухты көтеріп, адамдарды жігерлендіретін мұндай жиындар өткізу абыройлы іс. Әрбір мерекелік шарадан тұрғындардың көңіл түкпірінде жақсы әсер қалады. Мәселен, соңғы жиында “Табиғат сұлулығы” атты демалыс орны ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде ұсынылған демалыс орнына қыран бүркіттен бастап неше түрлі жануарлардың мүсіндері орнатылды.
Ширек ғасыр аз уақыт дерміз, бірақ осы жылдар ішінде елмен бірге әрбір қазақстандық есейді. Өркениетті елдің азаматына лайық талай тұлғалар қалыптасты. Ата-бабамыздың көксеген арманы болған Тәуелсіздіктің әр таңы біз үшін үлкен бақыт екендігі сөзсіз.
Асқар ЖҮКЕНОВ,
Қарасу ауылдық округінің әкімі.
Уәлиханов ауданы.