Ел бірлігі – біздің ең қасиетті қазынамыз – Тәуелсіздігіміздің тірегі. Біз ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке ие болдық, азат еліміздің іргесін нығайтып, еңсесін тіктедік. Дамудың даңғылына түсіп, егемендіктің сара жолымен болашаққа бет алдық. Ендігі әр күніміз қасиетті де қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, оны мәңгілік етуге арналады. Бұл – ынтымағын жарастырып, бірлігін бекемдей алған, татулығын тыныштығы мен тұрақтылығының тұғыры ете білген елдің ғана қолынан келетін ұлы шаруа. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі этносаралық бірлікті нығайту және сақтау жайлы әр жылдары айтқан ойларын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қазақстан халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды.
Біз бір ұлтпыз, қанымыз бір, жанымыз бір.
Еш уақытта басқа ұлттың, басқа діннің адамдарын ренжітуге болмайды. Қандай жаманшылықты өзіңе тілемейсің, басқаларға да сондай тілекші бол. Қазақстандықтардың барлығы бір-біріне тілеулес болғаны жөн.
Басқа ұлт болса да, оларда Қазақстанның төлқұжаты бар, осы елде туып-өсті. Бөтеніміз емес. Қоғамның барлық жүгін бірге көтерісіп келеді. Зауыт, фабрикаларды бірге салып жатырмыз.
Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс.
Бірлік – баға жетпес басты байлығымыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз.
Қазақтардың ұлттық статусы, ұлттық бағасы бүгінде нағыз мемлекет қалыптастырушы ұлт статусына лайық.
Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы.
Ұлттық бірлік ортақ мемлекетті бірлесіп құру, толеранттылық, азаматтық және осы елдің мемлекеттік тілін міндетті түрде білу секілді шарттармен анықталады.
Қазақстанның тәуелсіздігінің болашағы үшін, өсіп-өркендеуі үшін, нығаюы үшін қазақтың – өзіміздің ұлттың бірлігі керек.
Қазақ тілі мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты.
Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған.
Келісім – экономика мен саясаттың, қауіпсіздіктің, өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз.
Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!
Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты.
Ел бірлігі – ешқашан құны түспейтін, жыл өткен сайын маңызы артып, мәні толыға түсетін шексіз байлық. Осы байлықты еселеп, дамыта түсейік. Бірлігімізге бекем болып, татулықты – ту, тыныштықты тұғыр етейік. Сонда ғана мерейіміз үстем болады. Осыны біз жасап келе жатырмыз тәуелсіздік жылдарында. Осыдан танбайық.