Мен ауыл тұрғынымын. Ресми басылымдардан өңіріміздің бас газеті – “Солтүстік Қазақстанды” жаздырып аламын. Тұрақты оқырмандарыңыз ретінде бір өтінішім бар. Жақында Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарының нәтижесін біле алмай отырмын. Жалпыкомандалық есепте кім топ жарды? Қазақстан жарысты нешінші орында аяқтады? Толық ақпарат берулеріңізді өтінемін.
Әскер ҚҰРМАНОВ,
Благовещенка ауылының тұрғыны.
Жамбыл ауданы.
Редакциядан: Құрметті оқырман! ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен болатын. Оған әлемнің 206 елінен спортшылар қатысты. Қазақстаннан төрт жылдықтың басты додасына 104 атлет аттанып, соның 17-сі жүлдегер атанды. Қоржында 3 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль бар.
Ауыр атлетикадан 77 килограмм салмақта сынға түскен Ниджат Рахимов, 69 килограмда бокстасқан Данияр Елеусінов және 200 метрге брасс әдісімен жүзген Дмитрий Баландин Олимпиада чемпиондары атанды. 60 килограмм салмақта белдескен дзюдошы Елдос Сметов, 81 және 91 килограмда жұдырықтасқан қос былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит, 75 килограмға дейінгі салмақта белдескен балуан қызымыз Гюзель Манюрова мен зілтемір көтеруден 69 килограмда сынға түскен Жәзира Жапарқұл күмістен алқа тақты.
Ел қоржынына қола медаль салғандар: дзюдошы Отгонцецег Галбадрах (48 килограмм), ауыр атлеттер Фархат Харки (62 килограмм), Карина Горичева (63 килограмм) және Александр Зайчиков (105 килограмға дейін), ұзындыққа үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова, еркін күрес шеберлері Эльмира Сыздықова (69 килограмм) мен Екатерина Ларионова (63 килограмм) және боксшылар Иван Дычко (аса ауыр салмақ) мен Дариға Шәкімова (75 килограмм). Бұл тізімге тағы бір зілтемірші Денис Уланов та кіріп қалуы ықтимал. Өйткені, Риода 390 килограмм көтеріп қола медаль еншілеген румыниялық спортшы допинг қолданғаны үшін жүлдеден қағылмақ. Олай болған жағдайда қола медаль жарысты төртінші нәтижемен аяқтаған Денис Улановқа беріледі.
Енді жалпыкомандалық нәтижеге тоқталсақ, Қазақстан медальдардың жалпы саны және күміс медальдардың көптігі жөнінен өз рекордын жаңартты. Бұрынғы өткен Олимпиадаларда осыншама жүлде алып көрмеппіз. Сонымен, 17 медальмен Қазақстан жалпыкомандалық 22-орынға тұрақтады. АҚШ 121 (46 алтын, 37 күміс, 38 қола), Ұлыбритания 67 (27 алтын, 23 күміс, 17 қола), Қытай 70 (26 алтын, 18 күміс, 26 қола) медальмен алғашқы үш орынды өзара бөлісті. ТМД елдері арасынан Ресей 56 (19 алтын, 18 күміс, 19 қола) жүлдемен – 4-ші, Өзбекстан 13 (4 алтын, 2 күміс, 7 қола) медальмен – 21-ші, Украина 11 (2 алтын, 5 күміс, 4 қола) алқамен – 31-ші, 18 (1 алтын, 7 күміс, 10 қола) жүлдесі бар Әзірбайжан – 39-шы, 9 (1 алтын, 4 күміс, 4 қола) медаль олжалаған Беларуссия – 40-шы, 1 алтын, 3 күмісі бар Армения – 42-ші, 1 алтын медальмен Тәжікстан 54-ші орындарға жайғасты.