«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАНДЫ, ҚЫЗЫЛЖАРДЫ ҰМЫТПАСПЫН

Мен Қырғызстанның астанасы – Бішкек қаласының тумасымын. Ондағы Қазаалы Әбіров атындағы орта мектепті тамамдаған соң маған Қазақстанның солтүстік қақпасы саналатын Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның Әскери институтында білім алу бақыты бұйырды. Оқуға келген алғашқы жылдан бастап қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, осында көптеген дос-жолдастар тапқаннан кейін бауыр басып кеттім десем, артық айтқандық емес.

Арада өткен үш жылдың ішінде Қазақстанды өзімнің екінші Отанымдай көретін болдым. Бүгінде Қазақстанда тұрып келе жатқан басқа ұлт өкілдерінің ұрпақтары өзге елде тұрғандарымен, өздерінің салт-дәстүрлерінен қол үзбей, ұлттық құндылықтарын сақтап қалуы мен үшін таңданыс тудырмайды. Ел тұрғындары үшін мұндағы халық бірлігі достықтың игі дәстүріне, жарқын болашаққа деген сенімнің бастауына айналған. Бүгінде бүкіл әлем танитын Қазақстандай тыныш мемлекетте ғұмыр кешіп отырған осындағы жерлестеріміздің бағы бар. Өйткені, бауырмал қазақ халқы қырғыздармен бір атаның баласындай сыйласады.  

Дегенмен, шет жақта жүрген соң, әрине, Петропавлда тұрып жатқан отандастарымды іздейтінім заңдылық. Ең алдымен, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен тарихын насихаттап отырған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясына ат басын бұрдым. Біле білсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге келуі де – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының жемісі. Тәуелсіз Қазақстанды мекен еткен өзге ұлыс өкілдерінің басын бір шаңырақ астына тоғыстырудағы мақсат – барлық этнос өкілдерін бір атаның баласындай етіп тәрбиелеу. Бүгінде ол нәтижесіз де емес. Мемлекеттік мейрам болсын, әр халықтың ұлттық қуаныштары болсын, оны барлығының бірге атап өтуі – елдегі достықтың, ұлтаралық, дінаралық татулықтың айқын дәлелі. Ортақ істе қырғыз этномәдени орталығының мүшелері де қалыс қалып көрген емес. Отандастарыммен араласқан уақыттың ішінде өмірінің басым бөлігін Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз байланыстырған қырғыз ұлты өкілдерінің өз таңдауларына еш өкінбейтініне көзім жетті.

Бүгінде Әскери институтта менімен бірге әртүрлі ұлттың өкілдері оқиды. Соңғы үш жылдың ішінде біз, жастар, көпұлтты кішігірім отбасыға айналғандаймыз.

“Көптің қолы біріксе, көкке жетеді” деп тегін айтпаған. Қазақстанның басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына серпін береді. Үстіміздегі жылы қазақстандықтар Президент сайлауын өткізді. Онда халық Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан қолдады. Сөйтіп, қазақ халқы тағы да әлем алдындағы абыройын асқақтатты.

Алдағы жылы оқуымды тамамдап, лейтенант атағын алған соң мен еліме оралмақпын. Десек те, Отанымда әскери борышымды өтей жүріп, Қазақстан деген қонақжай да байтақ елді, төрт жыл бірге оқыған қазақстандық жолдастарымды, қызылжарлықтардың бар жақсылығын ұмытпайтыным анық.

Мақсат ӘБДИЕВ,

Ұлттық ұланның Әскери институтының курсанты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp