«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАДІР ТҰТАР АРДАҒЫМЫЗ

Кеңестік кезеңде бүкіл Конституциялар өкілді органдар арқылы қабылданып келгенін білеміз. Ал 1995 жылы Ата Заңымыз барлық қазақстандықтар қатысқан бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылданды. Онда үш мыңға жуық ұсыныс қарастырылып, Конституцияның мәтініне 1100 өзгеріс енгізілді. Осы Конституцияны қабылдай отырып, еліміздің халқы өзінің және келер ұрпақтың болашағын айқын белгілеп алды. Осылай еліміздің тарихында өте маңызды заң құжатын халықтың тікелей қатысуымен қабылдау алғаш рет жүзеге асырылды.

Біздің Ата Заңымыз – дүниежүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толғалы отыр. Тарих үшін бұл – қас-қағым сәт. Мемлекетіміздің Ата Заңы – халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде белгілеп, әлемге, адамзат ғаламына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат. Заң жоғалса, ұлт жоғалатынына бұрынғы КСРО тәжірибесінен айқын көз жеткізуге болады. Алғашқы кеңестік халық санағында (1926 жылы) елде 190 ұлт болған болса, айналдырған 33 жыл ішінде олардың саны екі еседей кеміп кеткен. Демек, ұлт болып қалыптасу тікелей адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, азаматтық қоғам құруды заң жүзінде бекітуіне байланысты. Ендеше заң – әрбір адамның, әр этностың, мемлекеттің қадір тұтар ардағы, қызмет етер қымбаттысы. Бұл, әсіресе, бодандықтан кеше ғана босаған қазақ халқы мен әлемдік сахнаға жас қыранша қанат қаққан Қазақ елі үшін аса қажет.

Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Әрбір қазақстандықтың Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен балалары үшін де мәнділігін бағалай білуі, конституциялық міндеттемелерін қастерлеп, сақтап, орындауы маңызды. Конституция күнi – Отанымыздың құқықтық өмiрiнде мәні мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғары дәрежеде атап өтетiн басты мерекелерiнiң бiрi.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының саяси жағдайы бірнеше факторлармен сипатталады. Біріншіден, ішкі және сыртқы саяси тұрақтылықты атап кеткен жөн. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, Республикамыздың азаматтарының 75 пайызы мемлекеттік саясатқа, ал 56 пайызы Үкіметке сенім білдіреді. Олар мемлекетімізде болып жатқан үдерістерді дұрыс бағалап, шын мәнінде қолдау көрсетеді. Екінші маңызды фактор – макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығы. Мемлекетіміздің экономикалық дағдарыстан шығу бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Әлеуметтік жағдайдың ерекшелігі үшінші фактор болып табылады. Барлық мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту және адамдардың күнбе-күнгі мәселелерін шешу. Төртінші фактор – ол ұлтаралық тұрақтылық пен келісім. Бұл салада көптеген істер жүзеге асырылуда. Осы жайларды саясаттанушылар, сарапшылар және шетел ғалымдары Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының шешуші факторлары деп санайды.

Мемлекетіміз Конституцияда бекітілген нормаларды іске асыруға толық мүмкіндік жасайды. Осының айқын дәлелі ретінде білім саласына қойылған мақсат-міндеттерге тоқталсақ, Қазақстан Республикасында 136 жоғары оқу орны бар, жыл сайын 630 мыңға жуық студент өмірге жолдама алады. 2014-2015 оқу жылында тегін білім алатын студенттердің саны бекітіліп, 34 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінді. Елбасының бастамасымен “Қазақстан құқығы”, “Өлкетану”, “Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері” сияқты міндетті курстар енгізу жөнінде ұсыныс жасалынды.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, жас ұрпақ – ел болашағы. Осыған байланысты басты мақсат – жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру. Президент атап көрсеткен “әлеуметтік лифтілердің” тетіктерін құру Конституцияда бекітілген нормаларды іске асыруға мүмкіндік жасайды. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, білім саласын дамыту, жас мамандарды еңбекке орналастыру, олардың құқықтарын кепілдендіру жағдайлары жасалынады. Оны тиімді пайдалану үшін жастарға әлеуметтік бейқамдықтан бас тарту, масылдық психологияға жол бермеу, кәсіби біліктілігін үнемі арттыру міндеттері қойылады. Сондай-ақ, жастар Отанға, еліне, жеріне, мемлекетке деген сүйіспеншілік сезімін арттырулары қажет.

Елбасы “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында әлеуметтік еңбек заңнамасын жетілдіру керектігін айтқан болатын. Қоғамдық сұранысты қамтамасыз ету үшін әлеуметтік сала мәселелері бірінші кезекте шешілуі тиіс. Өңіріміздің білім және ғылым орталығына айналған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жасалынып жатқан істер әлеуметтік саланы жақсарту мақсатына бағытталған. Оқу орнының барлық қызметтері интернет жүйесіне қосылған. Университеттің білім саласы әлемдік стандартқа сай дамуда, орталықтандырылған кітапханада студенттердің ғылыми-зерттеулерін жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасалуда. Ұстаздар мен студенттерге қызмет ететін емхана бар. Студенттерге арналған 4 жатақханаға 2014-2015 оқу жылында мыңға жуық студенттер орналасты. Биылғы жылдан бастап біздің шәкірттеріміз “Студенттік еңбек биржасы” арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігін алды. Жазғы демалыста бес жүзден астам студент жұмыспен қамтылды. Осының барлығы – Конституцияның аясында жүзеге асырылып жатқан игі істер.

Зәуре ҚАРТОВА,

М. Қозыбаев атындағы

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік

университетінің тарих, экономика және құқық факультетінің деканы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp