«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЖЕТТІ ШАРАЛАР ҚОЛДАНЫЛУДА

Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев әлем елдерін тығырыққа тіреген коронавирус індеті бойынша орын алған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жариялады.

Қазір елімізде күллі әлемді дүрліктірген қауіпті індетке қарсы сақтық шаралары кеңінен жүргізілуде. Мемлекет тарапынан халықты қауіпті індеттен қорғаудың амалдары қарастырылуда. Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Президенті қолда бар мүмкіндіктерді пайда­ланып, сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Өкінішке қарай, коронавирус ауруы біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Сырқаттардың алғашқы легі анықталып, карантинге жабылды. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, қазір бұл бағытта санитарлық, қауіпсіздік шаралары жүргізілуде. Вирустың таралуына жол бермеу үшін билік тарапынан да жан-жақты жұмыстар атқарылуда.
Үндеуде санитарлық-гигиеналық талаптарға ерекше мән беру қажет екені айтылды. Қолымызды жиі сабынмен жуып, барлық жерде тазалық тәртібін сақтауымыз қажет. Президентіміз халықты байбалам салмауға шақырды. Өйткені, кейбір арандатушылар бұл жағдайды өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін. “Сабыр түбі – сары алтын” демекші, сабырлық танытып, елімізде орын алып жатқан келеңсіздікке түсіністікпен қарауымыз керек. Бейбіт елдің берекесін қашыруға жол бермейік. Біздің халқымызға шыдамдылық, төзімділік, сабырлылық тән. Сондықтан талай нәубетті бастан кешірген еліміз бұл қиындықтан да қысылмай өтетініне сенемін. Бір-бірімізге қамқорлық танытып, қолдау көрсетуіміз қажет.

Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА,
“Азаматтық альянс” қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp