2022 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Қазақстан халқына» қоры құрылып, аз уақыттың ішінде ірі компаниялар, монополистер мен кәсіпкерлер және жекелеген азаматтардан әжептәуір қаржы жиналды. Көп өтпей қордың құрылтайшылары бекітіліп, жоспары жасалып, әр сала бойынша жобалар жүзеге асырыла бастады. «Бұл қор қоғамды ұйыстырудың тағы бір құралы болатынына, азаматтардың бойындағы әлеуметтік әділдік сезімін нығайтатынына сенемін», — деген Президент жаңа ұйымның тәуелсіз әрекет ететінін, атқарған жұмыстары туралы халық алдында ашық есеп беретінін айтқан еді.
Үш жылдан астам уақыт ішінде қор 104 қайырымдылық жоба мен бағдарламаны іске қосып, оның 62-сін толық жүзеге асырған. Осы уақыт аралығында 252 млрд. теңге қаражат жинақталса, соның 186 млрд. теңгесі тиісті мақсаттарда жұмсалыпты. Былтыр қайырымдылық істерге 96,6 млрд. теңге бағытталған. Қор жұмысы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды оңалту, денсаулық сақтау, білім беру саласын дамыту, мәдениет, спорт, инклюзияны қолдап, төтенше жағдай кезінде қол ұшын созуға негізделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жыл сайын «Самрұқ- Қазына» кірісінің 7 пайызы «Қазақстан халқына» қорына аударылып отырады. Сол сияқты ойын бизнесінен түсетін пайданың белгілі бір үлесі қайырымдылыққа бағытталады. Былтыр жалпы демеушілерден қорға 66 млрд. теңгеден астам қаражат түскен. «Қазақстан халқына» қоры көрсеткен игіліктен Қызылжар жұртшылығы да қалыс қалған емес. Солардың негізгілеріне жан-жақты тоқталғанды жөн деп санадық.
Сәбидің саулығы – ұлт байлығы
Қордың басқарма мүшесі София Айсағалиеваның айтуынша, бүгінде ұйымның қолдауымен 50-ден астам әлеуметтік маңызы бар бағдарлама қолға алынған. Оның бірқатары толықтай жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп отыр. Аталған бағдарламалардың бір бағыты денсаулық сақтау саласын қамтиды. Оның аясында емдеу мекемелеріне қажетті жабдықтар алу, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту, сырқат балаларды оңалтуға қолдау көрсету сияқты жұмыстар атқарылмақ. «Мәселен, орфандық ауруларға шалдыққан емделушілерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде сирек кездесетін аурулары бар азаматтарды қымбат, заманауи, инновациялық, тіркелмеген дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бағытталған. Соның арқасында елімізде құны 2 млн. доллар тұратын қымбат дәріге мұқтаж 5 балаға тиісті препараттар алынды. Бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысында тұратын екі бала буын дистрофиясын емдеуге арналған «Виондис 53», «Амондис 45», «Экзондис 51» сияқты қымбат дәрілерге ие болды», – дейді ол. Сонымен қатар муковисцидоз, ахондроплазия, өкпенің артериалды гипертензиясы дертіне шалдыққан жерлестеріміз үшін қажетті дәрілер қор қаржысына салып алынған. Шала туған нәрестелерге қолдау көрсету бағдарламасы өңірдегі медициналық мекемелер үшін офтальмоскоптар мен диагностикалық линзалар алуға мүмкіндік берген. Ал жаңа туған балаларға ерте көмек көрсету бағдарламасы аясында 13 өңірде орталықтар ашу үшін 870 млн. теңге қарастырылған. Қор қаражаты есебінен Петропавлдағы перинаталдық орталықта ерте жастағы балғындарға көмек көрсететін орын жабдықталыпты.
– «Қамқорлық» орталығында жыл сайын үш жасқа дейінгі 400 бала оңалтудан өте алады. Мұнда балалар мен аналарға арналған сабақтар ұйымдастырылып тұрады. Орталық АҚШ, Германия мен Ұлыбританиядан әкелінген медициналық қондырғылармен жабдықталған. Келушілермен тәжірибелі невролог, реабилитолог, инструктор, психолог, логопед, эрготерапевт сияқты кәсіби мамандар жұмыс істейді. Әр балаға диагнозына қарай жеке жоспар жасаймыз. Жүйке жүйесі, тірек- қимыл аппараты, сөйлеуінде кінарат барларға арналған бағдарлама 14 күнге шақталған, – дейді перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная.
«Қазақстан халқына» қоры облыстық көпбейінді балалар ауруханасында да амбулаторлық оңалту орталығын ашуға қолдау көрсетті. Бүгінде мұнда жылына 1900 келушіні оңалтудан өткізуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар балалардың туабітті ауруларының алдын алу үшін өңірдегі генетик мамандар қор қаржысына шетелде оқытудан өткен. Бұған қоса онкологиялық аурулармен күресу үшін көпбейінді облыстық аурухананадағы жабдықтарды жаңартуға қаржы қарастырылған.
Білімді ұрпақ – білімді ел
Тиімді білім беруді қолдау, жастар мен оқушыларға қосымша білім беру жобаларын жүзеге асыруға да қор тарапынан қомақты қаржы бөлініп келеді. Мысалы, ауылдардағы тірек мектептерді дамыту жобасы аясында Уәлиханов ауданының орталығындағы №2 Кішкенекөл орта мектебінің кабинеттері жаңартылған.
– Жоба шеңберінде елдегі 80 ауыл мектебінің материалдық- техникалық базасы жақсарады деп жоспарлануда. Жобаға қатысатын әрбір мектепте мектепалды даярлық және робототехника кабинеттерін, мультимедиялық кабинет пен STEM- зертхана, заманауи жаңа зертханасы бар физика және химия сыныптары, білім берудің барлық пәндері мен бағыттары бойынша жаңа заманауи модификация кабинеттері ашылады. Кішкенекөл мектебі үшін қордан 240 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 34 кабинет жаңартылды. Пәндік кабинеттерден бөлек қосымша білім беруге арналған бөлмелер де толық жабдықталды, – дейді жоба менеджері Асылхан Айтахметов.
София Айсағалиеваның айтуынша, «Арнайы білім беретін мектептерді жабдықтау» жобасы аясында өңірдегі 7 мектепке қолдау көрсетілген. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ломоносов арнайы мектеп-интернаты, облыс орталығындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат, Соколов мектеп-интернаты, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Чкалов мектеп-интернаты және өзге де білім беру мекемелеріне қажетті жабдықтар сатып алыныпты.
– Жергілікті билік тарапынан қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты арнайы мектептерге тиісті көңіл бөлінбей келеді. Сондықтан оқу және түзету-дамыту жабдықтары жаңалауды қажет етеді. Қордың іске асырып жатқан бағдарламасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік беруде. Бірінші кезең бойынша (бөлінген қаражат 94,2 млн. теңге) 4 мектеп қамтылған. Екінші кезеңде Петропавлдағы №1 мен №2 және Шөптікөл (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) арнайы мектеп-интернаттарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қаржы бөлінді. Қайырымдылық бағдарламасы аясында Қызылжардағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты жаңа жабдықтар алды. Оған 33 млн. теңге жұмсалды, – деді қордың басқарма мүшесі София Айсағалиева.
Қор ауылдық жердегі инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлуде. «24 балалар спортзалы» жобасы аясында Есіл ауданындағы Покровка ауылындаға ескі ғимарат жөнделіп, спортзал ашылған.
Қиын сәтте бірге
Қор табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде зардап шеккендерге көмек көрсету бағытында да ауқымды жұмыстар атқарды. Былтыр су тасқынынан зардап шеккен өңірлер үшін қаражат бөліп, тұрғын үй құрылысына демеушілік етті. Нәтижесінде 5 өңірдің 20 елді мекенінде 700-ге жуық баспана тұрғызылды. Елімізде тасқыннан зардап шеккендер үшін салынған үйлердің 57 пайызының құрылысын «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырды. Өңірлердегі баспаналардың орташа құны – 26,5 млн. теңге.
Қор қаржысына баспанасы жарамсыз деп танылғандарға салынған үйлердің ең көбі біздің өңірде бой көтерді. Осылайша 200 қызылжарлық отбасы қор есебінен жаңа қонысқа көшті.
Өткен жылдың сәуірінде қор басшылығы облыстық әкімдікпен 100 үйдің құрылысын жүргізу туралы келісімге келді. Көп өтпей тағы демеуші табылып, құрылыс ауқымы екі есеге кеңейген болатын.
Қордан көмек алуға еліміздің әр азаматы өтініш бере алады. Ұйымның көмек көрсету кезінде ұстанатын өзіндік тұжырымдамасы мен бағыттары бар. Өтініш берушілер осы бағыттар аясында қолдауға ие болады. «Қорға жүгіну үшін алдымен арнайы сайтта тіркеліп, тиісті құжаттарды жүктеу қажет. Одан әрі арнайы сарапшылар комиссиясы келіп, түскен жобаны бағалап, шешім қабылдайды. Бағалау барысында жобаның өміршеңдігіне, өзектілігі мен экономикалық ойластырылуына мән беріледі. Сонымен қатар қоғамдық маңызы мен қаржы беру бағыттарына сай болуына да назар аударылады», – дейді София Айсағалиева.
Қор жұмысының ауқымы кең, сан саланы қамтып жатқандықтан, тиісті жобалардың бәріне сараптама жасап, жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан кей жобалар өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылады. Қордан бөлінген қаржы бір тиынына дейін шашау шықпай мақсатты іске жұмсалуы қадағаланады.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».