Ескіше жыл қайыруға байланысты Қой жылы биылғы 22 наурызда басталып, келесі 21 наурызда аяқталады. Одан кейін 2027-2028, 2039-2040 жылдары қайталанады. Сонымен біз Жылқы жылынан кейін, Мешін жылынан бұрын келетін мүшел есебінің сегізінші жылына аяқ бастық. Қазақстан өз егемендігін осы 1991 – Қой жылы алған.
Халықтық жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы “Күлтегін” ескерткіштері мен XI ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқари еңбектерінде кездесетіндігін айта отырып, қазақтың атакәсібі мал шаруашылығына байланысты Шопан ата есімін қой түлігі мен шопанның пірі тұтқандығын, сондықтан 12 жылдың біреуін қой атымен атағандығын байқаймыз. Малсақ ата-бабаларымыздың қойға байланысты аңыз-әңгімелері де, жырлары да, мақал-мәтелдері де жетерлік. Асанқайғы бабамыздың “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” жерұйықты іздеуі, халқымыздың “Семіздікті қой ғана көтереді”, “Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір” деуі тегіннен-тегін емес.
Тарихи деректер қой өсіру неолит дәуірінен басталатындығын алға тартады. Қола дәуірінде Орта Азия тайпалары қылшық жүнді қой өсірген. Биязы және биязылау жүнді қой тұқымдары осы кезеңде Кіші Азияда шығып, дүниежүзіне тараған.
Қой өсіру қазақ халқының атакәсібінің бірі болып табылады. Төрт түлік малдың ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген қазақ халқы қой жаюдың, оны көбейту мен тұқымын асылдандырудың өзіндік әдіс-тәсілдерін қалыптастырған. Мал шаруашылығына қолайлы табиғи ортаның мол болуы, соған орай қыстау, көктеу, жайлау, күзеумен байланысты көшпелі өмір салтының орнығуы – қазақ халқының дәстүрлі қой шаруашылығын берік қалыптастырғандығының айғағы.
Біздің облысымызда қой шаруашылығын дамыту үшін қажетті мүмкіндіктің барлығы бар. Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Александр Матвеевтің айтуынша, 2015 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша облыста 327,9 мың бас қой өсіріледі, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15,8%-ға көп. Олардың 10,5%-ы – фермерлік шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарында, қалғаны – жеке қосалқы шаруашылықтарда. Қойлардың негізін жергілікті биязы-ірі жүнді будандар мен Қазақстанның басқа өңірлерінен әкелінген қазақтың құйрықты қойлары құрайды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының отарлы қой шаруашылықтары жұмысының тәжірибесін зерттеді. Соған орай 1500 бас асылтұқымды Еділбай қойларының тоқтылары әкелініп, Ақжар ауданындағы “Данил” ФШ және Есіл ауданындағы “Достық” ШҚ базасында қойлардың осы тұқымдарын өсіруге арналған асылтұқымды шаруашылықтар құрылды. Сонымен бірге “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы “Агробизнес – 2020” бағдарламасын (“Алтын асық”) жүзеге асыру аясында ұсақ мүйізді малдарды сатып алуға жеңілдетілген кредиттер берілуде.
“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алмат Қожахметовтың айтуынша, 2014 жылы осы бағдарлама бойынша облыстың 31 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне 133 млн. теңгенің (500 мыңнан 17 млн. теңгеге дейін) кредиті берілді, оған 5,35 мың бас қой, 134 бас асылтұқымды қошқар сатып алынды. Мысалы, Есіл ауданындағы “Ақтас-Агро” ЖШС – 700, Ақжар ауданындағы “Сүт” ЖШС – 600, Тайынша ауданындағы “Қаратомар” ЖШС 600 бас асылтұқымды Еділбай қойларын өсіріп, репродуктор шаруашылық құруға бағыт ұстанды. Биыл 6 мыңнан астам қой сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін Мамлют ауданындағы “Бейсенбаев А.А.”, “Алтын” ШҚ-ларына, Қызылжар ауданындағы “Асташов Е.” ФШ-ға және Аққайың ауданындағы “Радуга” ФШ-ға барлығы 534 бас асылтұқымды қой әкелінді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қой шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетудің басқа шараларын да қарастыруда. Бір жарым жасқа дейінгі асылтұқымды қошқар мен тұсақ алатын шаруашылықтарға 1 бас қой үшін 8000 теңге көлемінде, ал саулық қойларды сұрыптау және асылдандыру үшін 1 бас қой үшін 1500 теңге көлемінде демеуқаржы және 600 бастан астам саулық қойы болған жағдайда құрал-жабдықтар мен техникаларының бағасын 50%-ға дейін арзандатуға инвестициялық демеуқаржы беріледі. Аталмыш бағдарлама бойынша қойдың құнарлылығы мен өнім сапасын арттыруға да мемлекеттік қолдау қарастырылған.
Сонымен Қой жылы Шопан ата түлігін өсірем деушілерге кең жол ашылып отыр.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.