Мемлекеттік сапарының алғашқы күні Қазақстан Президенті Шанхай қаласында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның “Жібек жолы экономикалық белдеуі” жобасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуға дайын екендігін мәлімдеді. “Қытай мен Қазақстан елдерінің арасындағы өзара байланыс негізі – экономикалық ынтымақтастық. Өздеріңіз білесіздер, 2013 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Назарбаев Университетінің қабырғасында Сіз аса маңызды тарихи дәріс оқып, “Жібек жолы экономикалық белдеуін” құру туралы бастама көтердіңіз. Қазақстан экономика, сауда, көлік, инвестиция, қаржы және мәдениет секілді салаларды қамтитын осынау ауқымды жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастыруға белсенді қатысуға дайын”, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан кейін екі мемлекеттің басшылары “Шанхай-Ляньюньган” бейнекөпірі арқылы Шығыс Қытайдың Цзянсу өлкесіндегі Ляньюньган портындағы қазақстандық логистикалық терминал құрылысын іске қосты. Ляньюньган порты Циндао, Тяньцзинь, Далянь және Шанхай секілді ірі қытайлық теміржол қатынастарымен байланысады, сонымен қатар, кореялық Пусан порты және Жапонияның Осака портының теңіз желісіне де қосылады. Бұл портта жеке терминал салу арқылы Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Аустралия мен Канада елдерінен келетін және осы жолмен кері кететін транзиттік жүктер тасымалын жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктерге ие болмақ. Ең бастысы жүктерді жеткізу уақыты 45 күннен 10-15 күнге дейін қысқармақ.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV Саммитіне қатысады, онда тұрақтылықты нығайту және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланбақ.
ҚазАқпарат.