«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының белсенділері қалалық азаматтық кеңестер құру туралы бастама көтеріп отыр, ондағы мақсат – қоғамды жергілікті мәселелерді шешуге тарту және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылауды күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға көмектесу. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің мүшесі Ғани Нығметов хабарлады. Осындай кеңес Астанада құрылды. Оның алғашқы отырысы 22 маусымда өтіп, онда Астананың дамуының кейбір мәселелері талқыланды. Қозғалыстың 2015 жылға арналған жоспарында басқа облыс орталықтарында өңірлік кеңестерді құру көзделген.
Сонымен қатар, тамыз айында «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының «I-Azamat» атты жаңа жобасы басталады. Бұл туралы «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин мәлім етті. «Жобаның идеясы – азаматтарды мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалауға жұмылдыру. Қозғалыс белсенділері жоба аясында халықтың құқықтық мәдениетін арттырып, қазақстандықтарды мемлекеттік органдар жұмысының сапасын мониторингілеуге тартуды жоспарлап отыр. Бұл үшін біз қызметтерді сапасыз көрсету оқиғалары туралы хабарлауды сұраймыз. Осы арқылы азаматтар мен мемлекеттік қызметтерді көрсететін ұйымдар арасында тәуелсіз кері байланыс орнататын боламыз», – деп атап өтті спикер.
Данат Жұминнің айтуынша, 1 тамыздан бастап ниет білдірген әр адам iazamat2050@gmail.com электронды поштасына мемлекеттік қызметтерді алған кезде тап болған қиындықтары жайлы айтып бере алады.