
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап сәби жүрекке ерекше жылылық нұрын себетін мұғалімнің есімі мәңгі ұмытылмасы, аяулы тұлғасы көз алдыңда жатталып қалатыны анық. Мәртебелі мамандық иесі несімен қадірлі дейтін болсақ, алғаш әріп танытып, білім дәнін себуімен, өмірдің сан қилы құбылыстарының тылсым сырларына үйретуімен, шәкіртінің қашан топшысы қатайып, қанаттанып ұшқанша қамқор қолын созуымен ерекше қымбат дер едік. “Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан”, – деп ұлы Абай айтқандай, қызығы мен қиындығы қатар өрілген, жан рақатынан азабы басым ұстаздық қызметтің іргелі ізденістер мен ерен еңбекке ұштасып жататыны да сондықтан. Биыл республикалық “Үздік педагог – 2020” байқауына еліміз бойынша қатысқан 143 мұғалімнің арасынан суырылып шығып, “Үздік педагог” төсбелгісі мен 2 млн. 788 мың теңге мөлшерінде сыйақыға ие болған №1 Саумалкөл орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Ерлан Бөкенов сондай жандар қатарынан.
Ерлан Жұмабекұлы туып-өскен Светлое елді мекеніндегі орта мектепті бітірген соң Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы, экономика және құқық факультетіне оқуға түсіп, тарих және география пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын туған ауылындағы Целинный орта мектебінен бастайды. 2010-2014 жылдары қызметін Шалқар орта мектебінде тарих және география пәндерінің мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары ретінде жалғастырады. 2014 жылдан бері аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры М.Янко атындағы №1 Саумалкөл орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Оның қол жеткізген жетістіктері көп-ақ. 2018-2019 жылдары Ресейде ТМД елдерінің оқушылары мен студенттері арасында өткен ІІ, ІІІ халықаралық дипломатиялық зияткерлік жарыстарда саумалкөлдік оқушылар командасы жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің көк байрағы екі рет желбіреді. Бұл жоба болашақ дипломаттардың қоғамдық қозғалысы ретінде құрылуымен, халықаралық қатынастар және қоғамдық дипломатия саласына назар аударылуымен ерекшеленеді. Халықаралық дипломатиялық ойындарға Әзірбайжан, Армения, Ресей, Қазақстан және Қырғызстаннан 46 команданың арасынан іріктелген 15 команда ғана жолдама алған болатын. “Әлемдік қоғамдастыққа үндеу” атты қорытынды кезеңде театрландырылған көркем-музыкалық қойылыммен қазақстандықтар ғана ең жоғары ұпайға ие болады. Нәтижесінде жүлделі І орынды қанжығаға байлайды. Бәсі биік додадан кубокпен оралады.
2019 жылы – Қазақстан тарихы пәні бойынша “Зейін” республикалық олимпиадасының үшінші, 2020 жылы бірінші дәрежелі дипломымен марапатталады. Атақтарын санамалай берсек, тауысу қиын. Қазақстан тарихы пәнінен ұйымдастырылған дәстүрлі интернет онлайн олимпиадасының, дүниежүзі тарихы пәнінен республикалық “Педстарт” қашықтық олимпиадасының жеңімпазы. Тұңғыш Президент қоры сыйлығының иегері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермахан Бекмахановтың 105 жылдығына орай мұғалімдер арасында өткізілген “Қазақстан тарихы” олимпиадасының I дәрежелі дипломының және “Е.Бекмаханов медалінің” иегері. “Педагог-шебер” аталымында қара үзіп шықты. Облыстық тарих және география мұғалімдері қауымдастығының төрағасы, Қазақстан тарихы, дүниежүзілік тарих және өлкетану бойынша оқу құралдарын әзірлеу және сараптау жөніндегі комиссияның мүшесі. Есімі “Білім саласындағы 100 жаңа есім” кітабына енгізілген.
Ұстаздың ең қастерлі парызы – рухани бай, жан-жақты дамыған, бойында ұлттық намысы атойлаған жеке тұлға қалыптастыру. Бұл орайда білім берудегі озық технологияларды пайдалана отырып, “бұлақ көрсең көзін аш” демекші, әр баланың қабілет-қарымын тамыршыдай тап басып, қоғамдағы орнын дұрыс таба алатындай етіп жөн сілтеудің маңызы зор. Осындай жоғары талап үдесінен көріну ұстаздың жеке кәсіби шеберлігіне, біліміне, әр сабаққа күнделікті әзірлігіне байланысты. Ұстаз, ең алдымен, оқушы үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі, жас ұрпақтың рухани сәулеткері, халықтың үміті мен болашағын сеніп тапсыратын өкілі. Өз ісіне шын берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, айналасына қуаныш, сүйіспеншілік сыйлай алатын Ерлан Бөкенов ұстаздық етуден жалыққан емес. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырып, рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбие мен білімді қатар беріп, білімді терең игерудің бірден-бір жолы заманауи тиімді әдіс-тәсілдер арқылы шығармашылыққа жетелеу – оның өзіне де, өзгелерге де қоятын басты талабы. Мемлекеттің күшеюі мен ұлттық гүлденуі дарындыларға, таланттыларға тәуелді екені белгілі. Тәлім-тәрбиенің алдыңғы шебінде жүрген Ерландай ұлағатты ұстаздар өз мамандығының шынайы иесі екені талассыз.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
СУРЕТТЕ: “Үздік педагог – 2020”
байқауының жеңімпазы Е.Бөкенов.
Айыртау ауданы.