«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

5 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына кең көлемді сұхбат берді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге ауқымды сұхбат беру арқылы белгілі бір саяси дәстүр қалыптастырдыңыз деуге болады. Осы орайда, «Turkistan» газетінің ұсынысын қабыл алғаныңыз үшін ризашы­лығымызды білдіреміз.

– «Turkistan» газеті 30 жыл­дан бері тұрақты шығып келеді. Бұл – Қазақстандағы ең ықпал­ды басылымның бірі. Газеттің атауында да өте үлкен мән-ма­ғына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ор­тақ тақырыптарды да көтеріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын.

Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада табысқа жеткен қазақтар туралы мақалаларды қызығу­шылықпен оқимын. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым.

Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады.

Өз басым мерзімді баспа­сөзді жас кезімнен үзбей оқиты­ным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат ай­дынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шо­лулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағарту­шылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақ­тауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада та­бысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған «TikTok», «Instagram» немесе «Telegram» арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы бі­летін шығарсыз.

Қоғамымыз елең етерлік жа­ңалық оқып, бейнежазба көру­мен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі олар адамды тығы­рыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, на­ғыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһан­дық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ.

– Сұхбатымыздың бас жа­ғында әдеттегідей өткен жылдың қорытындысы туралы сұрағым келеді. Былтыр өте көп оқиға болғаны белгілі. Дегенмен 2025 жылдың басты нәтижесі қандай деп ойлайсыз?

– Шынымен де, айтулы оқи­ғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 па­йыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар ме­жесіне жетіп, жан басына шақ­қанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқ­мейілсіп, масайрап отыруға мүл­де болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жол­дың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.

Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Со­ның салдарынан азаматтары­мыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеу­меттік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек.

Дей тұрғанмен, еліміздің ре­формаларды жүзеге асыруға бір­жола бет бұрғанын өткен жыл­дың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жо­лында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұр­пақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса ма­ңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты.

АҚШ президенті Трамптың «ақылға сыйымды ой» страте­гиясының ықпалымен жаһанда­ну үдерісі кейінге ысырыла бас­тады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің бола­шағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын таба­ды.

– Былтыр жаңа Салық ко­дексі қызу талқыға түсті. Жұрт­тың көкейіне күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындады. Бір жа­ғынан, қажетті экономикалық реформаларды жүргізуге мүмкіндік беретін, екінші жағынан, азамат­тардың тұрмыс жағдайын төмен­детіп жібермей, таразы басын тең ұстайтын тиімді жол бар ма?

– Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қа­тысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен ел ішінде дүрбелең туғызып, жұрт­ты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін кө­терілді.

Біздің реформамыз – қатар­дағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақ­ты өсімін қамтамасыз ету. Үкі­метке ашық әрі ұғынықты Са­лық кодексін әзірлеу тапсырыл­ды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз.

Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жі­берілгенін ескере отырып, мұн­дай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау бары­сында қазіргі Үкімет те қосым­ша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.

Жаңа Салық кодексінде ба­қылау жасауға емес, өзара серік­тестік орнатуға баса мән бері­леді, яғни, осы үдеріске қатысу­шылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз мін­детін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылдан­байтын болады. Түптеп келген­де, салық төлеу дегеніміз – зама­науи қоғамдық келісімшарт де­ген сөз. Салық төлесеңіз – қыз­мет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалып­тасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «бел­сенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.

Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргі­зудің сапасымен, жұрттың са­лық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлше­неді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық тө­леу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі салығын адал төлейтін азамат­тар өз қаржысының алаяқтар­дың қалтасында кеткенін мүл­дем ұнатпасы анық.

– Экономикалық реформалар тауарлардың бағасы мен қызмет­тердің тарифіне салмақ салады. Жұрт бұған алаңдап отыр. Сіз Үкіметке осы мәселені шешуге арналған нақты шаралар жоспа­рын әзірлеуді тапсырдыңыз. Бұл жұмыс реформаның сапасы мен қарқынына әсер етпей ме? Аза­маттарымыз әл-ауқатымызды жақсартады деп күтіп жүрген ре­форманың нәтижесін жоққа шығармай ма?

– Әлемдік тәжірибеге қара­сақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағ­дайда түсінбей, қабылдамай жа­тады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформатор­лардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қа­лып жатады. Бірақ Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жер­де тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформа­ларды қалайда жүзеге асыруы­мыз керек.

Азаматтарымызға зияны ти­меуі үшін қыс мезгілінде тариф­терді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге, Үкіметке бюд­жет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмса­луға тиіс. Былтыр қараша айын­да Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақ­сарту үшін инфляцияны төмен­детуге арналған.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыс­тар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын ай­тайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт та­быс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ оның бәрін инфляция жеп қоя­ды немесе ипотека төлеу, бала­ларды оқыту, ата-анаға көмекте­су сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көл­денең кедергі тұрмыстағы тұрақ­тылықты бұзып жіберуі мүмкін.

Мен кезінде баспана алу, ба­лалардың оқу ақысын төлеу, ем­делу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдадым. Көбісі со­лай жасады, бұл шешімге риза­шылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген же­леумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табыл­ды. Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қыз­мет түріне зейнетақы жинағын пайдалануға тыйым салуға тура келді. Бірақ басқа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіпті, пластикалық отаға төлем жасай­тындар бар.

Ал бизнес өкілдеріне келер болсақ, олар жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлейді. Алайда несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражат­тың аздығы олардың кең ауқым­да дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, заманауи технология­ларды енгізуіне мүмкіндік бер­мей тұр.

Экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен менің­ше, өзгеріс қарқыны баяу. Ха­лықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің ба­ғалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономика­мызда теңсіздіктер әлі де сақта­лып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз ке­рек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өт­керіп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде ше­шеміз. Нақты жоспарымыз бар.

– Қазақстан былтыр энерге­тикалық және коммуналдық сек­торда реформа жасауға кірісті. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды реформа. Осы бағыт­тағы жұмыстар әбден тозған инфрақұрылымды жаңғырту мәсе­лесін шеше ала ма?

– Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммунал­дық нысандарды жаппай жаң­ғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр.

Қазірдің өзінде қауіпті «қы­зыл» аймақта тұрған жылу электр стансаларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабыл­данған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді.

Дегенмен әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келті­ру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан жаң­ғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет.

Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туын­дап отыр. Себебі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мем­лекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шай­қалса, басқасы түгел күйрейді.

Тамыры тереңге кеткен эко­номикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энерге­тика нысандары мен коммунал­дық желілер әбден ескірді.

Қордаланған түйткілдер күр­меуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюд­жет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аж­даһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті.

Соған қарамастан, біздің үкі­меттеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең да­мыған отыз мемлекеттің қата­рына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл бола­тын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті.

Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ ха­лықтың көзі үйренген таптау­рын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды.

Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы ша­малы көпбалалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды.

Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қо­ғамдық көлікпен жүретін сту­денттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олиго­полия деп атайтын кәсіпкерлер көрді.

Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «комму­налдық былық-шылықты» пай­даланып, қалтасын қалыңдат­қан делдал-кәсіпкерлерге қо­лайлы болды.

Посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қа­зақстанға тиесілі. Соның салда­рынан, біз амалсыздан арзан жа­нар-жағармайды көрші мемле­кеттерге астыртын тасымалдай­тын, сол арқылы олардың эко­номикасына демеу көрсететін елге айналдық.

Сол себепті тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уа­қыт жетті. Іс жүзінде бұл – ау­қатты азаматтарға жасырын түр­де берілетін субсидия.

Әлеуметтік әділдікті қалпы­на келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгер­ту қажет. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана ті­келей, атаулы өтемақы төлеу ар­қылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әді­летті болуы керек, яғни «неғұр­лым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Тө­лем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілді. Суды және электр қуа­тын барынша үнемдеп пайдала­натын тұрғындар «тұтынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен тө­лейтін болды.

Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игілік­терді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурс­тарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энер­гетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылайша экономика­ның сапалық тұрғыдан өсуіне зор серпін береміз.

– Сіз Қазақстан үшін көлік және логистика саласының ма­ңызы артып келе жатқанын жиі айтасыз. Бұл бағыттағы жұмыс­ты негізгі басымдық ретінде белгі­леп бердіңіз. Осы саланы дамыту үшін қандай шаралар қабылдан­ды және алда қандай жоспарлар бар?

– Еліміз үшін көлік-логис­тика саласының әлеуетін артты­ру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еу­разия құрлығының кіндік тұ­сында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде ор­наласқан. Бұл – үлкен артық­шылық, біз оны ел игілігіне жа­рата білуге тиіспіз. Мақсат-мүд­демізге сәйкес Қазақстанды Еу­разияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл са­лада атқарылатын жұмыстың басты бағыты.

Осы орайда, жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің мән-маңызын атап өткім келеді. Бұл жоба осы жол арқылы Қы­тай мен Еуропа арасында тасы­малданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақ­ты – Аягөз», «Дарбаза – Мақ­таарал» теміржол желілерін жа­ңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды са­лып, жаңғырту және 11 мың ша­қырым теміржолды жөндеу көз­деліп отыр.

Елорда мен батыс аймақтар­дың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қыс­қартатын «Орталық – Батыс» күре жолы құрылысының стра­тегиялық маңызы өте зор.

Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қа­зақстан мұхит жолдарынан тыс­қары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк тер­миналдарының желісін қалып­тастырды. Еліміздің аумағы ар­қылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 теміржол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жол­дармен тасымалданады.

Әрине, мұның бәрі – табыс­қа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосая­саттың ажырамас бөлігіне ай­налды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондық­тан Қазақстан үшін де оның ай­рықша маңызы бар.

Еліміз Қытайдың «Бір бел­деу – бір жол» атты мегажоба­сын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып ке­леді. «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты­мен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз.

Жалпы бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы ір­гелі салаға келіп тоғысады. Сон­дықтан Үкіметтің алдына зама­науи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-ло­гистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыр­тып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптасты­ру міндеті қойылды.

– Мемлекет кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл шаруа­мен үкіметтердің бәрі айналысты. Бірақ осы аса маңызды саладағы түйткілдер ақыры шешімін тап­қан жоқ. Әр министр өз бағдарла­масын жүзеге асырмақ болды. Соның салдарынан қыруар ақша құмға сіңіп жоқ болды. Енді біз еліміздің бұл саладағы әлеуетін ойдағыдай пайдалана аламыз ба?

– Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 мил­лиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қар­жы. Соңғы он жылда шаруалар­ға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруа­шылығындағы жалпы өнім кө­лемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді.

Есесіне, егін шаруашылы­ғындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.

Енді басқа бағыттардағы жұ­мысты күшейту қажет. Ең алды­мен, мал шаруашылығын дамы­ту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның им­порты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шыға­ратын ірі экспорттаушыға айна­латын мүмкіндігі бар. Сондық­тан былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына ар­налды.

Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ қомақты инвестиция құю қала­ған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек. Мен бұл ту­ралы жуырда Таразға барған са­парымда айттым.

Іргелес елдердің бірде-бі­реуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ау­қымды көмек көрсетілмейді. Ол жақтағы шаруалар Қазақстанда­ғы әріптестеріне жақсы жағдай жасалғанына таңғалып, оларды «аграрлық олигархтар» деп атай бастады. Дегенмен еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткі- лікті көлемде субсидия ала ал­май отыр. Үкіметке осы мәселе­ге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді.

Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе қазіргі кезеңде өте қа­жет. Бірақ мұның кері әсері де бар. Себебі масылдық пиғыл ту­ғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондық­тан қазір Үкімет кооперативтер­ге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қа­растырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ дайын өнімді сататын нарық­тарға жақын болуға, тұтынушы­лармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Дамыған елдердегі коопера­ция жақсы қырынан көрінді. Тіпті ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қа­зақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда ма­лын бағып, сүт, ет, тері, жүн жи­нап, оны өңдеу үшін күш бірікті­ре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Коопера­цияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.

Бірақ кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қол­ға алу қажет. Алайда бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, олар­ды мәжбүрлеуге жол берілмейді.

– Жиі талқыланатын тақы­рыптың бірі – туризм. Былтыр әлемдік деңгейдегі кейбір ақпарат құралдары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қата­рына қосты. Дегенмен еліміздегі курорттар мен танымал туристік орындардың жаппай қонақ күтуге дайындығына күмән жоқ емес.

– Мұндай күмәннің туын­дауы заңды. Мен Үкіметке ес­керту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономи­ка, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге то­ғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен беріл­ген кәсіби мамандар, ең басты­сы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм са­ласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дө­рекілікке жол жоқ.

Былтыр Қазақстанға мил­лиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақ­сы үрдіс.

Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолай­лы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұра­ныс жоғары. Осы тұрғыдан ал­ғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда белгілі бір себептерге байланыс­ты, соның ішінде жауапты тұл­ғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен ту­ризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстары­нан әрі аса алмай жатырмыз.

Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеу­мен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің та­нымалдығын арттыру үшін қо­ғамды дүрліктіруді, қазіргі тіл­мен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесін­де әбден әккі болған, бәсекелес­тердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қол­тығына су бүркіп отырады.

Тау шаңғысы туризміне қа­тысты жағдай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алматы қаласы­ның орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше таби­ғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тар­туы саналатын осы көрікті ме­кенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамас­тан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ. Ал көрші елдер­де тау шаңғысы инфрақұрылы­мы қарқынды салынып жатыр.

Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Бұл салада ау­қатты адамдарға да, орташа та­бысы бар азаматтарға да бірдей қызмет көрсетілуге тиіс. Сон­дықтан ондағы туристік инф­рақұрылымды әртараптандыру мәселесіне назар аудару қажет.

Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан Түркістанда Халықаралық туризм және мейман­достық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының ал­ғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады.

Дегенмен салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгей­дегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп ата­ды. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақ­сарту, абаттандыру, жарықтан­дыру бағытында әлі де көп жұ­мыс істелуі керек.

– Жасанды интеллектінің да­муы туралы сұрағым келеді. Сіз халыққа арнаған Жолдауыңызда Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктедіңіз. Ал жаңа жылға арналған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Көзде­ген мақсатқа жету үшін не істе­леді? Бастамаңыздың шын мәнін­де табысты боларына сенесіз бе?

– Қазақстан цифрлық дер­жаваға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірін­де өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновация­ларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда аза­маттарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал фин­тех компаниялар табысты жұ­мыс істеп жатыр.

Технология саласындағы на­ғыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп са­найды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ.

Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды ин­теллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұ­мысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мем­лекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, эко­номиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартап­тарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновация­лық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспор­ты бір миллиард долларға жуық­тады. Цифрлық активтерге ар­налған «CryptoCity» пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемле­кеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби маман­дар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп са­найды.

Былтыр мамыр айында Жа­санды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын баста­ды. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасан­ды интеллект туралы» Заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интел­лект және цифрлық даму ми­нистрлігі құрылды. «Alem. Cloud» және «Al-Farabium» деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бір­лесіп, дербес платформа құрды.

Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен универси­теттерде тиісті білім беру бағдар­ламалары жүзеге асырылып жа­тыр. Мәселен, 650 мыңнан ас­там студент «AI-Sana» бағдарла­масы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект ма­мандандырылған зерттеу уни­верситеті ашылады.

Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың ке­месіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын ел­дердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан мен цифрлық техно­логиялар мен жасанды интел­лектіні Қазақстанның даму жо­лындағы басым бағыт деп жа­рияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша ма­ңызды жұмыстың табысты бола­рына сенемін.

– Сіздің стратегиялық жос­парларыңыздағы ядролық энерге­тиканың орны қандай?

– Сенімді энергия көзі бол­маса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз ке­рек. Суперкомпьютерлерге, да­та-орталықтар мен автоматтан­дырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы.

Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның бас­шысы жақында «көк жағалы­лар», яғни техникалық маман­дық иелері мультимиллионер­лер қатарына қосылады деп бол­жам жасады.

Бірнеше атом стансасын салу – біріншіден, тарихи олқы­лықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі уран өндірісі бойын­ша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр стансасын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абы­рой-беделін нығайта түседі. Біз атом стансаларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыра­мыз. Тиісінше, мемлекеттік сая­саттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.

Тағы бір өте маңызды тақы­рып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұра­ныс арта береді, алдағы бес жыл­дың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашыла­ды. Еліміз жер қойнауында си­рек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қы­тай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жа­пония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекеті­мен ынтымақтастығын дамыта бастады.

– Тағы бір тақырыпқа ойыс­сақ. Жұртты бұрыннан толғанды­рып жүрген мәселелер бар. Мы­салы, кейбір ірі бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар қалталы азаматтардың да, қара­пайым адамдардың да қамын ой­лап өмір сүруді қашан үйренеді?

– Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік инсти­тутына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.

Мен мемлекеттік билік жү­йесінде жоғары лауазымды қыз­меттерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыс­тым. Себебі экономиканы өр­кендету және мемлекеттің қо­ғамдық негіздерін нығайту ісін­де кәсіпкерлер елеулі рөл атқа­ратынын жақсы түсінемін.

Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмен­деріміз қарапайымдылық, ұс­тамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас.

Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қа­ражатын өте үнемдеп жұмсайты­нын және елден дараланып көз­ге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қар­жысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұру­ға намыстанбайды. Жеке ұшақ­пен ұшпақ түгілі, бірінші санат­тағы орындарға да отырмайды. Бірақ бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.

Ал біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразы­лығын тудырып жатады. Мұн­дай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес.

– Сіз Республика күні қарса­ңында өткен азаматтарды мемле­кеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіпкерлермен жеке кездесіп, оларға наразылы­ғыңызды ашық айттыңыз деп естідік. Құпия болмаса, әңгіме не туралы болды?

– Жаңа ғана сөз болған қа­йырымдылық туралы, отаншыл­дықты жасампаз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия ке­рек.

Себебі халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген мін­дет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретін­де атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қар­жыландырып жатыр.

Қазақстанда көп нәрсе өз­герді. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жү­йесі жаңарды, саяси қайраткер­лер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсе­теді.

Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды.

Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.

Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіп­керлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі ке­рек. Тіпті кәсіптің жілігін ша­ғып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады.

Отандық бизнес өкілдері та­рихымызда бұрын-соңды бол­маған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай кө­мек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай.

Мен қайырымдылықпен ай­налысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жана­шырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіп­керлер биылдан бастап осы жо­ғары наградаға ие болады. Осы­лайша олардың қоғам алдында­ғы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады.

– Тағы бір өзекті тақырып. Қаңтар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі туралы ақпарат БАҚ бет­терінде былтыр ара-тұра жария­ланып тұрды. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?

– Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқа­шан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азамат­тық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқа­тар қоғамдық комиссия құры­лып, оған белгілі заңгерлер же­текшілік етті. Мұндай қадам жұ­мыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтау­ға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік таны­тып, кәсіби біліктілігін көрсет­кені үшін оларға ризашылығым­ды білдіргім келеді.

2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құ­рылымын бұзбақ болған қыл­мыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді.

Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұ­мыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқа­сында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды.

Қаңтар оқиғасын талқылай­тындар көбінесе сол кездегі дағ­дарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қаз­балап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен ақиқат жолында ешқашан қыз­балыққа салынбау керек. Алма­тыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалған­дай адам сенгісіз жағдайлар бол­ғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірі­мен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көпте­ген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимарат­тарын басып алуына әкеп соқ­тырды.

«Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың же­текшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шы­ғуға итермеледі. Сосын азамат­тардың, мемлекеттік қызметші­лердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкер­лерінің едәуір бөлігінің арасын­да дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете баста­ды. Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің және Ішкі істер ми­нистрлігінің кейбір басшыларысын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.

Осындай жағдай, әсіресе бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқал­ды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлық­қа ұшырады. Әкімшілік ғима­раттар, сауда орталықтары, дү­кендер мен банктер қирап, өрт­ке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы тө­тенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі са­на-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық бере­кесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қа­сақана ойына келгенді айтып жүр.

– Қаңтар оқиғасынан кейін сіз олигополияға қарсы күресті қолға алып, заңсыз иемденген ак­тивтерді мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтердіңіз. Сол үшін Бас прокуратураның жаны­нан арнайы комитет құрылды. Бі­рақ былтырғы Жолдауыңызда бұл құрылымның атауын Инвес­торлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту ту­ралы тапсырма бердіңіз. Жұрт бұл шешімді жете түсініңкіремей отыр. Мұндай қадам заңсыз ак­тивтерді елге қайтару тақырыбы осымен жабылды дегенді білдіре ме?

– Әрине, жоқ. Бас прокура­тураның мәліметтеріне тоқта­лып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигопо­лия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңге­ден астамы мемлекет қазынасы­на түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 мил­лиард теңге болатын 434 әлеу­меттік және коммуналдық ны­сан салынып жатыр. Оның қата­рында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұ­рылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ Павлодар, Арқа­лық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жа­тыр.

Жұмыс жалғаса береді. Ак­тивтерді сараптап, оның заңды­лығын анықтау құзырлы орган­дардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Ең бас­тысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруа­ны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан алға қадам басып, инвесторлар­дың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді.

Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қара­жаттың есебінен инвестиция­лық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталық­тар, тау-кен, металлургия, энер­гетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәде­ниет, спорт салаларына, сон­дай-ақ мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыланды­руға айрықша назар аударыла­ды.

Бас прокуратура мен Үкі­меттің алдында барлық жоспар­ларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс.

Заңсыз активтерді елге қай­тару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұста­нымы. Әңгіме индульгенция не­месе ымыраласып, астыртын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүл­дем мүмкін емес.

Қазақстан әлем қауымдас­тығына халықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көр­сетіп келеді. Бірақ кейбір «кәсіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады, шетелде жатып алып, өздерін саяси режімнің құрбаны етіп көрсетеді, «инвестор» ретін­дегі құқығы тапталып жатқанын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүргізуге дайынбыз. Өйткені ұстанымдарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заң­дары инвесторларға қолайлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді.

– Кейбір оқырмандар әлеу­меттік желіде сыбайлас жемқор­лықпен күрес мемлекеттік сая­саттың басым бағыты болудан қалды деген сыңайда пікір айтып жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дер­бес мәртебесі жойылғанын осы­ның бір дәлелі ретінде келтіреді. Бұл реформаның мәні неде?

– Мұндай пікірлерден хаба­рым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әңгімесі деп санаймын. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемле­кеттік орган ретінде өзіне жүк­телген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі ме­кеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бас­тады.

Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемле­кеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатыс­ты ешқандай күмән тумауға тиіс.

Қабылданған шешім қатар­дағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеолог­тары мен ұйымдастырушыла­рын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қа­тар қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыста­рына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – мемле­кеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет. Жалпы жемқорлықтан аулақ болу қа­жеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқор­лыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақ­ты жұмыс жүргізеді. Сонда мем­лекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақ­тамай, батыл шешім қабылдай­тын болады.

– Сіз Жолдауыңызда әлеу­меттік жеңілдіктер тым көбейіп, масылдық пен алаяқтыққа жол берілгенін қатаң сынға алдыңыз. Жұрт иммиграцияға қатысты көзқарасыңызды да білгісі ке­леді…

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғы­лым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме то­лық орындалады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Ше­телдіктер, әсіресе көрші мемле­кеттердің тұрғындары біздің ел­дегі әлеуметтік қызметтің сон­шалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және аза­маттарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады.

Мысал ретінде, жекеменшік мектептердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін айтуға бола­ды. Барлық аймаққа жеке­меншік мектептердің, балабақ­шалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басы­на сәйкес қаржыландыру» қағи­даты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қар­жы бөлінеді.

Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшыла­ры енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі қазірдің өзін­де қаражат жетпей жатыр.

Жекеменшік медицина сала­сында да осыған ұқсас ахуал қа­лыптасқан. Бұрын жекеше­лендірілген медицина мекеме­лері көбінесе күрделі құрал-жаб­дықтар сатып алмайды, тексеру­ден өту үшін науқастарды мем­лекеттік емханаларға жібереді. Бірақ ең бастысы, оларға шын мәнінде науқастардың санына қарай емес, «тіркелген» адам­дардың санына қарай бюджет­тен ақша бөлінеді және бұл «жан басына сәйкес қаржыландыру» деп аталады. Науқастардың са­нында мүлде нақтылық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн.

Жалпы бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғала­мын.

Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекет­терінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салала­рындағы жеке кәсіпкерлік ұғы­мы бұрмаланып кеткен. Ахуал­ды түзеу қажет. Бюджеттен қар­жы бөлінбесе, әлеуметтік ны­сандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына ар­тып қоюға болмайды.

Cонымен бірге, медицина туризмі тұрғысынан алғанда Ас­тана мен басқа да қалаларымыз­дың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Дәрігерге қара­лып, сапалы ем-дом алу үшін көрші елдерден бөлек, тіпті, АҚШ-тың және Еуропаның кейбір мемлекеттерінің азамат­тары Қазақстанға келіп жатыр.

Мемлекет мұғалімдерге және медицина саласының қызмет­керлеріне өте жақсы қолдау көр­сетті. Олардың жалақысы бірне­ше есе өсіп, қоғамдағы мәрте­бесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім болды.

Бірақ алаяқтыққа жол беріл­мейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақтық қақтығыстарға қатыс­қан «ардагерлер» әлі күнге дейін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланып келеді. Мен халыққа Жолдауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «ардагерлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқа­нын айттым.

Тағы бір мысал. Статистика­ға қарасақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедек адам бар екен. Еліміздің ешқандай қару­лы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемлекет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қыз­меткерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диагнозы қойылған жақындарын мүгедектер қата­рына қосып жаза салғаны анық­талып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан Үкімет пен құқық қорғау орган­дарына осы салада тәртіп орна­туды тапсырдым.

Қандастар мәселесіне кел­сек. Әрине, мен сырттағы аға­йынның тарихи Отанына орал­ғанын құптаймын. Бірақ олар­дың қоғамымызға дұрыс кірігуі­не қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстан­дағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыс­тау облысының Жаңаөзен қала­сына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.

Мен былтырғы сұхбатымда Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айт­тым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мем­лекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы да­рынды, бастамашыл әрі отан­шыл жастардың қолында.

Мен мұны үнемі айтып жү­ремін. Себебі Мемлекет басшы­сы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін.

– Елдің қорғаныс қабілеті ай­рықша маңызды екенін бәріміз білеміз. Бірақ сарбаздардың өліміне қатысты оқиғалар әскери қызметтің беделін, Қарулы Күш­теріміздің абыройын түсіріп жа­тыр. Сіз армиядағы ахуалды қа­лай бағалар едіңіз?

– Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздар­дың жарақат алуы мен қаза бо­луына қатысты оқиғаларды өр­кениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұн­дай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс са­ласына жауапты мекеменің бас­шылығын тәрбие жұмысын дұ­рыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Ко­мандирлер әскери қызметші­лерге үлгі-өнеге болуға тиіс.

Әскерде әлімжеттікке, бұза­қылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұ­ның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын.

Мен ахуалды түзеу үшін шұ­ғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Дегенмен қай­ғылы оқиғалар әскери бөлімше­лердің бәрінде болып жатпаға­нын атап өткен жөн.

Тексеру жұмыстары, жалпы әскердегі тәртіп қатаң сақтала­тынын көрсетті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әс­кердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн са­йын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза таба­тын жер ретінде көрсеткісі ке­леді.

Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.

Олар әскерде жүргенде сұра­нысқа ие мамандықтарды мең­гереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жа­ғынан барынша қорғалған.

Армияда темірдей тәртіп бо­луға тиіс. Сарбаздар ант берген­де айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншы­лықтарын табандылықпен көте­ремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аң­ғаруға болады.

Әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығы­ның бірі. Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаң­ғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді ше­телдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жоғары бағалады, бұл іс-шара армиямыздың зама­науи қару-жарақпен және тех­никамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен то­лық жабдықталғанын, сондай-ақ әскери қызметшілеріміздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлім­шелеріміз ел ішіндегі және ха­лықаралық деңгейдегі жаттығу­ларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждер­ден бастап университетке дейінгі білім және ғылым меке­мелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты.

Жуырда Тараздағы маман­дандырылған әскери мектепке бардым. Онда әлеуметтік жағы­нан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақсы бастама. Мен осы мек­тепке аты аңызға айналған баты­рымыз Бауыржан Момышұлы­ның есімін беру туралы шешім қабылдадым. Облыс орталығы­ның бәрінде осындай мектеп ашу туралы тапсырма бердім. Бұл білім мекемелерінде бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардарлар мен генералдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін.

– Тағы бір өткір тақырып – көлік апаты. Өкінішке қарай, жыл сайын жол-көлік оқиғасы­ның салдарынан мыңдаған адам қаза болады. Сіз Жолдауыңызда да бұл тақырыпқа тоқталып, мә­селені ретке келтіруді талап еттіңіз. Оң өзгерістер бар ма?

– Бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мәселе. Басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны был­тырдың өзінде 300 мыңға, ал соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі.

Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түсті. Инфрақұры­лым жетілдірілді, бақылау кү­шейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды.

Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апатта­рынан болған адам өлімі 9,4 па­йызға азайды. Алайда қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралар­дың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақта­мағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағ­дай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апат­тарға себепкер болады.

Кейбір дамыған елдерде көлік апаттарының алдын алу үшін жаңа тұжырымдама енгізіліп жатыр. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұсталып қалудан қорыққандық­тан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойла­ғандықтан жол ережесін сақтау­ға тиіс.

Бұған қоса, осы салаға жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізген жөн. Біз көліктер тоқ­таусыз жүретін көшелер сала­мыз. Сондай-ақ қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне ай­рықша назар аударамыз. Себебі автобустардың жол апатына ұшырауы азаюдың орнына кө­бейіп барады.

– 2025 жылдың екінші жар­тысы еліміздің сыртқы саясатын­дағы маңызды оқиғаларға толы болды. Сіз қысқа мерзім ішінде Бейжіңде, Вашингтонда, Мәс­кеуде, Анкарада, Абу-Дабиде, Ташкентте, Душанбеде, Бішкекте, Ашхабадта және Токиода бо­лып қайтқан әлемдегі санаулы қайраткердің бірісіз. Өзіңізді ірі халықаралық қақтығыстарды шешу үшін ара ағайын болуға ар­найы шақырады деген де болжамдар бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралар­дың көптігі Қазақстанның абы­рой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетел­ге жасаған сапарларымнан бө­лек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ық­палды мемлекеттердің басшы­лары Астанаға сапармен келді.

Әрбір келіссөзде экономика­лық және инвестициялық ық­палдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты ма­ңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы ба­сымдық берілген салаларды да­мыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құ­жаттарға қол қойылды.

Қазақстан Еуразия кіндігін­де орналасқан ел ретінде, әсіре­се қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек. Біздің халықаралық қа­тынастағы негізгі мәселелер ту­ралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс. Сон­дықтан мен БҰҰ Бас Ассамблея­сының мерейтойлық сессия­сында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұстанымын ег­жей-тегжейлі айтып өттім.

Халықаралық дау-дамайлар­да ара ағайын болатын ешқан­дай ойым жоқ, сондай-ақ бірқа­тар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ жабық кеңестер мен пікір­таластарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет бас­шылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құ­ралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизм­нен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек.

– Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей бас­шысымен тағы да кездесті. Кремльге қарасты ақпарат құрал­дары бұл жайында кеңінен мәлі­мет таратты. Кездесу туралы көп­теген пікір айтылып, өсек-аяң өрбіді. Тіпті Қазақстанда 2029 жылы болатын билік транзиті ту­ралы сөз қозғалыпты, Назарбаев Владимир Путиннің тікелей қол­дауымен сол істе ең басты рөл ат­қарғысы келеді екен деген алып-қашпа әңгіме шықты. Сіз был­тырғы сұхбатыңызда Тұңғыш президент партияның ірі қайрат­кері ретінде көп уақытын өткізген Мәскеуді сағынатын болар, сон­дықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен көп­теген азамат Сіздің осындай «саммиттерге» шынайы көзқарасыңызды білгісі келеді.

– Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми си­патқа ие. Мұны Ресей прези­дентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі бас­қосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабыл­дайтынын айтқан еді.

Ресей президентінің ерек­шелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қа­тынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қа­зақстанның Тұңғыш прези­дентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ық­палдастық үдерісінің бастауын­да тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Вла­димир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді.

Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қой­маймын.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемле­кеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік ин- ституттарды және экономика­ның нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолын­дағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қа­тысты.

– Ал билік транзиті туралы не айтасыз?

– Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұ­мысқа толы бірнеше жыл бар.

– Кейбір сарапшылар парла­менттік реформа бір ғана мақсат­пен – Парламент төрағасы лауа­зымын мемлекеттік басқару жү­йесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды. Сіз бұл лауазымды өзіңізге дайындап жатырсыз де­ген де сыбыс бар…

– Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстан­ның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бір­неше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – Ық­палды Парламент – Есеп бе­ретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қа­мын күйттеп, мемлекеттік жү­йені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді.

Еліміз үшін аса маңызды ре­форманың бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ой­лар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жария­ланады.

– Биыл саяси тұрғыдан алған­да қандай жыл болмақ?

– Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына ті­келей әсер ететін, Қазақстан­ның ұзақ жылдарға арналған ба­ғыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бір­ге Ата заңымыздың редакция­сына қатысты ұсыныстарды қа­рап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жа­саймыз деуге болады.

– Сіздің күрделі мәселелерге әзілмен қарай алатыныңызды, ойыңыздың астарын өмірде бол­ған тағылымды тарихи оқиғалар, я болмаса дипломатиялық тәжі­рибеңізден алынған мысалдар ар­қылы жеткізетініңізді «прези­денттік орта» жақсы біледі деседі. Олар өткен кезеңнің белгілі тұл­ғаларын да жиі тілге тиек ететініңізді айтатын көрінеді. Жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде бұл қабілетіңіз Сізге септігін тигізе ме?

– Әзіл айта білу және тарихи деректерді жетік білу үлкен сая­сатта да жоғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан көптің алдында өт­кен дәуірлерге қатысты тақы­рыптарға бара бермеймін. Бірақ тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де тарихи деректерді қазіргі саясат­тың мүддесіне пайдалануға бол­майды деп санаймын.

Белгілі жазушы, драматург Эдвард Радзинский өткен ға­сырдағы 80-ші жылдардың ба­сында Сталин туралы іргелі зерттеу кітабын жазуға кіріс­кенін айтыпты.

Қаламгердің елге «қайта құру қаһармандары» ретінде таныл­ған достары «Сенің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен де­мократия дәуірі басталғанын білмейсің бе? Сталинизм зама­ны келмеске кетті» деп кекетсе керек. Сонда жазушы «Мен кі­тапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады» деген екен. Ақыры солай болып шық­ты.

Тарихтан талай нәрсені үй­ренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқа­шан ұмытқан. Ал Троцкий өз ес­теліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт ма­дақтайды, тіпті «Кадр бәрін ше­шеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай кере­мет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи па­радокстар бізде де аз емес…

– Ойыңызды тарқатып айта­сыз ба?

– Кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымыз­да қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тари­хи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлық­тап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе.

Соңғы жылдары Қазақстан­да тарихты талқылау сәнге ай­налды. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітап­тар шығып жатыр. Әрине, ха­лықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы бұл – құптарлық дүние.

Алайда өкінішке қарай, мем­лекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған де­ректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басы­нан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшы­сымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өт­кен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».

Біз болашаққа ұмтылған қо­ғам, біртұтас ұлт ретінде төл та­рихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз ке­рек. Бізге негізсіз аңыз-әңгіме­лердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыра­тын құндылық болуға тиіс. Ой­дан шығарылмаған, яғни ақи­қатқа құрылған шежіре бізді та­рихтан тағылым алып, кемшіліктерімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам ба­суға үйретеді. Сондықтан біз Абайды және оның ой-тол­ғамдарын кеңінен дәріптеп ке­леміз. Ол қоғамдағы кемшілік­терді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ой­шылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр.

Абай халқымыздың еңбек­қор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірта­ластан басқа ұрпаққа ұлағат бо­ларлық сөз қалдырмаған бірқа­тар қоғам қайраткерлерінің мұ­расынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе саяси аласапы­рандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған.

– Сіздің «Қазақстан Респуб­ликасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаныңыз был­тырғы айтулы қадамның бірі бол­ды. Жұрт идеологияның рөлі, отаншылдық туралы жиі айтады. Сіз отаншылдық дегенді қалай түсінесіз?

– Меніңше, отаншылдық де­ген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін со­ғып көпірмейді, етегі жасқа то­лып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үн­демей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, таби­ғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі.

Мен аймақтарға іссапармен барғанда инженерлермен, жұ­мысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, шаруалармен, әскери қызметшілермен, мәде­ниет қайраткерлерімен кезде­семін. Олардың бәрі – сүйікті Отанымыздың нағыз патриотта­ры. Отан отбасыңнан, аулаңнан, көшеңнен басталады. Сондық­тан айналаңды аялап, табиғатты таза ұстау керек.

Әлемде мультикультура­лизмді қолдап, ұлтаралық және дінаралық татулықты жақтай­тындар мен өзін нағыз патриот санайтын радикалды ұлтшыл топ өкілдері арасында қақтығыс болып жатыр. Меніңше, екі жақтың да ұстанымы ұшқары. Себебі Азияда бағзы заманнан бері заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» бар.

Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бірлігіміз – әралуан­дықта» деп аталатын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құр­меттеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтайын: Қа­зақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен кө­теру қағидаттары айрықша ма­ңызды. Әйтпесе, жоспарлары­мызды орындап, мақсаттары­мызға жету екіталай болмақ.

– Биыл Қазақстан халқы қас­терлі Тәуелсіздігіміздің 35 жыл­дық мерейлі белеске жеткенін атап өтеді. Бұл – тарих тұрғысы­нан алғанда қас-қағым сәт болға­нымен, жекелеген мемлекеттер мен адамдар үшін біршама ұзақ мерзім. Сіз Қазақстанның жүріп өткен жолын қалай бағалар едіңіз? Алдағы бағдарымыз қандай?

– Мемлекет құру ісінің куә­гері болған және бұл іске атса­лысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстан­ның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қа­теліктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұра­лаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бі­рақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетел­дерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені демог­рафиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбай­лау болатындай көрінді.

Өмірдің өзі бұл болжамдар­ды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жо­ғары, табысты мемлекетке ай­налды. Бірақ алдымызда тәжі­рибесі мол азаматтарға да, жас­тарға да ортақ орасан зор жұмыс бар.

– Қазіргі жастар – өте талап­шыл әрі талғампаз. Әлеуметтік желіден олардың «Қазақстан «прайм-дәуірге», яғни, керемет кезеңге қадам басты» дегенін көр­генде таңғалдым. Осыған қатыс­ты не айтар едіңіз?

– Жастарымыздың күш-қуа­ты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоға­ры. Олар – бар ықыласымен бо­лашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиын­дықтарды жеңері сөзсіз.

Жастардың қуанышы орын­сыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ олардың ой-пікірімен са­насқан жөн. Жастар Отанымыз­ға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жа­сампаздық рухын білдіреді.

Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуал­ға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, вир­туалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үсті­мен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темір­дей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн.

– Қазақстанның дамуы тура­лы айтар болсақ, осы жылдан не күтесіз? Алда қандай маңызды оқиғалар болады? Мақсат-мұ­раттарыңыз қандай?

– Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет екенін айтып өттім. Осы жылы ауқымды саяси өзгеріс­тердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады.

Еліміз жаңғыру жолына бір­жола түсіп, қоғамымыздың бол­мысы мен бет-бейнесін түбе­гейлі өзгертуге тиіс. Азаматта­рымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін.

Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және бас­қа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласы­на дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады.

Тәуелсіздігіміздің 35 жылды­ғы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолы­мызды ой елегінен өткізіп, бола­шаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа ай­налдырмау керек, бұл Қазақс­танның өсіп-өркендеуінің сим­волы болуға тиіс.

Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын ал­дағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даң­ғазалықтан арылуға, үнемі із­деніп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қа­йырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Ха­лықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қа­зақстан» идеясымен толық үн­деседі.

Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санай­мын. Өйткені тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс.

– Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді. Сіз жеке өміріңізді көпшілікке жария етуді ұната бермейтін сияқтысыз. Өзіңізді жақсы білетін адамдар «ол жазба мәтіндерге өте мұқият қарайды және асқан табанды­лықпен жұмыс істейді» дейді. Жеке басыңызға қатысты осын­дай сұрақтар аз емес. Осының бәрін қорыта айтсақ, Сізді жан дүниесі мен мінез-құлқы қандай адам деуге болады?

– Мен 1975 жылы КСРО сыртқы істер министрлігінің та­балдырығын алғаш рет аттадым, мемлекеттік қызметке келгеніме былтыр 50 жыл болды. Алғашқы мамандығым бойынша мен – қытайтанушымын. Бұл кәсіп айрықша табандылықты қажет етеді. Шынымен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдылан­ғанмын, нашар стильді, әсіресе әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қа­райтынымды аппараттағылардың барлығы біледі.

Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетаны­мыма өз әсерін тигізді. Сондық­тан «Сіз кімсіз?» деген сипатта­ғы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін.

– Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Сіз көп ашыла бермейсіз. Дегенмен ден­саулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер Сіздің салмақ тастап, сергек көрі­не бастағаныңызды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл туралы не дер едіңіз?

– Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіп­қой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тас­тап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым.

– ТМД елдеріндегі әріптес­теріңіздің ішінде тағы кім спортқа жақын?

– Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мық­ты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров фут­бол ойнайды. Мирзиёев те ши­рақ, ол жаттығу залында шыны­ғады. Пашинян велосипед те­беді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында.

– Президент мырза, бүгін өте мазмұнды әңгіме болды. Халықты толғандыратын көптеген маңыз­ды мәселені талқыладық. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын.

– Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселе­лер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақс­танның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз ке­рек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

Газеттеріңіздің жұмысы та­бысты болсын! Редакция қыз­меткерлеріне менен дұғай сәлем айтыңыз.

– Міндетті түрде сәлеміңізді жеткіземін!

Әңгімелескен

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

«Turkistan» газеті, 2026 жылғы

5 қаңтар, №1 (1638).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp