Дәулет Құрмаш – Айыртау ауданына қарасты Дәуқара ауылындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы. Өлең жазуға 6-7-сыныптарда оқып жүргенде-ақ әуестенген оның қаламынан туған балаң жырлары шынайылығымен, мөлдірлігімен ерекшеленеді. Қазақтың Мағжан, Мұқағали сынды сөзі қорғасындай, ойы салмақты, жүрек қылын шертетін нәзік үнді ақиық ақындарындай болуды арман еткен ол облыстық, республикалық жыр байқауларының, көркемсөз оқу сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы. Жас ақынның төмендегі тырнақалды туындысы төрт аяғын тең басқан, көркемдік көрігінен шыққан дүниелік болмаса да, алғашқы ізденістің бастауы.
Ұлы адамдар жазған өлең, жыр қандай,
Ақиқаттың ақ ордасын құрғандай.
Ұлтымыздың алуан түрлі мінезі,
Ақындардың тұлғасында тұрғандай.
Өлең жазсам өрнек сөзге жаримын,
Өткір тілді шабытыммен жанимын.
Қазағымның батырлығын, өрлігін,
Махамбеттің өлеңінен танимын.
Ақындар көп жазған дастан, текті өлең,
Жыр әлемін дей алмаймын көп білем.
Мағжан ақын жазған өлең, жыр-мұра,
Қазағымның кең пейілі деп білем.
Өлең деген қыран құстай қияқты,
Талай тарлан одан мөлдір сый апты.
Ақан сері бабам айтқан керім ән,
Қазағымның серілігі сияқты.
Өлең аз ба өзек болған талайға,
Сөз зергері болу қиын, алайда.
Қазағымның даналығы жарасар,
Сөз патшасы, дана, дара Абайға.
Дәулет ҚҰРМАШ,
Дәуқара орта мектебінің
9-сынып оқушысы.
Айыртау ауданы.