Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің оқушылары өзін-өзі басқару ұйымының бастамасымен “Қазақстан балалары тәуелсіздік жолымен” тақырыбында пікір алмасу өткізді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауы негізінде өрбіді.
Елбасының халыққа Жолдауының оқушылар деңгейінде талқылануы ұжымда алғаш рет ұйымдастырылды. Онда балалар көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін, жоспар-мақсаттарын, арман-тілектерін талқылап, ортаға салды. Шара Жолдауға жан-жақты талдау жасау арқылы шәкірттердің саясатқа деген көзқарастары мен азаматтық белсенділігін қалыптастыруды, қоғам болашағын айқындайтын жастарды ынталандыруды, өзара пікір алмасу, қоғамдық ой тудыруды көздеді.
Пікір алмасуға білім ошағының өзін-өзі басқару ұйымының ұйымдастыруымен барлық лицей оқушылары қатысты. Өзін-өзі басқару ұйымының президенті Болат Омаров Елбасы Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерге тоқталды. Одан әрі оқушылар бүгінгі қалыптасқан дағдарыс жағдайындағы азаматтық ұстанымдарын ортаға салды. Мәселен, олар Қазақстандағы білім жүйесінің жағдайына өзіндік баға беруге тырысып, осы саладағы отандық бағдарламалардың табыстары мен қиындықтарын өз өмірлерімен байланыстыра отырып жіліктеді. Болашақ мамандық таңдау мәселесінің барлық жауапкершілігін сезіне отырып, жоспарларымен бөлісті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда тоқталып өткен 2017 жылдан бастап “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасына, оның болашағына да талдау жасау арқылы оқушылар білікті маман тапшылығын жою мәселесінің өзектілігін айқындады.
Жаһандық нақты ахуалдағы Қазақстанның экономикалық өсуі мен дамуы үшін кіші кәсіпкерліктің маңызы зор екендігі сөзсіз. Оқушыларымыздың көпшілік бөлігі шағын және орта бизнесті дамыту мемлекет әлеуетін арттырудың бірден-бір кілті деп санайды. Бұл ретте олар өздерін болашақ кәсіпкерлер ретінде ұсынып, отбасылық кәсіптерін ашу, оны дамыту туралы алдағы жоспарларымен бөлісті. Оқушылардың пікірлерінше, олар келешекте алыпсатарлықпен айналыспай, өз қолдарымен жасалған тауарларын тұтынушыларға ұсынып, отандық өнеркәсіпті дамытуға үлес қоспақ. Ұстаздар қауымын оқушыларымыздың ой-пікірлері мен жоспарлары шынымен таңғалдырды әрі қуантты.
Лицей оқушылары пікір алмасу барысында өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындыларымен бөлісіп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып меңгерген білік-дағдыларын көрсетті. Өз жұмыстарының ел экономикасына тигізетін пайдасын дәлелдеп, азаматтық ұстанымдарын алға тартты.
Бақыт РАМАЗАНОВ,
облыстық дарынды балаларға
мамандандырылған қазақ-түрік лицейі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.