Ата-ананы сыйлау, оларды құрмет тұту – әр перзенттің парызы. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын елімізде қарттар үйі көбеюде. Соңғы ресми деректерге сүйенер болсақ, елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінің саны 87-ге жеткен. Кәрілікке аяқ басып, түрлі себептермен осы мекемелерді паналаған 30 мыңдай адам амалсыз қарашаңырағын қарттар үйіне айырбастаған. Ең сорақысы сол, қарттар үйінде соңғы кезде бала-шағасы жоқ, жалғыз басты кәрі-құртаңдардан гөрі, ұл-қыздары бар ата-аналардың қатары қалыңдай бастаған. Ата-ананы қарттар үйіне тоғыту деген біздің қоғамда бұрын-соңды болмаған. “Жаман әдет жұққыш келеді” демекші, Батыстан басталған үрдіс бүгінде жыланша жорғалап, бізге де жетті. Жеткенімен жай қоймай, санамызды улап, бала мен ата-ана арасындағы сүйіспеншіліктің тамырына балта шапқысы келетіндей.
Бейнетінің зейнетін көріп, немере, шөберелерінің қызығына бөленіп отыратын шақта қарттар үйін паналаған ақжаулықты аналар мен асқар таудай әкелерді тыңдап, “Кім кінәлі?” – деген сұраққа жауап алу үшін Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінде орналасқан қарттар мен мүгедектер үйіне барып, ондағы адамдарды әңгімеге тарттық. 2002 жылы ашылған мекеме “Голос веры” қоғамдық бірлестігіне қарайды. Бүгінгі таңда бұл жерде 59-95 жас аралығындағы 27 адам тұрып жатыр. Өзі де өмірден теперіш көріп жүрген қариялар аты-жөндерін және басқа да жеке бастарына қатысты мәліметтерді көрсетпеуді сұрады.
Бірінші болып шерін ақтарған қарияның жасы 84-те екен. Ол Есіл ауданына қарасты Лузинка деген ауылды жерде өмірге келіпті. Төрт жылдан бері қариялар үйінде тұратын апайдың жан дегенде жалғыз ұлы бар. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласы бүгінде орда бұзар жасқа жеткен жігіт. Ол үйленгенше анасымен бірге тұрған. Бірақ отау құрып, өзі үйлі-баранды болған кезде анасын қарттар үйіне тапсырған. Сексеннен асқан қария оның барлығына келінін кінәлайды. Оның сөзіне сүйенер болсақ, жас келін қартайған қайын енесін бағып-күткісі келмеген. Бастапқы кезде немерелері келіп, бір мезгіл қарияның көңілін аулап жүрген. Алайда, соңғы кезде олар да төбе көрсетпей кеткен. Немерелерін тосып, терезеге жаутаңдаған қарияның ендігі жалғыз ермегі – ұялы телефон. Жақында оны баласы сатып әперіпті.
– Міне, балам маған мынадай телефон сатып алып берді. Өзінің келе беруге уақыты жоқ. Жұмысы көп. Анда-санда өзі телефон соғып, сөйлесіп тұрамыз. Мен оған ренжімеймін. Қалай болғанда да жалғызым, көзімнің қарашығы ғой. Аман болсын, – дейді қария.
82 жастағы қария қарттар үйіне өзі келген. Соғыс басталғанда небәрі 8 жаста болған ол жұмысқа ерте араласқан. 15 жасында сауыншы болып, егде тартқан әйелдерден қалмай, жұмыс істеген. Өкініштісі, жасынан ауыр жұмысқа жегілген бойжеткен тұрмысқа шыққанда бала көтере алмаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын үш бөлмелі үйде жалғыз қалған. Жүріп-тұруы қиын болған соң баспанасын сатып, қаланың шетінен жер үй алып, құрбысының қасына көшіп барған. Жалғызбасты адамға жер үйде тұру оңай ма, ақыры инсульт алып, ұзақ уақыт бойы ауруханада жатып емделген.
– Мен инсульт алғаннан кейін денсаулығым күрт өзгерді, жүріп-тұруым қиындады. Біреуге масыл болмайын деп осында келдім. Қазір денсаулығым жақсарып келеді, – дейді ол.
Жасы тоқсанға таяған облыс орталығы тұрғынының қабағында да кірбің бар. Ол бертінге дейін үш бөлмелі үйде немересімен бірге тұрып келіпті. Осыдан бірнеше ай бұрын немересі үйлерін сатып, Ресейге кетіп қалған. Өз қажетінен қалған ақшаға әжесіне жатақханадан бір бөлме алып, қарияны сонда орналастырып кеткен. Бірақ арада аздаған уақыт өткенде қария абайсызда құлап, мертігіп қалады. Жүріп-тұруы қиындаған қарияның күтімі адам қолына қараған соң көршілері немересін телефон арқылы Ресейден шақыртып алады. Сырқат әжесіне демеу болудың орнына немересі оны “уақытша ғана” деп қарттар үйіне орналастырып, жатақханадағы бөлмесін сатып, ақшасын алып, кетіп қалған. “Әже, мен келіп, сені алып кетемін…”, – деген сөзге балаша иланған қария оның келетініне сенімді. Басшылар қарияның немересіне телефон шалып, сөйлескен. Бірақ оның “келемін” деген сөзіне сену де қиын болып тұр бүгінде. Өйткені, қарияда енді алатын еш нәрсе жоқ. Оның өмір бойы жиып-терген ақшасына алған баспанасы, тіпті, жатақханадағы жалғыз бөлмесінің өзі сатылып кеткен. Ең өкініштісі, осының барлығын істеп отырған – оның туған немересі.
Қарттар үйінің директорының әңгімесін естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Осыдан бірнеше жыл бұрын баласы іше берген соң қарттар үйіне бір қария өзі келген. Баласына іштей ренжісе де, қария оған үнемі зейнетақысын беріп, көмектесіп тұрады екен. Қайтарының алдында да жиған-тергенін баласына беруді сұраған қарияның өтінішін қарттар үйінің басшысы жерге тастамаған. Сөйтіп, ана бақилық болғанда баласына хабар береді. Және де оның азын-аулақ ақша қалдырғанын да жеткізеді. Ал баласы болса: “Өмірінің соңғы күндерін осы жерде өткізді, соңғы сапарға да өздерің аттандырыңдар”, – деп, анасының жерлеу рәсіміне келмеген. Мұндай жауаптарды бұрын-соңды да естіп жүрген қызметшілер кейуананы соңғы сапарға өздері шығарып салды. Арада біраз уақыт өткен соң қарттар үйіне марқұмның баласы келіп, анасының жерленген жерін емес, оның тастап кеткен ақшасын сұраған.
Қарттар үйінде тағдыры әртүрлі адамдар тұрады. Олардың бірі сырттан келген адаммен ашылып, ішкі сырын ақтарып сөйлессе, енді біреулері “Менде нең бар?” дегендей, маңайына жуытпайды. Әрине, оларды да түсінуге болады. “Адам кілті – аспанда” дегендей, әрбіреуінің өз сыры, өз мұңы, өзінің қуаныш-қайғысы бар емес пе?! Сондықтан да абайлап сөйлесіп, жүректеріндегі жараның бетін тырнап алмауға тырыстық. Қарттар үйінің ішін бізбен бірге аралап, таныстырып жүрген басшылары Тамара Малетинаға “Балаларын ренжіткені үшін соған өкінетін адамдар бар ма?” – деген сұрақ қойдық.
– Бар ғой, ондай адамның тағдырын сіздерге мен өзім айтып берейін. Анаға баласы ауыр сөз айтса, ол ешбір ренжімейді. Ал енді байқамай баласын өзі ренжітіп алса, өмір бойы соған өкініп өтетін аналар да кездеседі, – деп тағы бір адамның қарттар үйіне келген себебіне тоқталды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қарттар үйіне алпысты алқымдаған қария келген. Ол қызымен болмашы нәрсеге ұрсысып қалған. Содан сөз арасында қызына ауыр сөздер айтып, жиналып үйінен кетіп қалған. Арада бірнеше ай өткенде қызының қатерлі ісік ауруына шалдыққанын естіген. Анасына қатты ренжіген қызы өмірінің соңғы күндеріне дейін онымен кездесуден үзілді-кесілді бас тартқан. Тіпті, қайтарында да: “Менімен қоштасуға анам келмесін”, – деген.
Тар бөлмені тағдыр тартқан сынға балап, өткен өмірлерін еске алғанда еріксіз көздеріне жас келетін қарттарымыз бір кезде біреулердің асылы еді. Енді бүгін балаларына, немерелеріне масыл болғаны ма сонда? Мұның бәріне кім кінәлі? Әрине, қатыгез қоғам, тәрбиеден кеткен олқылық, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік сияқты тіршілік түйткілдерінің салдары – осының бәрі.
Екіқабатты жылы, жайлы үйде орналасқан қарт адамдар үшін бұл жерде барлық жағдай жасалған. Бірақ балаларыңның қасында, немерелеріңнің қызығын көріп, ағайынмен аралас болғанға не жетсін?! Айналасы екі сағат ішінде жаның жабырқайтын түрлі әңгіме тыңдадық, бағасыз байлық, қайтарымсыз мейірімді көрдік. Бір сөзбен айтқанда, қарттар үйінен жабырқап қайттық.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.