«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ-ҒА ҚОСЫЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ХАТТАМАҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесін аяқтады. Бұл туралы Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

Отырыста Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі Жұмыс тобының төрағасы, Финляндияның елшісі Веса Химанен келіссөздер барысында Қазақстан 50-ден аса жаңа заң қабылдап, 10 халықаралық келісімге түзету енгізгенін, олар кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданғанын атап өтті.

ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо еліміздің ұйымға кіруі барысындағы Қазақстан Президентінің көшбасшылығына жоғары баға берді. “Бұл – Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де шынымен тарихи күн. Ұйымға кірудің артықшылықтары – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Қазақстан үшін бұл сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл – реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы. Бұл күн ДСҰ үшін де айшықты болып табылады. Қазақстанның қосылуы біздің пікірталастарымызға қуатты әрі беделді үн қосады, ұйымды Орталық Азияның жүрегіне жақындатады”, – деп атап өтті Роберто Азеведо.

Елбасы отырыста сөйлеген сөзінде ДСҰ-ға мүше барлық елдерге, ұйым хатшылығына келіссөздер барысындағы сындарлы ұстанымдары мен қолдауы үшін, сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобындағы төрағалықты қолдағаны үшін Финляндия Үкіметіне алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер жүргізілген аралықта Қазақстан экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгерді. “Экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллар деңгейіне шықты. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың 90 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Сауда қарым-қатынастарының географиясы едәуір өзгерді. Қазақстан 90-шы жылдардың ортасында бұрынғы кеңестік кеңістік елдерімен ғана сауда жүргізсе, бүгінде біз әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасап отырмыз”, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті, сондай-ақ, отандық экономика құрылымында болған елеулі өзгерістерге де назар аударды. “Өздеріңізге мәлім, Қазақстан минералдық ресурстарға бай, бірақ біз шикізаттық тәуелділіктен арылу үшін экономика құрылымын өзгертуге ниеттіміз. Бүгінде еліміздегі ІЖӨ-нің 54 пайызын қызмет көрсету секторы қамтамасыз етеді, бұл саланың дамуына біз зор көңіл бөліп отырмыз. Бұлар – қаржы, телекоммуникация, құрылыс, энергетика және көлік салалары. Қаржылық қызметтерді ДСҰ аясында ырықтандыру “Астана” халықаралық қаржы орталығын құру үдерісімен қатар жүретін болады. Ол Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының негізіне, ал кейіннен бүкіл өңірдің қаржылық хабына айналады деп сенеміз. Қазақстан барлық елдерді осы жобаға қатысуға шақырады”, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті теңізге шығатын жолы жоқ, планетадағы ірі мемлекет болып саналатын біздің республикамыз үшін инфрақұрылым мен көлік-логистика қызметінің басымдықта дамуы маңызды екеніне тоқталды. “Біз жаһандық коммуникациялардың бір бөлігіне айналу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы мақсатпен ірі нарықтарды байланыстыратын стратегиялық көлік дәліздерін қалыптастырамыз. Біздің инфрақұрылымдық жобаларымыз отандық экономика мен халықаралық нарықтардың игілігі үшін бірегей транзиттік әлеуетті ашуға мүмкіндік береді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өткен кезең ішінде Қазақстан инвестициялық әлеуетін айтарлықтай ұлғайтқанына да назар аударды. “Қазір біз инвестициялық ахуалды жақсарта отырып, экономиканы әртараптандыруға басымдық береміз. Инвестициялар мұнай-газ және тау-кен саласына ғана емес, экономиканың өңдеуші салаларына да бағытталуы үшін барлық жағдай жасалған”, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы алғанда, Қазақстан Президенті келіссөздер кезінде республикамыз экономиканы жаһандық нарыққа ықпалдастыру үшін ұзақ жолды жүріп өткенін айтты. Ауқымды институттық жаңғыртулар жүргізу де дамуға жаңа серпін береді. “Реформаларды тиімді жүзеге асыру жаңа сапалы институттық орта қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Біздің келесі қадамымыз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен белсене ықпалдасу болады. Бірінші кезекте, биыл жүзеге асырыла бастаған Қазақстан Республикасы мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама аясында болмақ”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы еліміздің еркін сауда және ашық ықпалдастық қағидаттарына берік екенін айтты. “Қазақстан аз уақыттан соң ДСҰ нормаларымен жұмыс істей бастайды. Дейтұрғанмен, біз кедергілерді жойып, ашық ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетіп, өңірлік ықпалдастық локомотиві бола отырып, экономикалық саясатымызды әуелден-ақ “ДСҰ рухында” құрып отырмыз. Бұл ұйымның мүшелері арасында сауда-саттық кезіндегі кемсітуге жол бермеу – ДСҰ-ның басты қағидаты. Экономиканы саясатпен араластыратын санкциялық саясат саудаға кедергі келтіреді және ДСҰ қағидаттарына сай емес. Мұндай жайтты болдырмау біздің ортақ міндетіміз деп ойлаймын. Сіздерге бірлескен еңбектеріңіз үшін тағы да алғыс айтып, біз ұйымның барлық мүшелерінің мүддесі, экономикаларымыз бен халықтарымыздың игілігі үшін ДСҰ аясындағы алдағы жұмысқа дайын екенімізге сендіргім келеді”, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі хаттамаға қол қойылды.

  “Akorda”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp