Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің қаржы жүйесінің қалыптасып, экономикасының дамуы – Елбасының сарабдал саясатының жемісі. Бұған қаржы саласы ардагерлерінің қосқан үлестері де зор. Солардың бірі – Балахмет Молдинов.
Қарапайым инспектордан банк директорына дейінгі қызмет баспалдағымен көтерілген Балахмет Рахметұлының өмірі кейінгі буынға үлгі болары анық. Бүгіндері аты өңір тұрғындарына жақсы таныс азамат тәжірибесі мол, білікті басшылардың қатарынан өз орнын алды. Балахмет Молдинов 1948 жылы Қызылжар ауданындағы Малое Белое ауылында дүниеге келіп, Тимирязев ауданының орталығында ержеткен. Балалық шағы соғыстан кейінгі жылдарда орнаған қиыншылықпен қатар келген еді.
Абыройлы азамат 1966 жылы Тимирязев орта мектебін тамамдаған соң аудандық қаржы бөліміне жұмысқа кіріп, өзінің еңбек жолын инспектор болып бастайды. Жұмыста тәртіпке, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа үйренген ол кейінгі өмір жолында да осы қасиеттерді ұстанды. Кейін Қаржы-экономикалық техникумын экономист мамандығы бойынша бітіріп, 1976 жылы жергілікті қаржы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.
– Қызығы мен қиыншылығы мол саланы таңдағаныма өкініп көрген емеспін. Қызмет мансабымда өсу үшін жоғары білім қажет болды. Әкемнің кеңесімен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне сырттай оқуға түстім. Бұл 1989 жыл болатын. Кейін жаңадан құрылған Целинный (қазіргі Тимирязев) ауданына жолдамамен жіберілдім. Сөйтіп, Ақсуат ауылында аудандық қаржы бөлімінің жұмысын жандандыруды қолға алдым, – дейді Балахмет Рахметұлы.
Ата-ананың үмітін ақтай білген көкірегі ояу, зерек азаматтың жадында, әсіресе, тоқсаныншы жылдар ерекше жатталып қалыпты. Ол кезде жерлесіміз Петропавл қаласындағы “Игілік банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры болып тағайындалған еді. Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның экономикалық ахуалы күрделі, халықтың тұрмысы да жүдеу еді. Алмағайып заманда қаржы орталығын басқару, тіпті, қиынға соққан. Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы уақытынан біршама кешіктіріліп берілетін.
Жерлесіміздің айтуынша, 1993 жылы Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгеннен кейін жағдай біртіндеп оңала бастаған. Ескі ақшаны жаңасына айырбастауда халық арасында біраз түсінбеушіліктер орын алғанын да жасырмайды. Бұл ретте қаржы саласының мамандары ауыл-ауылды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Банк қызметкерлері арнайы курстардан өткеннен кейін су жаңа банкноттарды Петропавлдағы қаржы қосындарында тұрғындарға бірнеше күн бойы ауыстырғаны әлі есінде. “Алғашқы теңге Англияның ең көне “Харрисон және ұлдары” фабрикасында басылғаны белгілі. Бірақ 1995 жылдан бастап төл теңгемізді өзімізде басу ісі қолға алынды. Уақыт өте келе ұлттық валюта нығайып, әлемдік деңгейде өз орнын қалыптастырды”, – дейді өткен күндерді есіне алған ардагер.
Балахмет Молдинов 2005 жылы Петропавл қаласындағы “Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры болып тағайындалып, мекемені тоғыз жыл басқарды.
– Елбасының бастамасымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту арқылы адамдарды жайлы да лайықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының маңыздылығы жыл өткен сайын арта түсті. Оны қатысушылардың қатары қалыңдап, сұраныстың өсе түскенінен байқауға болады. Біз салымшылар, мемлекет пен құрылыс компаниялары арасындағы тең құқылы әріптестік қағидатын сақтай отырып, тұрғын үй салымдары жүйесінің зор әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастырдық. Бұл жұмыс бүгінде де жалғасын табуда, – дейді осы қызметтен зейнеттік демалысқа шыққан Балахмет Рахметұлы.
Өз білгенін жас ұрпақтың бойына сіңіруді міндет санайтын білікті басшы жас мамандардың өмірлік жолдарын табуға көмегін аямады. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік органдарда табысты еңбек етуде.
Қаржы саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек еткен Балахмет Молдиновтың немересі Темірлан атасының жолын қуып, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да банк ісі мамандығын меңгеруде. Жетпістің биігіне көтерілген ардагердің еңбек жолы, адами асыл қасиеттері кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.