Бұл түн – аса қадірлі түн, өйткені араб тіліндегі “لَيلَةُ القَ” сөзі: “қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн” деген мағыналарды білдіреді. Бұл түн басқа түндерден ерекше. Өзге түндерде жасалған ғибадат оған жете алмайды. Сондықтан атына заты сай “Қадір түні” деп аталған.
Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі Қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың рызық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелеріне аян болады.
Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Ма-құрым адам ғана оның сауабынан құр қалады”, – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған.
Құлшылық етіп, сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – Қадір түні. Ал ең қорқынышты түн – адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады.
Құран Қадір түнінде түскен. Құранда осы қасиетті кітаптың Рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген:
َ“Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай”.
Ал Рамазан айының ішіндегі Қадір түнінде Құранның түскендігі жайында “Қадір” сүресінің бірінші аятында былай делінген: “Шынымен де, біз Құранды Қадір түні түсірдік”.
Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: “Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады”.
Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.
Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше адам өмірінде бір Қадір түніне дөп келу бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.
Қате, кемшіліктер, күнә кешіріледі. Хадис шәріпте: “Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі”, – делінген.
ْҚадір түні Рамазанның қай түніне тура келеді?
Алла Тағала бұл өмірді сынақ ретінде жаратқан. Сондықтан да өмір ішіне өлімді, адамдар арасына әулие құлдарын, дұғаның қабыл болатын сәтін жұма күнінің белгілі бір уақытына жасырған. Осы ретпен Рамазан айының қай түні Қадір түні екенін де ашық білдірмеген.
Қадір түнінің нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғана білген. Алайда, әр істі белгілі бір хикметпен жарататын Алла Тағала Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны ұмыттырған.
“Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, жаңағы уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер” деген.
Жалпы алғанда хадистерде Рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті, айдың жиырма жетісінде делінген. Бұл да пенденің Алланың разылығына жеткізетін істерді істеуге, түндерді іздеуге қызықтырады. Алайда, мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізу жеткілікті деуге болмайды. Сол үшін де бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман барлық күндерін осы Қадір түні секілді біліп, маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, Қадір түніне де дөп басуы мүмкін. Ата-бабаларымыз “әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді қадір біл” дегеніне сай Рамазанның барлық түнін ғибадатпен өткізсек, Қадір түнін өткізіп алмас едік.
Қадір түнінің белгісі:
Ол тыныш болады. Қатты ыстық, я қатты салқын да емес. Алла Тағала кейбір адамдарға түсінде немесе өңінде білдіреді. Сол түннің нұрлы екенін көреді. Кейде жүрегіне осы Қадір түні екендігі білдіріледі.
Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Абдулла ибн Омардың (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), Қадір түні және айттың бірінші күні”[12] деген.
Алла Тағала адам баласын өзіне құлшылық етсін деп қана жаратқан. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі ғибадат жасап, нәпіл намаз оқып, Аллаға жақындататын іс жасаған абзал. Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі”, – дейді.
Құран оқу, өзі үшін, әке-шешесі үшін, туған-туыстары мен барша мұсылмандар үшін дұға ету, күнәларынан тәубе ету, уағыз-насихат тыңдау Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне апарар төте жол болмақ.
Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан
облысы бойынша
өкіл имамы.