«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» қанша тұрады?

«Мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Қоғамға үлгі болатын жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзі. Соңғы кездері мемлекеттік деңгейдегі медаль-ордендерді былай қойғанда, түрлі ұйымдардың атынан сөлкебайлар оңды-солды таратылып жатқаны жайлы жиі айтылып жүр.

«Ұлт ұстазының» құны – 10 мың теңге

Марапат – мемлекеттің еңбегі зор адамға көрсеткен құрметі. Бізді сол марапаттардың шын иелеріне табысталмай отырғаны қынжылтады. Ауданның немесе облыстың құрметті азаматы атағын беру мәселесін жергілікті жердің мәслихаты таразыға салып тұрып талқылайды. Ал «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі оңды-солды таратылып жатыр. Тас лақтырсаң соларға тиеді. Бұл атақты мемлекет емес «BILIM ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының беретінін естігенде көңіліміз құлазыды. Қалтаңызда қажетті қаражатыңыз болса, «Қазақстанның құрметті азаматы» атана аласыз.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып, пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тыйым салу керектігін айтады. «Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медаліне, ал 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы» атағына ие бола аласыз. Сан ғасырлық елдік тарихымызда «Ұлт ұстазы» деп халық ұсынған сәулелі сөзді Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданатын едік, қазір «Ұлт ұстазы» деген атақ бар болғаны 10 мың теңгеге саудаланып жүр. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теңгеңіз болса жеткілікті, аттары түсініксіз академиялардың жалған академигі болып шығасыз», – деп қапаланды депутат.

Атаққұмарлық алысқа апармайды

Адамзат тарихында даңққұмар адамдар аз болмаған. Келмеске кеткен кеңес одағын басқарған Леонид Брежнев орден-медаль, атақ-мансапқа өлердей ғашық болған екен. Қай жерде болмасын кеудесі темір-терсекке толып жүретін ол өтірік мақтау, жалған марапатқа балаша қуанып, мәз болған деседі. Мұндай адамдар қазіргі қоғамда да бар. Ел үшін іс қылмай, құр мақтанға салынатындар дың теріс әрекетіне руханият жанашыры, жеке кәсіпкер Жомарт Омаров та қарсы. Ол адамның адами болмысын, еңбегін медаль немесе бір жапырақ қағаз көрсете алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тілемсектер мен сұрампаздардың кесірінен өз елінің маңдайалды азаматтары шетқақпай қалуда.

«Қолында мөрі бар адамға төрін беріп, жылтыраған темір үшін тұғырынан түсіп, төрдегі басын босағаға сүйреп, біреу «иегері десе екен» деп болмашы дүниенің басыбайлы құлы болып жүргендер бұрын да болған, қазір де бар. Атаққұмарлық адамды алысқа апармайды. Мен еліміздің егемендігі жолында адал еңбек етіп жүрген жандар назарсыз қалмаса екен деймін. Ол үшін жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен арзан атақтарды сатуды тоқтату керек. Сонда ғана нағыз еңбек адамдары алғы шепке шығады», – дейді Жомарт Омаров.

Халықтың алғысынан асқан құрмет жоқ

Қайраткерлік те, «Құрмет» те, «Парасат» та өз ретімен берілсе, құба-құп. Оған ешкімнің де таласы жоқ. Бүгінгі таңда «10 жылдық», «20 жылдық», «30 жылдық», «125 жылдық», «150 жылдық» сынды төсбелгілер көбейіп кетті.

Қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәлі Испановтың айтуынша, адамдардың түсінігі, мінезі, қабілеті әртүрлі болғандықтан кез келген дүниеге біржақты көзқараспен қарау мүмкін емес. Таяқтың екі ұшы болатындай, медальдың да екі жағы бар. Еңбегің сіңіп алған марапат – шарапат, сұранып, тіленіп алған марапат – кесапат.

– Марапат иесіне бұйырғанда ғана нұрын шашады. Халқымыз «Алмақтың да салмағы бар» деп бекер айтпаған. Адамға көрсетілген әр құрметтің артында үлкен жауапкершілік тұрады. Марапат аларда әр адам өзіне «Мен осыған лайықпын ба?» деп сұрақ қойса дейсің. Халықтың алғысынан асқан сый-құрмет жоқ. Азаматтың тұлғалық болмысы төсбелгімен өлшенбейді, – дейді Мұхамедәлі Испанов.

Мұғалімдер де марапатқа зәру

Жуырда есімі елге белгілі қаламгердің мерейтойына байланысты өткен рухани шараға қатыстым. Жиынның соңында мектептерден келген мұғалімдер ұйымдастырушылардан Алғыс хат сұрады. Кітапханашы басшылықтан сұрауын өтінді. «Мұғалімдер әр үш, бес жыл сайын жеткен жетістіктерін жауапты мамандарға тапсырып, арнайы санаттарға ие болады. Бізге облыстық, республикалық деңгейдегі ұйымдар атынан берілетін сертификаттар маңызды. Кітапханадағы шараларға да көп жағдайда осы үшін келеміз. Марапатымыз көбейген сайын санатымыз да жоғарылап, сәйкесінше еңбекақымызға қаражат қосылады», – дейді есімін атамауымды өтінген мұғалім.

Қазақтың бас ақыны Абайдың «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс», – деп басталатын жиырма бірінші қара сөзінде «мақтан» ұғымына талдау жасалып, мақтаншақ пақырлар үш түрге жіктеледі. Ғұлама мақтаншақтықтың жанға қас, рухани өсуге кедергі келтіретін кесірлі мінез екенін анықтап берген. Иә, марапаттың мағынасын сақтайтын да, мәнін жоғалтатын да – өзіміз. Кейде жұрт алдында ерекше көрінуді жетістік көріп, құрметке бөленіп қалуға тырысамыз. Кейде танысымыздың ауыз толтырып айтарлық тындырған дүниесі болмаса, көңіл қимастықпен төбеге көтеріп, әспеттеуге дайын тұрамыз.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Коллажды жасаған

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp