
Өңір басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан – “Егін” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Явленка ауылындағы шаруашылық – өңіріміздегі астық өсірумен, оны толық өңдеумен және өткізумен айналысатын бірегей агроқұрылымдардың бірі. Былтыр серіктестік иелігіндегі 7 мың гектар егістіктің 5 мың гектарына бидай, 2 мың гектарына майлы дақылдар сіңірген болатын.
Құмар Іргебайұлы кәсіпорынның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған диірмені мен макарон кешенінде болды. Толықтай италиялық қондырғылармен жарақтандырылған цехтарда жылына 3443 тонна ұн, 746 тонна макарон және 834 тонна кебек өндіріледі. Екі жүзге жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кешен үш ауысымда жұмыс істейді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігіне айрықша назар аударады. Біз соның нәтижесін көріп келеміз. “ҚазАгроҚаржы” компаниясы арқылы лизингке заманауи техникалар алдық. Атап айтқанда, “Джон Дир”, “MacDon”, “МТЗ-82” маркалы 14 тракторымыз, 16 дән жинайтын комбайнымыз, 4 егістік кешеніміз бар. Бұл техникалардың арқасында көктемгі, жазғы және күзгі дала жұмыстарын толық атқару мүмкіндігіне иеміз, – дейді серіктестіктің бас директоры Владимир Чубыкин.
Бүгінде серіктестіктің өнімдеріне жергілікті және республикалық нарықтан бөлек, шетелден де сұраныс бар. Өнімдер негізінен Ресейге, Түркіменстанға, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталуда.
Өндіріс цехтарын аралаған өңір басшысы облысымызда бидайды өңдеумен және өткізумен айналысатын кәсіпорындардың санын көбейту қажеттігін атап айтты.
– Облысымызда қайта өңдеу өндірісінің көлемі 20 пайызды ғана құрайды. Бұл, әрине, аз. Сондықтан тұрғындарды жыл он екі ай жұмыспен қамтитын өндіріс орындарын ашу маңызды. Бизнесті өркендетуге мемлекет тарапынан жағдай жасалуда. Жолдарды салуға, қуат көзін тартуға, сол сияқты, инфрақұрылым жүйесін дамытуға қолдау көрсетіледі, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қазіргі уақытта агроқұрылым көктемгі егіс науқанына сақадай сай отыр. Сұраныстың артуына байланысты серіктестік үстіміздегі жылы 3 мың гектар алқапқа майлы дақыл сіңірмек.
Әңгіме барысында өңір басшысы алдағы уақытта кебекке сұраныстың артуы мүмкін екенін айтты. Жуырда қытайлық компаниялардан 60 мың тонна кебекке тапсырыс түсіпті. Бұл жергілікті агроқұрылымдар басшыларын ойландыруы тиіс.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі “Агрохимснаб” серіктестігінде болып, жарық әрі жылы қоралардағы ірі қараның жағдайын көрді.
Серіктестік басшысы Василий Шкодин – ауыл шаруашылығы саласындағы танымал мамандардың бірі. Амангелді елді мекенінің жеті мың гектар жеріне дән сіңіріп, еңбегінің несібесін көріп жүрген Василий Васильевич соңғы 7 жылдан бері малмен айналысуға ден қойған. Ол “Халық банкі” АҚ-нан жылдық 8 пайыз өсіммен мал сатып алуға 40 миллион теңге, қора-қопсы салуға 18 миллион теңге несие алған болатын. Егер бірінші жылы қорасына қазақтың ақбас сиырының 100 төлін енгізсе, бүгінде Зеңгі баба тұқымы 200-ге жеткен. Сондай-ақ, ол “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның өңірлік филиалына жүгініп, мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасына қатысқан. Бүгінде мал басын 465-ке жеткізді. Қазір сиырлар төлдей бастапты.
– Үстіміздегі жылы 150-170 төл аламыз деп жоспарлаған болатынбыз. Қазір, міне, оның 30 пайызы орындалды. Сәуір мен мамыр айларында бұзау саны тағы 50-ге толықпақ. Өткен жылы 59 тонна ет өндіріп, 130 бас асылтұқымды тайынша сатылды, – деді Василий Васильевич.
Шаруашылықтың жаңа технология бойынша салынған қоралары жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Қоралар біздің өңірдің ауа райына қолайлы етіп салынған. Малға жайлы. Төбедегі жұқа материал қораға жарық түсіреді. Серіктестік басшысы жыл соңына дейін шаруашылықтағы малдың санын арттыру ойы бар екенін жеткізді. Қазір мұнда егіншілік пен мал шаруашылығында 50 адам жұмыспен қамтылған.
Бұдан соң Құмар Ақсақалов былтырғы жылы аудан орталығында пайдалануға берілген “Алтын Есіл” сауда үйінде болды. 600 шаршы метрге жайғасқан нысанның құны – 20 млн.теңге. Мұнда Петропавл, Қостанай және Көкшетаудан жеткізілген 12 мыңнан астам тауар түрі саудаланады. Қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейде. Облыс әкімі Есіл ауданына сапарының соңында “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалында қоғам өкілдерімен кездесті.
Өңір басшысы Қызылжар ауданында Новоникольское ауылындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігіне барды.
Ауыл азаматтарының басым бөлігін тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қыруар істің басын қайырған. Мәселен, үстіміздегі жылы Новоникольское ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Спорт кешенінің құрылысына және жабдықтарды сатып алуға 240 млн. теңге қаражат жұмсалды. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдықтар үшін бұл әлеуметтік нысанның маңызы зор. Кешенде волейбол мен баскетбол ойнауға арналған алаң, жаттығу залы, медициналық кабинет, сондай-ақ, бильярд залы орналасқан. Нысанда ұзындығы 25 метрлік бассейн де бар. Коммандиттік серіктестіктің бас директоры Геннадий Зенченко мамыр айында бассейн іске қосылатындығын жеткізді.
Серіктестіктің өз қаражатына тұрғызылған жаңа заманауи дәрігерлік амбулатория да ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Мұнда дәрігерге дейінгі тексеру, медициналық мұрағат, физиотерапия және тағы басқа кабинеттер бар. Ғимараттың жалпы аумағы – 416 шаршы метр. Медициналық мекемеде осы маңдағы жеті ауылдың 3,7 мың тұрғыны ем-дом алу мүмкіндігіне ие.
Серіктестік басшысы Геннадий Зенченконың айтуынша, озық технологияларды кеңінен қолданудың арқасында агроқұрылым біраз жетістіктерге қол жеткізуде. Мұнда машина-трактор паркі тұрақты жаңартылып, топырақты өңдеудің жаңа әдістері қолданылады. Селекциялық шараларды ғылыми негізде жүргізудің арқасында табындар асылтұқымды малмен толығып, өнім көлемі айтарлықтай артуда. Әр сиырдан жылына 7 мың литр сүт сауылса, мал шаруашылығы кешенінен күніне 40 тонна сүт жөнелтіледі. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мүмкін болып отыр.
Әлемдегі озық деген технологияларды қолданатын шаруашылық соңғы жылдары мал шаруашылығы кешенінің үш жаңа бөлімшесін іске қосқан болатын. Бөлімшелерде “Инвет” ААҚ-ның жабдықтары мен арнайы бокстары орнатылған. Сиыр қорада 356 ірі қара, бұзау қорада 100 бұзау және төлдету бөлiмiнде 135 бас мал бар. Жаңа нысандарды салу мал басын көбейтуге және сүт өндірісі көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
Бүгінде серіктестіктің өнімдеріне Ресейдің Қорған және Түмен облыстары да қызығушылық танытуда.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.