Семей қаласында коронавируспен ауырып шыққан білім мекемелерінің басшылары иммундық плазма доноры болды. Олардың арасында көлік колледжінің директоры, қазақ күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы, “Әлем барысы” жарысының екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров та бар.
Қатерлі кеселден айығып шыққан балуан қалалық қан орталығына барып, плазма тапсырды. Мамандардың айтуынша, бір адамнан 600-650 мл. плазма алынады. Бұл, шамамен, індет жұқтырған үш науқасты емдеп, қауіпті індеттің ілмегінен құтқаруға көмектеседі.
– Дәрігерлердің арқасында аурудан толық жазылып шықтым. Бүгінде плазма доноры болу мүмкіндігім бар. Коронавируспен ауырған адам ретінде басқаларға қолдан келгенше көмектесуге дайынмын. Менің қаным біреудің сауығып кетуіне көмегін тигізсе, тек қана қуанамын, – дейді Айбек Нұғымаров.