«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН – ЭКСПОРТТАУШЫ ЕЛУ ЕЛДІҢ ҚА­ТАРЫНДА

Қазақстан ТОП-50 экспорттаушы елдердің қатарына еніп отыр. Бұл туралы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті. “Бүгінгі таңда біз 850 экспорттық тауарды сыртқа сатудамыз. Олардың 160-ы бойынша Қазақстан ТОП-50 экспорттаушы елдердің қатарына кірді және 49-орында тұр. Экспортымыздың географиясына келетін болсақ, ол шамамен 260 млн. халықты қамтып отыр. Негізінен, бұл мемлекеттер – Ресей Федерациясы, Орталық Азия елдері, Иран, Қытай және басқалары”, – деп атап өтті министр. Оның сөзіне қарағанда, әлемде Қазақстан сары фосфор мен уран экспорты бойынша бірінші орында тұр. Сары фосфор бойынша әлемдік экспорттың 40 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал уран бойынша – 46 пайыз. Қазақстан титан экспорттаудан әлемде үздік үштікке енеді, ал ұн тасымалы бойынша 2-орында келеді.

Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, елімізде бұрын-соңды болмаған отандық брендтер өмірге келеді. Қазақстанда экспортты қолдаудың “Kaz Brands” шаралар кешені жасақталды. “Әрбір бренд бойынша даму жоспары бар және біздің мақсатымыз “Қазақстанда жасалған” имиджін сыртқы нарықтарда көтеру”, – деді министр.  

Шетелдік 18 компания Қазақстанға қайта инвестиция салуға мүдделі. “Қысқамерзімді инвесторлар бізде жұмыс жасап жатыр. Біздің мақсатымыз – сол компаниялардың біздің экономикаға қайта инвестиция салуына қол жеткізу. Бүгінде 18 компаниямен жақын жылдары қайта инвестициялау бойынша уағдаластық жасадық”, – деді министр. Сондай-ақ, бірнеше алпауыт корпорация Орталық Азиядағы филиалдарын Қазақстанға көшірмек. «Біз трансұлттық корпорацияларды үздік инвестициялық орталық ретінде Қазақстанға тартудамыз. Бірнеше корпорация бар. Көрші елдердегі ахуалды ескере отырып, олар филиалдарын Қазақстанға көшірмек. Өздерінің кеңселерін Қазақстанда ашып, барша Орталық Азия аумағында қызметтерін жүзеге асыруды жоспарлауда”, – деді Әсет Исекешев.

Министрлік мемлекеттік қызметке шетелдегі жоғары білікті қазақстандық мамандарды тартуды көздеуде. “Адамдар мемлекеттік қызметке оңай келуі үшін 1 қыркүйектен бастап біздің бөлімшелер бос орындар туралы ақпаратты сайтқа алдын ала жариялап отыратын болады. Шетелдегі талантты қандастарымызды осы жұмысқа тарту үшін кейбір салаларда жалақыны қайта қарауға да дайынбыз”, – деп атап өтті министр. Әсет Исекешевтің атап өткеніндей, бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтің сапасына оң әсер етпек. “Бізге ағылшын тілін меңгерген, шет мемлекеттерде қызмет атқарған, ашық әрі тиімді жұмысқа дайын азаматтар өте қажет. Біздің министрлік кадрлардың келуіне әрдайым мүдделі. Бізде шамамен “Болашақтың” 50 түлегі бар, тағы 34-ін оқуға жібердік”, – деп түйді ойын Әсет Исекешев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның азаматтық авиация комитетi еуропалық модель негiзiнде жұмыс жасайтын болады. Елбасының Ұлт жоспарының 68-қадамында көрсетiлгенiндей, Қазақстанның азаматтық авиация комитетiнiң қызметiн Британия азаматтық авиация агенттiгiнiң және ЕО авиация қауiпсiздiгi агенттiгiнiң модельдерiне көшiру арқылы әуе тасымалы саласында мемлекеттiк реттеудiң тиімділігін арттыру көзделген. “Қазiргi уақытта әлемнiң жетекшi авиациялық әкiмшілiктерiмен келiссөздер жүруде. Келесi жылы шетелдiк мамандар iске кiрiседi деп ойлап отырмыз”, – дедi Әсет Исекешев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp