Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жиырмасыншы мәрте жалауы желбірген айтулы жарыста Қазақстан құрамасы алты жүлдеге ие болды.
Екатеринбургтен боксшыларымыз елге олжалы оралды. Жарыс қорытындысына сәйкес Бекзат Нұрдәулетов дара шықты. Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальды еншілесе, Сәкен Бибосынов (52 кг.), Абылайхан Жүсіпов (69 кг.), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг.) және Василий Левит (91 кг.) қола жүлдегер атанды.
Жанкүйерлер тағатсыздана күткен финалдық жекпе-жекте Бекзат Нұрдәулетов 20 жастағы өзбек Дилшодбек Рузметовпен жұдырықтасты. Күрзі жұдырықты қазақ жігіті бұл бәсекені өз пайдасына шешті. Барлық төреші қазақстандықтың мықтылығын мойындады. Бекзат Нұрдәулетов – әлем чемпионы!
Әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде Өзбекстан құрамасы (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) жеңімпаз атанды. Екінші орында Ресей (3 алтын, 1 қола) құрамасы. Ал отандастарымыз (1 алтын, 1 күміс, 4 қола) үшінші орынға табан тіреді.