«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАНҒА – 6 АЛТЫН, 4 КҮМІС, 3 ҚОЛА

Алдағы жылы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төрткүл дүниенің кілең мықтылары сынға түсетін дүбірлі додаға әлем назары ауатыны анық. Бүгінде Бразилиядағы аламанға берілер жолдама жолындағы жарыстар басталып та кетті. Ал Қазақстан жаһандық жарысқа 100-ден астам спортшы апаруды көздеп отыр.

Олимпиада ойындарында жетінші рет бақ сынағалы отырған Қазақстан Афинаның өзінен 1 алтын, 4 күміс, 3 қоланы олжалап, жалпыкомандалық есепте 41-орыннан көрінген болатын. Ал спортшыларымыздың жұлдызы жанған Лондон Олимпиадасында спорттың 20 түрінен сынға түскен саңлақтарымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальды иемденіп, әлем назарын көк байраққа аударды. Бұл – ұлттық құрамының рекорды. Жұлдызды сәтті келер жылы жалғастыра аламыз ба?  

Кезекті Олимпиада “олжасына” болжам жасаған шетелдік “Infostrada.com” спорттық-сараптау порталының мамандары Қазақстан бұл жолы 14-ші орын алуы мүмкін деп жорамалдайды. Еншімізге 6 алтын, 4 күміс, 3 қола тиедіміс.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 12 жолдама бар. Атап айтар болсақ, бокстан АРВ жобасы аясында Берік Әбдірахманов пен Біржан Жақыпов, WSB жобасы негізінде Василий Левит те жолдаманы иеленіп үлгерді. Жеңіл атлетикадан 5 жолдама қолда: Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Виктория Зябкина (100 және 200 метрге жүгіру), Ольга Сафронова (100 метрге жүгіру), Гүлжанат Жанатбек (марафон жарысы) және Ирина Эктова (үш қарғып секіру). Нысана көздеуден де қазақстандықтардың әзірге 2 жолдамасы (Юрий Юрков, Елизавета Король) бар. Сондай-ақ, бессайыс бойынша Елена Потапенко, жүзуден Дмитрий Баландин Риоға баратын болды. Жыл соңына дейін жолдамалар саны артары анық.

Айта кетейік, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы 2016 жылғы 5-21 тамыз аралығында өтеді.

(Интернеттен алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp