«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕККЕ –ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ

Астанада Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумы өтіп, жиында агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы мәселе­лері талқыланды, соны­мен қатар салаға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапаттал­ды. Президент ауыл ша­руашылығы еңбеккер­лерін кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қажырлы еңбек­тері үшін ризашылығын білдірді. Ауыл шаруа­шылығы экономика­ның стратегиялық мәні айрықша саласы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының Жар­лығымен «Қазақстанның аграр­лық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы Ғабит Мүсіре­пов атындағы аудандағы «Ақсе­леу» серіктестігінің басшысы Серік Малаевқа, «Құрмет» ордені «Қазақстан астық консорциумы» кәсіпорнының бас директоры Бахтияр Оспановқа берілді. Бұл марапаттар – солтүстік қазақстандық диқандардың жоғары кәсібилігі мен көпжылдық адал ең­бегіне берілген лайықты баға.

Серік Тәттібайұлы Тахтаб­род ауылдық округінде орналас­қан «Ақселеу» «ЖШС-ға 1987 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Округке қарасты Ковыль­ный ауылында бүгінде 130 үй, 400-ден астам адам тұрады. Әр үйге су, жылу тартылған. Әлеу­меттік, мәдени, спорттық ны­сандар талапқа сай жарақтанды­рылған. Ауыл шаруашылығы са­ласы автоматтандырылған, цифр­ландыруға ерекше назар аударыл­ды. Жүзден астам тұрғын жұмыс­пен қамтылған. 15500 гектар ал­қапқа астық, бұдан бөлек, геро­форд асыл тұқымды ірі қара малы және жылқы өсіріледі.

Ал «Қазақстан астық кон­сорциумы» еліміздегі жетекші агрохолдингтердің бірі санала­ды. Құрамына 30-ға жуық ша­руашылық кіреді. Былтыр 43 жаңа комбайн сатып алса, биыл 32 егін егу кешенімен толықты.

Компания солтүстік ай­мақтар, оның ішінде Қызыл­жар өңірінің бірқатар аудандарында дәнді, майлы және бұр­шақты дақылдар өсірумен, егіс алқаптарын әртараптан­дырумен, озық технология­ларды енгізумен айналысады. Әлеуметтік жауапкершілік ая­сында жыл сайын ауылдар ара­сындағы жолды қардан таза­лау, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына белсене атсалысады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp