
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім етті. «Үш айдан бері біз коронавирусқа Қазақстанда жол бермеу бойынша көп шараны іске асырған едік. Бірақ, өкінішке қарай, бүгін бірнеше рет тексергеннен кейін Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Олар – Германиядан келгендер», – деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл азаматтар карантиндік стационарға жатқызылған. «Аталған азаматтар Алматы қаласындағы инфекциялық стационарда жатыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, елімізде коронавирус тіркелген жағдайда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. «Б» жоспары бүгін күшін енді. Бірінші пациент 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда келген. Олардың кім екенін жариялай алмаймыз. Бір ер адам мен бір әйел. Екеуі де Қазақстанға ұшақпен ұшып келген. Бортта коронавирусты жұқтырғандармен бірге болғандардың бәрі де карантинге жатқызылады. Яғни, 9 наурызда бірге ұшқан 73 адамның кім екені анықталды. Олар бақылауда. Карантинге жатқызу шараларына кірістік. Олар ауру адамдар емес», – деді Е. Біртанов. Қазір барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізіліп жатыр.
www.inform.kz